Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҰРПАҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҰЛТТЫҢ САУЛЫҒЫ


21 сентября 2012, 15:15 | 3 936 просмотров



Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты - дұрыс тамақтану. Сондықтан тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Тамақтың құрамының құндылығы басты назарда болғаны дұрыс.Тиімді, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, организмнің қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және организмнің қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді.

Әсіресе, «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы»- демекші, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін – оны назардан тыс қалдыруға болмайды.

Оқушылардың тамақтануын тиімділендіру барлық қажетті тағамдық заттардың түсуін, қалыпты өсіп-дамуға, мектеп жасындағы науқастықтың алдын алып, оқудың жоғары тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Мектеп жасында дұрыс тамақтанбау олардың денсаулығына ерекше кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда адамдардың, оның ішінде балалардың да аурушаңдығы мен өлім-жітімінің негізгі себебі дұрыс тамақтанбау мен кем қимылдау болып отыр. Ерте жаста және мектеп жасында дұрыс тамақтанбау адам ғұмырының барлық кезеңінде кері әсері байқалып отырады.

Мектеп жасында бойдың өсіп, дене салмағының ауырлауы, қаңқа сүйек пен оның ет-бұлшық еттерінің дамуы қарқынды түрде жүреді, жасөспірімдердің жыныстық жетілуіне байланысты жүйке-гормоналдық жүйеде терең қайта құру процесстері басталады, жүйке-психикалық жүйеде маңызды өзгерістер болады. Сондықтан да жасөспірімдердің тамақтануына көңіл бөлген жөн.

Тағамдық өнімдердегі тағамдық заттар шартты түрде екі топқа бөлінеді: макронутриенттерге

(белоктар, майлар, көмірсулар, тағамдық талшықтар) және микронутриенттерге (витаминдер, микроэлементтер).

Макронутриенттер адам организміне салыстырмалы түрде айтқанда көп мөлшерде керек – олардың тәуліктік қажеттілігі граммен өлшенеді. Оларға белоктар, майлар, көмірсулар жатады. Олар органдар мен тіндердің негізін құрайтын организм жасушаларының құрылыс материалдары және де олар қалыпты физиологиялық функцияларды қамтамасыз ету үшін қажет. Макротағамдық заттар физикалық және ақыл-ой қызметіне қажетті калория көзі болып табылады және де энергия сіңірумен жүретін көптеген биохимиялық және физиологиялық процесстерді қамтамасыз ету үшін керек.

Бұл микронутриенттердің (А витаминінің, мырыштың, йодтың тапшылығы) жетіспеушілігі балалардың өсуін тежеуге, сүйек пен тістердің түзілуінің бұзылуына, остеопороздың (кальций мен Д витаминінің жетіспеушілігі) дамуына, оқуға қабілеттілік мүмкіншілігінің (йод, темір, B1, B2, В6 витаминдерінің жетіспеушілігі) төмендеуіне және тағы басқаларға әкеліп соқтырады. Сонымен қатар, йод тапшылығы оқушыларда созылмалы аурулар даму қаупін арттырып, жадында сақтау мен көргенді есте сақтауды нашарлатады, оқуға қабілеттілікті төмендетіп, тұлғалық қалыптасуға кесірін тигізеді. Темір жетіспеушілігі де ақыл-ой мен физикалық еңбекке қабілеттілікті төмендетіп, балалардың оқу мүмкіншіліктерін нашарлатады.

Тамақ арқылы витаминдер-антиоксиданттардың (Е, С, А, β- каротиннің), мырыш пен селеннің жеткіліксіз түсуі иммунитеттің төмендеуінің, соның арқасында оқушылардың түрлі инфекцияларға сезімталдылығы артуы және де қант диабеті, тері мен буын ауруларының қайта қозып немесе дамуының негізгі себептеріне жатады. Балалық шақта мырыштың жетіспеуі бойдың өспей қалуына себепші. Оқушылардың тағамындағы бұзылушылықтар физикалық және ақыл-ой дамуының тежелуіне, сабаққа үлгерушіліктерінің нашарлауына және де аурушаңдың белең алып, денсаулықтың төмендеуіне соқтырады.

Оқушылар арасында асқазан- ішек ауруларының үрдіс таралуы назар аударарлық мәселе болып отыр. Бұл аурулардың дамуында тамақтану тәртібінің бұзылуы, мектепте ыстық тамақтың жоқтығы, төмен сапалы тағамдарды пайдалану болып табылады.

Тамақтану тәртібі бойынша кемінде 4 реттік тамақтану болуы керек – таңертеңгілік ас, түскі ас, сәскелік ас, кешкі ас және де міндетті түрде оның үшеуі ыстық тамақ түрінде тұтыну керек.

Оқушылардың тамақтану тәртібі оқу ауыртпалықтарынан, спортпен шұғылданудан, еңбекке араласуынан және басқа да факторларға байланысты. Ол оқушының қосымша сабақтарға қатысу уақытына, спорт секцияларына баруына және өз қызығушылығынан баратын үйірмелеріне байланысты өзгеріп отырады. Бұл жағдайда оқушылардың тамақтану тәртібінің қатаң сақталынып, тамақты бір уақытта ішу әдетін қалыптастырған өте дұрыс.

Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тағам рационына барлық негізі тағамдық азық-түлік топтары енуі керек – көкөністер, жемістер мен жидектер, дәндік (қарақұмық, арпа, жүгері, майдаланған бидай, тары, бүтін дәннен жасалынған құрғақ таңертеңгілік астар мен крекерлер, сұлы ұны мен қоңыр күріш, кебек араласқан ұннан жасалынған тағамдар және т.б.) (нан және нанкүлшелік тағамдар), ет және ет өнімдері, балық және балық өнімдері, сүт және сүт өнімдері, тағамдық майлар (өсімдік тектес және жануар тектес майлар) және ас бұршақ (бұршақтар, ас бұршақтар, ноқат, соя, маш, жасамық) түрлері. Тек осылай болған күнде ғана балаларды барлық тағамдық заттармен қамтамасыз ете аламыз.

Автор:
Лаура Байқонысова, ОҚО бойынша Ұлттық салауатты тағамтану орталығы департаментінің кіші ғылыми қызметкері.