Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СҮЙІП ІСТЕГЕН ІС-ШАРШАТПАЙДЫ


24 августа 2012, 22:25 | 2 420 просмотров



«Денсаулық- баға жетпес жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болуы үшін, не уақытты, не күш- жігерді, не еңбекті тіпті барлық дүниені аямай жұмсаукерек. Денсаулық үшін өмірдің бір бөлігін де қиюға болады. Денсаулықсыз өмір - қызықсыз әлем деп есептеймін» . М.Монтель.

Дәрігер – науқас адамның алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрі бір үміт, бір күдікпен келген адамның жанына үміт отын ұялатады. Жанына демеу іздеп келген науқас дәрігердің алдын көргенде барлық қиналысын ұмытып, үлкен үміт артады.

Жақсы дәрігердің адамдық жақсы бейнесі , көпшілікке атқарған игі істері қашанда ел жадында. Гиппократ антына адал болып, адам жанына араша түскен абзал жандар ортамызда жүр.Міне, осындай мамандығын сүйген, кәсіби білімі терең, ұрпақ денсаулығына бар ғұмырын арнаған жанның бірі –Ибайдуллаев Қобыланды.

Ибайдуллаев Қобыланды 1948 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Райымбек колхозында балықшы жанұясында дүниеге келген. 9 жылдық мектепті аяқтағаннан кейін, 1963 жылы Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының «мал дәрігерлік» бөлімінде білім алады. 1965 жылы аталмыш оқу орныны бітіріп, 1969 жылы Семейдегі мемлекеттік дәрігерлік медициналық институттың «балалар дәрігерін» даярайтын курсына түседі. Өмірін бала тағдырымен сабақтастырған Қобыланды ағай 1975 жылы жоғары білім алып шығады. Жалынды жас ең алғашқы еңбек жолын Қазалы ауданындағы теміржол ауруханасында учаскелік балалар дәрігері болып бастайды. Қызмет атқара жүріп ол 1979 жылы Семей мемлекеттік дәрігерлік институтының « балалар дәрігерлік білімін жетілдіретін» клиникалық ординатурасына (2 жылдық кәсіби дайындық) түседі. Бұл мерзімді оқуды 1981 жылы ойдағыдай тамамдап шығады.

Қобыланды ағай 1981 жылдан 1992 жылдарға дейін Текелі қалалық балалар ауруханасында бөлім бастығы болып қызмет істеген. Өзінің жұмысын жете білген ол 1992 жылдан 2004 жылдар аралығында Қабанбай ауданына қарасты «Тоғжайлау» (бұрынғы Дзержинск) ауылдық ауруханасында бас дәрігер болады. Қазіргі таңда , 2004 жылдан бастап, Еркін аулдық амбуллаториясында учаскелік балалар дәрігері болып қызмет атқарып келеді. Бүгінге дейін жүріп өткен осынау ізденіс пен еңбекке толы өмір жолында халқына адал қызмет етуде. Медицина көшінің ілгері жылжуына өз үлесін қосып келе жатқан Ибайдуллаев Қобыланды жылдар бойғы өлшеусіз еңбегінің жемісі болған зейнеткерлікке шықса да балалардан қол үзіп қалғысы жоқ. Кішкене бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, айналасында тек алғысқа бөленіп келеді.

- Қобыланды ағай, осы әлемдегі 30 мыңнан астам мамандықтың арасынан дәрігерлік, соның ішінде балалар дәрігері болуды таңдауыңызға не себеп болды?

- Мен сонау 1963 жылдары техникумда оқып жүрген кезімде демалысқа ауылға келдім. Бір ағайынымыздың 5 жасар қызы кенеттен қатты ауырып аудандық ауруханаға жеткіздік. Бірақ, сәби ауруханада ешқандай көмекке жете алмай көз жұмды.Ол кезде балалар дәрігері өте аз болатын. Сол кішкене қыз баланың өлімі маған қатты ой салды. Содан соң балалар дәрігері болуды дұрыс деп шешіп, осы жолға келдім.

- Балалар дәрігері болу үшін адамда ерекше қабілет болуы керек пе? Кішкене сәбидің диогнозын тап басып қою қиындық тудырмайды ма?

-Ең алдымен балалар дәрігері баланы жақсы көруі керек. «Дәрігерлер сөзімен емдейді» деген сөз бекер айтылмаса керек -ті. Мамандығын сүйген, жақсы көрген адам барлық қиындықтарды жеңеді. Баланың ауруын дәл табуда мен өмірлік тәжірбиеме сүйенемін. Асықпай,алдымен сәбидің ауруының неден туындағанын, бір екі күн бұрын қандай ас жегенін бәрін - тегежейлі анықтап алып, диогнозын қоямын.

Осындай оқиға 1981 жылы Текеліде қызмет етіп жүргенімде болған еді. Ол кезде Текелідегі қалалық балалар ауруханасы 100 орындық болатын, қазір қысқарып 20 орындық болып қалды. Сол кезде ауруханада дүниеге келгеніне 20 күн болған нәресте түсті. Бала сарғайып бара жатты. Тез арада баладан зертханалық талдау алып, «туа біткен өт жолының қысылуы» деген диогноз қойып, нәрестені дереу Талдықорғандағы облыстық ауруханаға әкеліп тапсырдым. Міне, сол кезде диогнозын дәл таба білгенімнен өмір мен өлім арпалысынан сәбиді аман алып қалғаным әлі есімде.

-Өмірлік тәжіриеңізде кездескен бір- қорқыныш, бір- қуаныш болған сәттермен бөліссеңіз...

-Мен Алакөлде 1995 жылдары қызмет етіп жүргенімде осындай жағдаймен бетпе- бет келген едім. Сол уақытта өзі бір қиын, өтпелі кезең болатын. Аудан орталығынан 60 км қашықтықта шалғай ауылда болдық. Жалғыз ғана балалар дәрігерімен. Маған 2 жасар баланы алып келді. Бала мұрнына тұқым салып жіберіп, ол өңешіне тұрып қалыпты. Бала тұншығып барады.Мен жалма- жан баланың көкірек тұсына, жүрегіне тікелей массаж жасап, керекті дәрі –дәрмегін беріп, 45 минуттың ішінде 60 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына аман - есен алып келдім. Осы кезде бір қорқып, баланы аман алып қалғанда бір қуанып едім.

- Бүгінде балаларда туа біткен түрлі аурулар көптеп кездеседі. Осының себеп- салдары неде?

- Генетика мен экология, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бала үшін басты рольде. Бала денсаулығы – анаға да тікелей байланысты. Ана ұрпағым сау болсын десе, денсаулығын уақытында күтіп, көңіл бөлуі керек. Созылмалы ауру болған кезде толықтай айығып, емделуі шарт.Сондай ақ, ауа райы да шарананың іштен кем, ауру болып туылуына әсер етеді. Мәселен, Семей, Өскемен аймағында туылған балаларда «лейкоз» ақ қан түйіршіктері көптеп кездеседі. Егер ана дер кезінде дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын тұтынса дені сау бала дүниеге әкелері сөзссіз.

Бүгінде ғұмырының 37 жылдан астамын бала денсаулығы мен ұрпақ келешегіне арнаған Қобыланды ағай ортасына сыйлы жан. Ұжымында, әріптестерінің арасында үнемі алғыс пен марапатқа бөленуде. «Еңбек бәрін де жеңбек» -демекші, төккен тері мен ізденісі, өлшеусіз еңбегінің арқасында осындай «абзал жан» атанған тұлғаның мәртебесі асқақатап, есімі ардақтала берсін!

Автор:
ДИНАРА АУЖАНОВА өз тілшіміз.