Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«БОЛАШАҚ ГОСПИТАЛІ» ЖОБАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ БІРҚАТАР БІРЕГЕЙ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖАСАЛДЫ


24 августа 2012, 22:40 | 1 837 просмотров



Жоғары мамандандырылған медициналық қызметтер Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінде қарастырылған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде көрсетіледі.

2011 жылы кардиохирургиялық орталықта Heart Ware құрылғысының соңғы шығарылымы имплантацияланды. Осының арқасында Қазақстан ашық жүрекке бірегей жоғары технологиялық операция жасайтын анағұрлым дамыған 22 елдің қатарына енді.

«2012 жылы жүректің созылмалы жетіспеушілігімен сырқаттанатын пациентке донорлық жүректі трансплантаттау - отандық медицинадағы үлкен жаңалық болды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Кардиолог-дәрігерлердің тобы донор жүрегінің жағдайын бағалап, пациент тіндерімен сәйкестігіне иммунологиялық тексеріс жасау үшін материал алды. Диагностикалық орталықтың зертхана мамандары өз кезектерінде қажетті зертханалық зерттеулер жүргізді.

38 жастағы пациентке миына қан құйылып қайтыс болған 46 жастағы әйел донор болды. Қазір операция жасалған пациент хирургиялық бригаданың тәулік бойы бақылауымен жансақтау бөлімінде жатыр.

Сонымен қатар, кардиохирургиялық орталық базасында жүрекке қан шығармай операция жасау әдісі игерілді. Жаңа тәсіл анағұрлым қауіпсіз, кесуді және жүректі тоқтатуды талап етпейді, әрі оңалу уақыты да едәуір қысқарады.

Мұндай операциялар аорта қақпақшасының стенозы бар 6 пациентке жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, операция жасалған науқастар бірнеше күннен кейін қалыпты өмірге оралған: олардың ентігуі мен кеуде тұсындағы ауыруы басылып, өз бетімен жүре алатын халге жеткен.

Сондай-ақ, 2012 жылғы 3 шілде күні кардиохирургиялық орталықта тұңғыш рет науқасқа жасанды жүрек салу операциясы жасалған.

Жасанды жүрек жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауыр зақымдануынан зардап шегетін 61 жастағы науқасқа салынған. Бұл осындай құрылғымен жасалып отырған әлемдегі үшінші операция. Бірінші операция Германияда, екіншісі - АҚШ-та және үшіншісі Қазақстанда жасалған.

Жасалған операцияның мәні - жүректің оң және сол қалқаншаларын толығымен алып тастап, табиғи жүректің жұмысына сәйкес минутына 10 литрге дейін қан айдау мүмкіндігі бар Heart Ware - жасанды жүрек қалқаншаларының қосымша қан айдайтын екі сорғысының орналастырылуында.

Қазақстандық нейрохирургияның басты жетістіктерінің бірі - Ана мен бала орталығында асқынған миелоблыстық лейкозбен сырқаттанған балаға аллогендік (екінші адамнан) сүйек кемігін транспланттаттау болды.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында өскемендік 15 жасар Николай Пшеняновқа сүйек кемігі көшіріліп салынды. Қазіргі кезде сүйек кемігі толығымен бітісіп кеткен, сауығу зертханалық түрде расталған.

Бұдан басқа нейрохирургия орталығында биыл тұңғыш рет омыртқа жұлынын нейростимуляциялау бойынша операция жасалды.

Жалпы, қазіргі кезде бүкіл еліміз бойынша емдеу мен диагностикалаудың жоғары технологиясы қарқынды дамуда және олар ел өңірлерінің барлық деңгейдегі медицина мекемелерінде кеңінен қолданылуда.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарына қарағанда, І жартыжылдықта өңірлерде жоғары мамандандырылған медициналық көмек алған науқастар саны 3 есе артып, 8910 адамды, немесе жалпы науқастар санының 57,4%, республикалық клиникалар деңгейінде 42,6% құраған. Кардиохирургиялық қызметтің артуы үйінде қайтыс болған науқастар санын 40%, стационарда қайтыс болған науқастар санын 12% азайтқан.

Үстіміздегі жылы холдинг клиникаларында түрлі ауруларды емдеу мен диагностикалаудың 41 инновациялық технологиясын енгізу жоспарлануда. 2008 жылдан бері Ұлттық медициналық холдингтің клиникаларында медициналық қызметтің импорт алмастырғыштығын арттырған барлығы 110 инновациялық технологиялар енгізілген.

Автор:
ҚАЗАҚПАРАТ