Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАСИЕТТІ ҚАДІР ТҮНІ ҚҰРМЕТТЕЛДІ


17 августа 2012, 18:17 | 1 412 просмотров



Құдай қаласа, Қасиетті Рамазан айы да аяқталып, мұсылмандардың төл мерекесі - Рамазан айтын қарсы алғалы отырмыз. Ораза ұстаған барша мұсылман бауырларымыз ұлық ғибадат арқылы пендешілігін сезініп, мұсылманға тән сабыр мен төзімділіктің үлгісін көрсете білді. Ауыз бекіткен барша мұсылман бір отбасының мүшелеріндей бір мезгілде ауыз бекітіп, бір мезгілде ауыз ашады. Тарауих намазына тұрып, Құран кәрімді хатым етті. Пітір садақасымен тіршілік мұқтаждығын көріп жүрген пенделерді қуантып, мұсылманның мұсылманға бауыр екенін сезіндірді.

«Менен сұра, Мен беремін» - деген Алла Тағаланың қасиетті аятын басшылыққа алған мұсылмандар қасиетті Қадір түні қала тұрғындары да мешіттерде, үйде құлшылық үшін бас қосқан жамағат болып таң атқанша ғибадат жасауға ниет етті.Бір - біріне деген реніші бар ағайындар өкпелерін кешіріп,үлкені ағалығын, кішісі кішіпейілділігін танытып, бір - біріне деген ақ тілектерін ақтарып та жатты.

Лайым, арман - тілектеріңіз Алланың құлағына шалынып, пенде бақытына бөленуді нәсіп етсін.

Айт - шуақты күн, нұрлы мереке

Бұл күн әр мұсылман ағайын - туғандарын, көршілерін,мұсылман жұртының ұлық мерекесі - айтымен құттықтап,айт дастарханынан дәм татысады. Құран оқып, бақилық болған мұсылмандарға сауабын бағыштайды. Қол үзіскен ағайындар бір - біріне хабарласып, арада жүрген өкпе - назды кешіріп, кеңпейілділік танытып, қауышады. Сырқат кісілерді мерекемен құттықтап, бойына қуат, жанына нәр құяды.

Алла бұйырса санаулы күндерден соң,яғни тамыз айының 19-21 күндері арасында Қасиетті Рамазан айты басталмақ.

Барша мұсылмандар үшін келе жатқан ұлық мереке - айт күні құтты болсын!

Раббымыз Рамазан айтын әр пенденің бағы мен береке - бірлігінің себепшісі етсін!

Ораза айты мүбарак болсын, құрметті жамағат!

Автор:
Айгерім БАҚТЫБАЕВА.