Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«АЛЫСТЫ БАҒДАРЛАМАҒАН ЖАҚЫНДЫ ДА СЕЗБЕЙДІ...»


27 ноября 2009, 21:21 | 2 733 просмотра



Адамның патшасы өз денесінде дедік, ал енді тәнді азаптайтын толып жатқан ауру-сырқауды емдеп-сауықтыратын амал да адамның өз бойында емес деп неліктен есептемеске. Күн сайын миллиардтаған клеткаларын жаңартуға құдыреті жетер ағзаның өзін қорғайтындай күші де ғаламат болса керек. Пенде бойында дәрі-дәрмекке бергісіз қазына мол, кез келген аурудың бетін қайтаратын, тіпті қатерлі ісікті тоқтатарлықтай мүмкіндігі бар. Тіршіліктің таңғажайып сырларына үңіліп, небір күрделі құпияларды ашқан адамның өз тәнін толықтай меңгеруінің кілті оның санасында жасырынған. Сол кілт арқылы ағзаны тұтастай бақылауға, титтей өзгеріске шейін байқап, аурудың, қайғы-қасіреттің алдын алуға болады.

Көне де мәңгі жас мамандықтардың бірі болып – емшілік ілімі қала бермек. Емдеу тәсілдері мен әдістемелері, техникасы мен технология өзгере берер. Күрделене түсер. Заман ағымына қарай дәрігер де уақыт талабына қарай білімдене, біліктене береді. Бұл табиғи заңдылық.

Газетіміздің «Адам және оның еңбегі» айдарының бүгінгі кейіп кері Аман Қазыбаев. Жамбыл облысы Мерке ауылының төл тумасы. Ұлы Жеңістің құрдасы. Еңбек жолын мектеп бітірісімен мұғалімдіктен бастаған ол, бір жыл өткен соң Алматы Мемлекеттік медицина институтының студенті атанады. Шипагерлік ілімді Іле ауданының Боралдай учаскелік емханасында дәрігер-хирург болып бастайды.

Ғылыми еңбегі, дәрежесі болмағынымен өз ісінің білгірі, шебері, майталманы. «КСРО және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», медицина саласындағы ерен еңбегі үшін 1986 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бүгінде Аман Қазыбаев жоғары санаттағы травматолог-ортопед дәрігер.

1974 жылдан бері Алматы облыстық клиникалық ауруханасында еңбек етіп келеді. Қазірде аталған емдеу мекемесі жарақат бөлімінің меңгерушісі. Халық шаруашылығындағы оңтайландыру кезеңінде көптеген медицина қызметкерлері басқа мамандық, басқа қызмет игеріп кеткендігі де жасырын емес. Бірақ, білікті маман, білгір ұйымдастырушы Аман Қазыбайұлы бөлімде жұмыс жасап келе жатқан кадрларды сақтап, материалдық-техникалық базаны талан-тараждан аман алып қалды. Бұл тағы да Әлекеңнің іскерлігі, өз жұмысына, қоғам мүлкіне деген әкелік қамқорлығын аңғартса керек.

1986 жылдың үскірік аязы және ақ түнек боранымен ерекшеленген желтоқсан айы. Аман Қазыбаев сол күндерді былай еске алады:

- Жұмысқа келе жатқан болатынмын. Жолдың жиегінде жатқан бір затқа еріксіз көзім түсті. Не болды екен деп жақынырақ бардым. Қолыма алып қарасам Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың портреті. Кім, қандай адам бұл суретті дәті шыдап лақтырып тастады екен!? Жоқ, Димаш ағамыз портретінің орны бұл емес деген ойға беріліп, оны жұмыс кабинетіме алып келдім.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп білгенімдей, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс, небәрі 15 минутқа созылған желтоқсан Пленумында кең байтақ Қазақстанды ондаған жыл басқарып, елінің елеулісі, халқының қалаулысы атанған Димаш ағамыздың орнына бейтаныс Г.В.Колбин тағайындалған-ды. Д.А.Қонаевтың суретін тазартып, сүртіп демекші кабинетімнің төріне іліп қойдым. Несін жасырайын, қылышынан қаны тамып тұрған сол кездегі кейбір «белсенді сымақтар» бұл суретті алып таста. Бізге де саған да зияны тиер дегені де рас. Мен олай жасай алмадым. Дәтім, арым, ұятым жібермеді. Бүгін мен сол әрекетімнің дұрыс екенін мақтан тұтамын. Ал егер сол суреттің кесірінен мен жұмыстан кетер болсам, Димаш ағаның суретін өзіммен бірге ала кетіп, үйімнің төрінен құтты орын берер едім,- дейді Аман Қазыбайұлы әңгімесін сабақтап.

Иә, Аман Қазыбаевтың кабинетінде Димаш атамыздың сол суреті әлі ілулі тұр. Әлекең әзілдеп «Әрбір жұмыс күнім соның ақылымен басталып, сол ағаның берген бағасымен аяқталатындай» деп езу тартып күліп қояды. Бүгінгі жұмыс күні де солай жалғасып жатқан тәрізді...

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ

Дәрігер – жеті жыл оқып бола салатын кәсіп емес. Бұл адамның қабілетіне, қадір-қасиетіне ғана тән мамандық. Рас, қызығушылықтың да алар орнын да ескерген жөн.

Әлекең дәрігерлікке кездейсоқ келген жан емес. – «Интернатта оқып жүргенімде бізбен кездесуге Алматы Мемлекеттік медицина институтының бір топ оқытушылары мен студенттері келді. Шипагерлік ілімнің қиындығы мен жауапкершілігі, құрметтілігі мен аса қажеттілігі жайында лекциялар оқыды. Дәрігер болу, адам жанының арашашысы атану бақыт деп түсіндірді. Мен сол айтқандарды жадыма түйдім. Күндіз де түнде де мен бір сезімге бөлендім. Ақ халат киіп, ем – дом жасап жүргендей боламын да тұрамын. Шештім. Түйгенім, қайтсем де дәрігер болу. Болдым дей алмаймын. Денсаулық саласында жарты ғасырдай жұмыс жасап келе жатсам да, ақ желеңді абзал жанның әрбір күні жаңалыққа, толы. Соны зерттеуі, оның нәтижесі қандай болуы керек, қорытындысы қалай болады екен деген ой мазалайды. Уақыт солай мегзейді. Оқу керек, тәжірибе алмасу қажет, салаға енгізіліп жатқан озық технологияларды игеру тағы бар. Міне, өзін сыйлайтын ДӘРІГЕР үнемі ізденіс үстінде қала береді...

Пайғамбар жасынан асқан Аман Қазыбаев байсалды, қазаққа ғана тән ізгілікті, үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлайтын жан. Әспенсулік, білімжеттілік дегендер оған жат дүние.

БАҒАКӨП ЖАСА, МЫҢ АЛҒЫС - АМАН ІНІМ!

Жазылмай Шолаққорғаннан келген едім,

Тіземді «картизонмен» кернеп ірің.

Қолға алды келген бетте емін жасап,

Бөлімнің дәрігері Аман інім.

Дұрыс ем арқасында аз күнде-ақ,

Айығып ауруымнан жеңілдедім.

Сыйлаймын, құрметтеймін дәрігерді,

Ақыл-ой, бойларында бар ғой білім.

Күресіп саулық үшін жан тәнімен,

Сыйлаған адамзатқа өмір гүлін.

Су сепкен қарлығаштай ұшып-қонып,

Өткізген ұйқысыз күйде күні-түнін.

Көп жаса, рахмет, Аман інім!

Жақсылық бола берсін көрген күнің.

Бақ, дәулет, ырыс дарып, абырой-атақ,

Ден сау боп, аман болсын отбасы, үйің!

Бұл өлең жолдарының авторы сонау Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған қыстағының тұрғыны Қапар Әубәкір-

ұлы. Ол 1998 жылы Аман Қазыбаевты арнайы іздеп келіп, одан ем алған екен. Өзін мазалаған науқастан дін аман сауыққан Қапекең абзал жанға алғысын осы өлең жолдарымен жеткізгенді жөн санапты. Дәрігер үшін бұдан асқан баға бар ма, құрмет бар ма!?

Бұл денсаулық саласында жарты ғасыр еңбек еткен Әлекеңе берілген мың алғыстың бірі де бірегейі іспеттес. Иә, бұл бақ қонған дәрігер үшін бақыт!

ЖҰМЫС ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Аман Қазыбаев жарақат бөліміне тектен-тек келген жан емес. Оны білікті хирург, білгір маман ретінде тағдыр өзі жетелеп әкелді десе де болады.

- Мен кейде таң қаламын. Әлде заман дейміз ғой, солай болды ма кім білсін, сол кездегі студент жастар үнемі ізденіс үстінде жүретін. Алматының әсем жерлерін тамашалауға да уақыт таппайтын кездер де болды, несін жасырайын. Қолымыз кілт босаса кітапханаға асығатынбыз. Сессия кездерінде тіпті тойып тамақ ішу дегенді де ұмытатынбыз. Осының пайдасы да болды ма деймін. Жоғары оқу орнын жаман тәмәмдағам жоқ. Дәрігер атандым. Ізденіс тағы алдымнан шықты. Тәжірибенің аздығы ғой. Аға-апа дәрігер мамандардан көп үйрендім. Тіпті кей кездері бекітілген кестеден тыс кезекшілікке де тұруға тура келетін. Мұным ақша табу үшін емес, үйрену үшін аса қажеттіліктен еді.

Таңқаламын! Әрине үнемі емес. Бүгінгі жастарды айтам да.Оқып жүр, жұмыс жасап жатқандары қанша ма? Бірақ, кей кездері соларына көңілім толмайды. Прогресс-прогресс. Қазір кез келген әдістемені, рефератты, ғылыми жұмысты қиналмай-ақ интернеттен алу мүмкіндігіне иеміз. Бізге де жастарға да қажет дүние. Біз мұны оқып, одан қажетімізді ғана аламыз, ісімізде қолданамыз. Әрине, қажеттілігі болса. Жастар «зачет» алуға қажет етеді. Яқи, көп еңбектенбейді, ізденбейді. Мен барша жасты айтып отырғаным жоқ. Бірен-сараңы болмаса.

Жұмысыма келсем. Әлбетте, ауыр да жауапты іс. Техниканың дамыған кезеңі. Жақаттардың көбі жол көлік апаттарынан болып жатады. Көктем-қыс мезгіліндегі көктайғақтың орны бір бөлек. Бұған абайсыздық зардабы жарақатын тағы қосыңыз. Балалар арасында жиі кездесетін жарақаттар саны да түрі де сан алуан. Айта берсе жетіп жатыр. Кейбір жарақаттар жеңіл болса, кейбірі аса ауыр. Бірақ, сырқаттың күрделілігіне қарамай, ем жасау керек. Науқастың қатарға қосылғаны үшін барымызды салып бағамыз.

Бөліміміз жайлы айтпай кетуге болмас. Қарамағымда білікті, жоғары білімді, орта буынды мамандар жұмыс жасайды. Еңбектері ерен. Олай айтуға толық негіз бар. Ең бастысы оларға, олардың ісіне деген менің сенімділігім. Екіншісі, кәсіби шеберлігі, ізденімпаздығы. Онсыз оташы-дәрігер болу мүмкін емес.

Травматология заман талабына сай медициналық аппараттармен жабдықталған. Материалдық-техникалық базамыз мықты. 20 төсектік жатып емделу бөлімі жұмыс жасайды. Бірақ, айтар едім, бұл аздық етеді. Мына бір статистиканы келтірмеске болмас. Дүниежүзінде жүрек, қан тамырлары және ісік ауруларынан кейінгі кезекте жарақат алу дерті үшінші орында екен. Сондықтанда, медицинаның травмотология саласын әлі де жетілдіру, жабдықтай, білімді мамандармен қамтамасыз ете беру қажет!

ҰСТАЗ – ШӘКІРТІМЕН ҚҰРМЕТТІ

-Аман Қазыбайұлы өте тәжірибелі маман, - дейді дәрігер Осман Қадыров.

-Оның шәкірті ретінде айтарым, ол әрқашанда жастарға көмегін аяған емес. Қандай күрделі операция болса да жанымыздан табылады, кеңес береді. Әрине, қателік кетіп жатса, өзіне ғана тән ағалық ақылын айтады. Дауыс көтергенін кездестірген емеспін. Керісінше, байсалды мінезіне салады. Мұнысы бізге жігер берері сөзсіз. Бізге деген сенімділігінен де шығар. Бір айта кетерлігі, уақытпен санаспайды. Кезекшілікте тұрғанымызда тәуліктің қай мезгілі, аптаның қай күні, қайда болса да Аман Қазыбаевқа телефон шалып, кеңес ала аламыз. Оған ол еш ренжімейді. Қайта бұл әрекетімізді құптайды. Жастарды тәрбиелеуде білгенін аямайды. Қанша жайсаң жан дегенмен жұмысқа келгенде өте талапшыл.

-Аман аға туралы айта беру бір ғанибет. Оның адамгершілігі, жанындағы адамдармен тіл табысудағы шеберлігі, жауапты істе ортақ мәмілеге келуде, дұрыс шешім қабылдауда таптырмайтын маман дәрігер.Мен жарақат бөлімінде 4 жыл еңбек етіп келемін. Талапшыл жан ретінде білгенін, іс-тәжірибесінде түйгенін үйретуден жалыққан емес. Ауыр да жауапты оташылдықтың қыр-сыры көп қой. Сол турасында айтқанда таң асыруға әзір. Жалықпайды ғой, жаңылмайды. Қағаз жұмысына келгенде өте ұқыпты да сауатты. Сонысымен де іскерлігін көреміз,-деп ойымен бөліседі Жантас Әкімбаев. Ол да дәрігер.

-Үлкенге іні, кішіге аға. Аман аға осындай азамат. Мен жарақат бөлімінде аға медбикемін, - дейді Бану Бұқашева. - Емдеу бөліміне шипа іздеп келген науқастарға бөліп-жарып қарау деген алалықты білмейді. Дәрігер, орта буын мамандарға үйретері көп. Талапшыл, өз қызметіне адал. Бірінші кезекке тәртіпті қояды. Себебі, тәртіп бар жерде жұмыс та жақсы, рет ретімен жүрмей ме.

Міне, Аман Қазыбайұлы жайлы әріптестерінің пікірі осындай. Біз де Әлекеңе ұжымыңызда сыйлы, беделіңіз биік, мәртебеңіз жоғары болсын деген тілектеміз. Шәкірттеріңіз көбейіп, құрметке бөлене біріңіз деп тағы бір ағымыздан жарылайық!

Аман Қазыбайұлына жарасымды әңгіме соңында отбасы жайлы сұрағанды да жөн деп санадық. Ұл-қызынан 4 немере сүйіп отырған абзал әке, ардақты ата денсаулық саласындағы еңбегінен бақытын тапқан жан. Бір қызығы Әлекең балаларына мамандық таңдауды өздеріне жүктеген. Ешқайсысына да дәрігер боласың демеген. Оның себебі неде? – дегенімізде: «Шатыққа бөлене жүріп өмір сүрудің мәні – сенімділікте, өмір қуанышқа бөлену үшін ғана беріледі. Егер ол қуаныш жасанды болса, ізден, қай жерде қателестің, соны таба біл»,- деген салиқалы, философияға негізделген жауап алдық.

ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ ӘЛЕКЕҢ

Қазір бұқараға керегі – рухани байлық. Мұны еститін құлақ болса екен деймін. Мысалы, республикалық, облыстық деңгейдегі үнжариялар, соның ішінде халықтың жоғын жоқтар, мұңын мұңдайтын газеттер көп болса игі. Әлеуметтік мәселелер басылымдардың басты тақырыбы болуы шарт.

«Жәрдем» газеті сол үндестіктен шыға берсін. Үнжарияның шығармашылық ұжымына көптің ортасынан табыла беріңдер деген ағалық тілегімді қабыл алыңдар, -деп ағынан жарылды Аман Қазыбайұлы. Біз тек қана сенімін ақтап, алғыс білдіреміз. Рахмет!

Әлемнің аясындағы үндестікті мойындағанда, сол үйлесім дегенің айналып келгенде өзара тәуелсіздік тәрізді. Судың, оттың, жердің, ауаның араласуындағы байланыстың өзін бірінің екіншісіне бағыныштылығымен байқаймыз ба? Соның бәріне үстемдік етер кеңістік еркіндігінің де шегі бар. Тіпті мызғымайтындай көрінер қасиетті қара жер қозғалыстары ше? Қай-қайсына да кездейсоқтық деп қарай алмаймыз, әрбір құбылыс, әрбір оқиға, әрбір хал-ахуал астарында заңдылық жасырынған. Іштей түйсініп, оның себептерін анықтауға тырысар пендесіне жаратқан иенің кеңпейілділік танытқанынан мың шүкіршілік...

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ