Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖҮРЕК АУЫСТЫРҒАН АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?


24 августа 2012, 22:37 | 2 520 просмотров



Бірер күн бұрын Қазақстанда тұңғыш рет жүрек трансплантациясы жасалғаны бәрімізге мәлім. Яғни науқас азаматтың жүрегі ауыстырылды. Өмір мен өлім арасында жүрген 38 жастағы қостанайлық Жәнібек Оспанов есімді азаматқа 46 жастағы әйел адамның жүрегі салынған болатын. Жәнібек Оспановқа донор болған Ақмола облысының тұрғыны ми өлімі дертіне шалдыққан. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай отадан кейін науқастың өмірі әлдеқайда ұзарады. Сондай-ақ медицинаның бұл жаңа мүмкіндігін дамыта түссек, қаншама науқасты ажалдан арашалауға болатынын жеткізген еді.

Иә, ол да бір адам жанын сақтап қалудың медицинадағы жаңа тәсілі. Ендеше қайта дүниеге келіп отырған жанға бұл отаның тиімділігі мол болсын демекпіз. Алайда, ең қызығы бөтен біреудің жүрегімен өмір кешетін жандардың ертеңгі күні қандай болады, небір тың өзгерістерге килікпейді ме, басқа жанның жүрегі өзге біреудің денесімен іштей үйлесім табады ма?

Өзінің дене мүшесінің бір бөлігін біреуге беру - елімізде кенже дамып келе жатқан үрдіс болса, шет мемлекеттерде бұл кең етек алған. Алғаш рет 1964 жылы Миссисипи штатында (АҚШ) кардиохирург Джеймс Харди адамға шимпанзе маймылының жүрегін салған. Алайда науқас одан бір жарым сағаттық өмірге ғана қол жеткізген.

Ал үш жылдан кейін Оң¬түстік Африка Республикасының кардиохирургі Кристиан Барнард көлік апатынан қаза болған 25-жастағы Денизы Дарвальдың жүрегін 55-жастағы Луис Вашканский деген азаматқа салған. Алайда оның да ғұмыры ұзаққа бармады, 18 күннен кейін пневмониядан қайтыс болады. Осындай жүрек ауыстырғандардың қатарында ұзақ өмір сүріп, әлемдік рекорд жасаған Тони Хьюзман, ол донордың жүрегімен 30 жылдан артық өмір сүріп, қатерлі дерттен қайтыс болады. Ал КСРО-да жүрек трансплантациясын тұңғыш рет 1987 жылы ресейлік дәрігер-трансплантолог Валерий Шумаков жасаған екен. Жалпы есеп бойынша былтырғы деректерге сүйенсек, дүние жүзінде 80 мыңға жуық жүрек ауыстыру отасы жасалған.

Жүрек - адамның бойындағы ең бір маңызды, құдіреті күшті бөлшегі болып табылмақ. Сағат батареймен жұмыс істесе, автокөліктің басты құрылғысы «мотор» болса, адамның ол моторы - жүрек, бойымыздағы басты орган, сол жүректің қағысы тоқтап қалса, өміріңмен де қош айтысқаның. «Шынында, адамның денесін-де бір тілім ет бар, ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады. Ал жарамсыз болса, онда бүкіл денені бүлдіреді. Расын¬да да, бұл - жүрек» дегенді пайғамбарымыз тура айтқан. Яғни адамның денесін басқарып, басты рөл атқаратын сол жұдырықтай бір тілім етті бір адамнан екінші біреуге салсақ, қандай нәтиже күтуге болады. Пышақтың астына түсіп, екінші рет өмірге келген жандардың ертеңгі күнінің жалғасы қандай болмақ?

Бұл кезекте жүрек транс¬плантациясын жасауды бізден бұрын қолға алған елдерде болған жағдаяттарға назар аударсақ...

Канаданың Торонто қаласындағы реабилитация орталығы және Харфилд университетінің ғалымдары донорлық жүрекпен ғұмыр кешіп жүрген жандардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында тәжірибе өткізіп көріпті. 1984 жылы 16 жасар донордың жүрегі салынған 44 жастағы "диссертациялық кардиоид-миопатия" диагнозы қойылған емделушіні (реципиент) 11 ай бойы марафонға дайындайды.

Ақыры не керек, емделушінің жүрегіне түсірілуге болатын максималды ауыртпашылық 84 пайызға, максималды пайдаланатын оттегінің көлемі 53 пайызға артады. Осындай дайындықтан соң, емделуші 42 км 95 м қашықтықты 5 сағат 30 минутта еңсереді. Жүгіру кезінде емделушінің жүрегінің соғысы минутына 142 рет соғып тұрған. Дистанция аяқталып, біраз демалған соң, жүрек соғысы қалпына келіп, минутына 88 рет соғып тұрды. Ең бастысы, марафон кезінде пациенттің денсаулығында ешқандай ауытқулар байқалмаған, емделуші тек аяғының талғанын ғана айтқан. Бұл марафоннан кейін бір жыл өткен соң да пациент өзін жақсы сезініп, аптасына 50 км қашықтықты жүгіріп отырған екен.

Сондай-ақ бұл тұрғыда түсірілген кинолар да жоқ емес. Экранға былтырғы жылы шыққан «Марияның жүрегі» атты Украиндық фильмде басты рөлдегі Аннаның жүрегін ауыстырғаннан кейінгі өмірі баяндалады. Түсірілім бойынша, бірін-бірі сүйіп қалған қос ғашық қол ұстасып, үйленуге бел буып, некесін қидыру рә¬сімін өткізіп келе жатып, жолда көлік апатына ұшырайды. Дәрігерлер қанша арпалысқанымен, ажал аузындағы Марияның өмірін сақтап қала алмайды. Дәл сол мезетте екінші бір ауруханадағы жан тәсілім алдында жатқан жас қыз Аннаның өмірін сау жүрек қана өлімнен арашалап алмақ болады. Сол кезде дәрігерлер Марияның тоқтап қалған жүрегін Аннаға салып, оның өмірін аман алып қалады. Оны білмеген қыз өзін өмірге екінші рет келгендей сезіне бастайды. Қолына түскен затын, көзіне түскен нәрсені бұрындары көргендей болады. Ең қызығы, ол донор болған Марияның күйеуін кезіктіріп қалған кезде жүрегі өзінен-өзі алай-түлей болып, дүрс-дүрс қағып, ерекше сезімге бөленеді. Ол жігітке деген қандайда бір жақындықты сезін-ген қыз, өзі де таң-тамаша болады. Ақыры ол жігітті сүйетінін түсінеді. Өзінде біреудің жүрегі орналасқанын білмеген ол, фильм соңында ғана өмірінде орын алып жатқан өзгерістердің себебін түсініп, жүрегі қалаған жігітке, демек Марияның күйеуіне қосылады.

Иә, қарап отырсаң, таңғаларлық жайт. Кино ғой деп сенбейін десең, мұндай жағдайлар шетелде де жүрегін ауыстырған жандардың өмірінде кездескен. Жалпы, кино да өмір желісінен алынады емес пе?!

Осындай жүрек трансплантациясынан кейін америкалық Дэбби азаматшасының да өмірі өзгерістерге толады. Жүрек ауыстыру отасы жасалғаннан кейін-ақ өмірі алкогольді ішімдік қолданбаған реципиент сыра ішкісі келетінін айтады. Сонымен қатар ол далада қуырып сатып тұратын тағамдарды ұнатпайтын, ал кейін сол тағамдарға тәбеті соға бастаған. Оған қоса, музыка тыңдау талғамы да өзгергенін байқайды. Бұрындары классиканы тыңдағанды жаны сүйсе, қазір «рэп» тыңдауға көшіпті. Бұл құбылыстарды Дэбби жүрек ауыстыруымен байланыстырып, донор болған жанның өміріне үңіледі.

АҚШ-тағы дәрігерлер адамның өмірін сақтап қалған өзгенің жүрегін кімнен алып салғанын жасырмайды. Сөйтіп, Дэбби өзіне донор болған, қара нәсілді Хови деген 18 жастағы мотоциклден қайтыс болған азаматтың отбасымен танысып, жігіттің де өмірден озбас бұрын қуырылған тамақтарды, сыраны, «рэп» музыка әуенін ұнатқаны жайында біледі.

Бұл жайында американдық профессор Гэри Шворцтың айтуы бойынша, жүрек - электромагнитті энергияның қуатты генераторы. Жүректің магниттік қуаты, мидың магниттік қуа¬тынан 5000 есе күштірек. Сондықтан, профессордың мәлімдеуінше, осы қуатты кеңшар ағзаның әр түкпірімен ақпарат алмасу қызметін атқара алады. Сондай-ақ Гэри Шворц жүрек пен мидың арасында жүйке байланысынан басқа, нейрохимикалық және электрохимикалық байланыс бар деп есептейді. Соның негізінде адамның ойы, сезімі, үрейі, арман-қиялы мидан жүрек клеткаларына берілуі мүмкін, содан соң клетка жадында сақталып, кейін жүрек ауыстырған адамның миына өтеді деп топшылайды профессор. Алайда есте сақтау клеткасы болатыны әлі де дәлелдерді қажет етеді.

Ал біздің мамандарға құлақ ассақ, Қалалық кардиологиялық орталықтың кардиохирургі, ғылым кандидаты Әділ Айтмұхановтың айтуынша, жүрек трансплантациясынан кейін біз жоғарыда айтып өткендей өзгерістер болуы тиіс емес. Алайда егер адамның органдары үйлесіп, дұрыс қабылдаса. «Адамның бойында әрбір ауыр жарақатты қиын өткеретін иммундық жүйе бар. Сол біреуден салынған жүректі дұрыс қабылдамауы мүмкін. Ондай жағдайда науқастар өмір бойы иммундық жүйені әлсірететін дәрілік препараттар ішуге мәжбүр болады. Алайда өмір сүрудің негізгі функцияларын, түсінгімізді қамтамасыз ететін ми. Ал, жүрек қан айналымды, органдардың жүйесін басқарады. Сол себепті, жүрек ауыстырғаннан кейін адамның өмірі өрескел жағдайлармен өзгермейді, қайта жақсара түседі. Менің ойымша, мұндай жайттар психологиялық тұрғыдан адамның есінің ауытқуы. Себебі адам өзінің бойында бөтен біреудің және қандай донордың жүрегі екенін біліп, кей кездері дегбірі қашуы мүмкін. Сондықтан жүрек трансплантациясынан кейін реципиентке психологтар тарапынан көмек болуы керек» дейді кардиохирург.

Рас, өз жүрегіңді өзге біреудің бір тілім етімен алмастыру адамға оңай тие қоймас. Өмір мен өлімді шешпек жүрек ауыстыру отасынан кейін реципиенттің денсаулығын қадағалап отыру аса қажет. Себебі жүрек пен иммунитеттің астасып кетуі де жеңіл нәрсе емес.

Автор:
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ, aikyn.kz.