Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖАҢА ӨМІРДІҢ ДЕМЕУШІСІ


27 ноября 2009, 21:16 | 2 235 просмотров



- Дарияш Мадиярқызы, өз өмір жолыңыз, қызмет бабыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Мен 1956-жылы, 19-сәуірде Қызылорда өңірінде дүниеге келдім. К.Маркс совхозы, К.Маркс мектебін бітірген бойда Самар-

қан қаласында медучилищеде фельдшерлік оқуға түстім.

Оны аяқтаған бойда ауылдық емханада терапия бөлімінде палаталық мейірбике болып қызмет атқардым. Еңбек өтілім – 28 жылдан асып барады. 1986 жылдан бастап, осы ауруханада, дәл осы бөлімде еңбек етіп келемін. Ал, 1990 жылдан бастап аға акушерлік қызметін абыроймен атқарудамын. Жалпы менің кәсібім өзіме ұнайды. 1986 жылдан бері Талғар ауданында тұрамын. Үш ұлым, бір қызым бар.Үш немеренің әжесімін. Балаларымның әйтеуір біреуі менің жолымды қуып, дәрігер болғанын қалап едім. Бірақ олар әрқайсысы басқа салаға иық артып, өмір жолдарын өзге маман иесі болып өткізуде. Алайда, немелерімнен түбінде бір дәрігер шығады деген үмітім бар.

- Өзіңіз қызмет ететін бөлімге тоқталып өтсеңіз...

Бұл бөлімнің меңгерушісі өте білікті басшы деп айтуға болады. Басшымыз-Нұрахметова Зағипа Жылқыбекқызы. Бөлімде барлық жағдай жасалған. Бізде:

- әйелді босандыратын бөлім;

- босанбастан бұрын жататын бөлім;

- босанғаннан кейін жататын бөлім;

- жаңадан өмір есігін ашқан сәбилерді жатқызатын бөлім және реанимация бөлімі бар. Бәріне өте сапалы қызмет көрсетуде. Барлығы 45-төсек орыны бар, оның 15-і аяғы ауыр әйелдерге, 15-і балаларға, ал қалған 15-і босанған әйелдерге арналған.

- Аға акушерка ретіндегі негізгі міндетіңіз қандай?

Мен өз міндетіме жауапты қараймын. Күніне таңертең келемін, жоспарлы жиналыс болады. Бұл жиналыста бүкіл дәрігерлер жиналып, сол күнгі күн тәртібін талқыға салып, әр түрлі мәселелерді, жіберген қателіктерді айтып кеңес беріп отырады. Сондай-ақ, бөлім меңгерушісімен бірге бөлімді аралап, әйелдердің жағдайымен танысамыз және оларға салынатын уколдарды күніне дәріханадан әкелу де аға акушерканың міндетіне кіреді. Бұл әйелдер босанатын бөлім болған соң мұнда тазалықты сақтау керек, сондықтан аталмыш бөлімнің тазалығы да менің мойнымда.

- Перзентхана бөлімінде қызмет етудің қиыншылығы неде?

Жаңа өмір есігін ашқан кішкене сәбиді алғаш күтіп алатын – біз, акушерлер болып табыламыз ғой. Оны алғаш қолыңа ұстап, көрген сәттегі сезімді сөзбен жеткізе алмаспыз, сірә...Өмірге жаңа сәбидің келуіне көмектесу, сол баланың алғашқы іңгәлаған даусын есту – ол өте зор қуаныш. Тіпті, жүкті әйелдер толғатып жатқанда өзіңде олармен бірге толғатып, қиналасың. Жалпы, перзентхана болған соң, бәрі де болады. Бірақ, бізде құдайға шүкір, қуанышты күндер өте көп. Кейде бізге аудандардан, шалғай ауылдардан тексеруден толық өтпеген әйелдер келеді. Тіпті, тексеру қағазы жоқтар да болады. Міне, сондай кезде қиналып қаласың. Қайғылы жағдай орын алатын да сәттер кездеседі. Кейбір сәбилер өмір есігін ашпай жатып өлі туылады, енді кейбірі шетінеп кетіп жатады, ал енді кейбірі жеті айлық мерзіммен шала туып жатады. Міне дәл осы кезде, түн ұйқысын төрт бөліп, тоғыз ай көтеріп, сонша күткендегі сәбиі өлі туған анаға қарап қатты қиналасың. Акушер психолог ретінде оған демеу беріп, барынша көмектесуі керек.

Перзентханада жұмыс істеу өте қызықты да әрі қиынның қиыны. Ең алдымен, зор алғысымды ауруханамыздың бас дәрігері – Ұлтай Дауылбекқызына және біздің бөлімнің меңгерушісіне білдіргім келеді. Өйткені олардың сырқаттарды қабылдауы, операция жасауының өзі керемет. Соларды бақылап тұрған біздер – акушерлар жұмысқа құлшынысымыз оянып, одан әрмен жұмыс істей бергіміз келеді. Тіпті, қабылдау кезінде де олар әзілдесіп, аяғы ауыр әйелдерге жылы шырай танытады. Перзентхана жайлы әңгіме қозғаған соң Ұлтай Дауылбекқызын айтпай кетуге болмайды. Перзентхананың қалыптасуына ол кісінің сіңірген еңбегі өте зор. Ұлтай Дауылбекқызын тек біздің облыс емес, бүкіл республика біледі. Жан-жақтан сол кісінің емін қабылдап, операция жасату үшін адамдар келеді. Ауруханамызда осындай үлкен іс атқарып жүрген ақ халатты абзал жандарды көргенде өзіңнің де ішінде бір құлшыныс оянып, осы ауруханаға, жалпы біздің көмегімізге зәру адамдарға жәрдемдескіміз келеді.

- Бала күнгі арманыңыз акушер болу ма еді?

Жалпы, мен бала кезімнен бастап дәрігер боламын деп армандадым. Бірақ дәл осы акушерлік қызмет жайлы мүлде ойланбаппын, бірақ қазіргі кәсібім өзіме ұнайды. Тіпті күніге жұмысқа келгенше асығып тұрамын. Ұжыммен де әрдайым бірлікте болып, бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Біздің жұмыс орнымыз – біздің екінші үйіміз ғой. Аптасына орта есеппен 70-80 әйелдер келіп қаралып, босанып жатады. Ауылдық, аудандық акушерлердің шамасы келмеген жағдайда оларды бізге алып келіп, қаратып жатады. Келе алмаған жағдайда оларға консультация жүргізіп келеді. Міне, осындай шалғайдан арнайы ат терлетіп, кәсіби көмек іздеп келетін ауруларға жан-жақты жәрдемдесу – біздің адами борышымыз әрі дәрігерлік міндетіміз.

- Атақ-даңққа қалай қарайсыз?

Маған ешқандай атақ-данқ, мадақ та керек емес. Ең бірінші-адал қызмет етуді алға қоямын. Адал еңбегіңмен, маңдай теріңмен-ақ өз ортаңа сыйлы болып жүрсең болғаны. Ақшаға, мансапқа, атаққа да үйір болмауды да балаларыма, немерелеріме үйретіп отырамын.

- «Жәрдем» газетінің оқырмандарына айтар тілектеріңіз.

Ұжымға еңбекте табысты болуларыңызға тілекшімін. Оқырмандарыңыз көбейе берсін, дендері сау болсын!

Автор:
Сұхбаттасқан Әлия Тілеужанқызы, Алматы қаласы