Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІГЕР – ЖАНЫ НҰРДАН ЖАРАЛҒАН


25 августа 2012, 04:25 | 1 700 просмотров



Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – ел азаматтарының денсаулығын жақсартуды жүзеге асыру болып табылады. Осы бағдарлама негізінде Алматы облысы, Көксу ауданының орталық ауруханасында да оңды өзгерістер байқалуда. Осы орайда аудандық денсаулық сақтау мекемесінің бас дәрігері – Ағыбаев Ғани Бартайұлының «Ұйымдастыру – экономика ісі жөніндегі» орынбасары – Мира Тоқтамысқызы Қанаеваны сөзге тартып, аудандық аурухананың бүгінгі тыныс – тіршілігімен қысқаша танысқан едік.

- «Бірінші байлық - денсаулық» демекші, аудан тұрғындарының қандай да бір қызметте, қай салада болмасын, зор табысқа жетуі бірінші кезекте денсаулыққа тікелей байланысты. Аудандық орталық денсаулық сақтау мекемесінің бүгінгі жағдайы қандай деңгейде?

- Елбасының «Халық денсаулығы – ол Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі табыстың ажырамас құрамдас бөлігі» - деген сөзін негізге ала отырып, ауданның денсаулық сақтау саласы өз жұмысын оңды атқарып келеді. Бүгінгі таңда аудан орталығының 125 орынға лайықталған ауруханасында 5 бөлім, атап айтсақ: терапия, хирургия, жұқпалы аурулар бөлімі, балалар бөлімі, перзентхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар, 9 дәрігерлік амбулатория, 20 медициналық пункттер, санитарлық қадағалау басқармасы, дәріханалық киоскілер қызмет көрсетуде. Сондай-ақ медицинаның материалдық базасы да жақсарып келеді. Аурухана ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Диагностика, физиология, қан тексеру лабараториялары адам денсаулығын жан-жақты, толығымен емдейтін жабдықтармен жаңартылды, аурухана кабинеттері 306 жаңа компьютерлермен толықтырылды. Сонымен қатар, аудан бойынша алты орта мектепте тіс дәрігерлерінің кабинеттері оқушыларға тегін қызмет көрсетуде. Тағыда бір айта кететін жай, ауруханада ауыр дәрежедегі науқастарға және сырқаты күрделі науқастарға уақытылы да толыққанды мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында 2006 жылдан бастап, телемедициналық зерттеу бөлімі жұмыс істейді. Аталған зерттеу бөлімінің жұмысының нәтижесінде биылғы жылы облыс орталығының білікті мамандарының кеңесімен 12 науқас емделіп, сауықтырылды.Ауданда 3 бригада жедел-жәрдем халыққа қызмет көрсетеді, әр бір жедел-жәрдемде бір диспечер бар.

- Соңғы жылдары елімізде жас мамандарға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы ауданда кадр мәселесі қандай шешімін тауып отыр?

- Білімді, өз ісінің қыр-сырын білетін дәрігерлер әр уақытта да елдің құрметі мен алғысына бөленуде.

Аудан дәрігерлерін кезең бойынша білімдерін одан әрі тереңдету үшін оқуға жіберіп отырамыз. Дәрігерлердің әрқайсысы бес жыл сайын мамандығын жетілдіріп отырады. Бүгінде ауданымызда жалпы саны 63 дәрігерлердің отызы жоғары және бірінші санатты мамандар. Сонымен қатар, 250 орта буынды медицина мамандары қызмет етеді. Олардың ішінде жоғарғы санатта-6 дәрігер, 80- медбике, бірінші санатты-10 медбике бар.

2012 жылдың 1 жарты жылдығында 15 дәрігер, 65 медбике біліктілігін жетілдіріп, оқып келді.

Дәрігерлердің санаттық көрсеткіші – 45,6, ал орта буын медицина қызметкерлерінің санаттық көрсеткіші – 57,3 болса, халықты дәрігерлермен қамту – 15,1, ал орта буынды медицина қызметкерлерімен қамту көрсеткіші – 61,5 пайызды құрап отыр.

Биылғы жарты жылдықта «дипломмен ауылға» бағдарламасымен екі «терапевт» мамандығы бойынша жас мамандар қызметке алынып, тағы да екі жас маманды күтудеміз. Сондай-ақ былтырғы жылы екі жас маман баспанамен қамтамасыз етілген болатын.

- Елбасы өз жолдауында медицина саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артты. Бүгінгі күнге атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жасалар жоспарлар қандай?

- Елбасы жолдауы негізінде аудан көлемінде қызмет атқаратын денсаулық сақтау саласын жақсарту, оны дамыту мақсатында 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспар жасалынған болатьн. Бағдарлама барысында ана мен бала өлімін азайту мәселесі бірінші кезекке қойылды. Осыған байланысты аудандық перзентханада босанған әр бір анаға «Отбасында сәбиге күтім көрсету» альбомын табыстау дәстүрге айналып келеді.

Елбасының 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әйелдер мен балалардың денсаулығын нығайту мақсатында аудан көлемінде біршама іс - шаралар атқарылды. Атап айтқанда, биылғы жылы 444 жүкті әйел тіркеліп, оның 320-сы, яғни 32% -ы ерте мерзімде есепке алынып, уақытылы емделіп, сауықтырылды. Жалпы аудан бойынша 2011 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында бала өлімінің көрсеткіші 0,3%-ға төмендеген.

2012 жылдың 1 жарты жылдығында аудандық денсаулық сақтау саласына 376311,4 мың теңге қаржы бөлініп, аталған қаржы мақсатты және тиімді пайдаланып, 100% игерілді. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың ақпан айында облыс ауруханасынан 83,5 млн. қаржылық кешенді медициналық комплекс алынып, ауылдық жердегі тұрғындарға ультрадыбыстық, лабараториялық рентген зерттеулері жұмыс атқаруда.

Тағы да бір қуантарлығы, Көксу ауданы, Мәмбет ауылынды медициналық амбулаториялық мекеменің құрылысы жүріп жатыр, жоспар бойынша биылғы жылдың қыркүйек айында қолданысқа берілуі тиіс. Сондай-ақ аудандық аурухана маңынан 2013 жылы орталық емхана ғимараты бой көтермек.

- Еліміздің фармнарығындағы бүгінгі айналым 1 млрд. АҚШ долларын құраса, оның 400 млн-ы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясындағы мемлекеттік сатып алулар үлесіне тиесілі екен. Жалпы аудан тұрғындарын тегін дәрі – дәрмекпен қамту жолы қандай?

- Алғашқы медициналық – санитарлық көмек көрсететін мамандардың жолдамасымен үстіміздегі жылы орталық аудандық ауруханада стационарлық көмек түрімен 2280 науқас ем қабылдады. Бұлардың барлығына аса негізгі қажетті дәрі – дәрмектер тізіміне сәйкес, ауру түрлеріне қарай тиісті дәрі – дәрмектер тегін берілді. Ауруханадағы барлық зерттеулер мен науқасқа қажетті тексерулер ақысыз жасалынуда.

- Күндіз – түні еш тыным таппай халық қамын ойлап жүрген жансыздар. Сөз соңында аудан тұрғындарына айтарыңыз?

- «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»- демекші, халқымыздың дендері сау болса екен деймін. Денсаулық болмаса, ешқандай байлық та,береке де болмайды. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, талмас қанат, мәнді ғұмыр, адами бақ пен береке тілеймін!

- Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жана берсін!

Бұдан әрі қарай аудандық аурухана қызметімен толығырақ танысу үшін біз аурухана бөлімдерін аралап, емделушілермен де тілдескен едік.

Солардың бірі,«Терапия» бөлімінде ем қабылдап жатқан, аудан тұрғындары Ушаков Юри Кузмич пен Иманқұл Қонызбаев:

- Ауруханаға түскенімізге біреуімізге он күн, бірімізге бес күн болды. Осы күндер бойы аурухана қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары өте жақсы. Жатқан жеріміз таза, бөлме іші жарық, тамағымыз бен уколдарымыз да өз уақытында. Тіпті, таңертең ұйқыдан оятқан сәттен бастап, кеш қарайып ұйықтағанымызша біздің жағдайымызды сұрап, күн тәртібімізді де айтып отырады. Сонау 90-шы жылдары аурухананың бұндай жағдайын тек армандаушы едік, бүгін мінекей сол арман-тілектер жүзеге асуда,- деп бірауыздан шүкіршілік етті қарияларымыз.

Сондай-ақ «балалар» бөлімінде емделіп жатқан небәрі 2 айлық сәби Жанел Білісбектің анасы:

- Ауруханада барлық жағдайлар жасалған, уақытында тегін дәрі-дәрмектер беріліп отырады. Іші таза, тыныш, бөлме температурасы да бірқалыпты, барлығы өз тәртібімен, дәрігерлердің де қарым – қатынастары жақсы – дейді.

Иә, біз де бөлімдерді аралау барысында, осы айтылған сөздердің шындығына куәгер болғандаймыз. Себебі, аурухана ғимараты шынымен де жарық, ауасы таза, дәрігерлер үшін де, емделушілер үшін де барлық жағдайлар жасалған. Тіпті бізге кезіккен әр бір аурухана қызметкерлерінің жанарынан нұр, жүздерінен төгілген мейірім кімнің де болса көңіліне қуаныш ұялатары анық. Бұл тұрғыда әрине, бас дәрігер – Ағыбаев Ғани Бартайұлының да үлесі өте зор екендігін айтпай кетпеуге болмас.

Сонымен біз де, күн демей, түн демей, қызметтерінің қиындығына қарамай, халық үшін адал қызмет атқарып, ел алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жандарға аудан тұрғындары атынан алғыс білдіріп, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, еңбектеріне абырой тілеп, жолға шықтық!

Автор:
Сұхбаттасқан Айгерім БАҚТЫБАЕВА.