Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЧЕМПИОНДАР ТАЛДЫҚОРҒАНДА


17 августа 2012, 18:14 | 1 195 просмотров



15 тамыз Талдықорған қаласы орталық стадионында ХХХ жазғы олимпиада ойындарының чемпиондары ауыр атлет қыздарымыз Зульфия Чиншанло, Майа Манеза және Светлана Подабедованы ұлықтау салтанаты өтті. Алматы облысы әкімі Аңсар Мұсаханов чемпиондарымыздың әрқайсына "Toyota Land Cruiser 200" автокөлігінің кілтін және 10 миллион теңге сомалы сертификат сыйға тартты. Аймақ басшысы чемпиондарымызды құттықтау сөзінде зілтемірші қыздарымыздың жеткен жетістіктері олардың үлкен еңбегінің арқасы деп атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас тренері Алексей Ни және аға тренер Виктор Ни Алматы облысының құрметті азаматы атанып, облыс әкімі оларға 5 миллион тенге сомалы сертификаттар сыйға тартты. Олимпиада чемпиондарын ұлықтау рәсімі қазақ эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасып, мерекелік отшашумен аяқталды.

Талдықорғанның орталық стадионы. Адам лық толы. Барлығы ел мерейін асқақтатқан қыздарды көруге асық. Қала тұрғындары да чемпиондарымызға жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Әбдікеримов Шәкірт ақсақал да нәзік жанды чемпиондарымызды ұлықтауға келді.

- «Алматы облысынан аттанған спортсмендеріміздің сондай үлкен табыспен оралғанына сондай қуаныштымыз. Осында жиналған халықтың барлығы қыздарымызды мақтан етіп отыр. Бұл қыздар нағыз батырлар, елімізді әлемге танытып, ел мерейін асқақтатты. Әлия, Мәншүк батыр қыздардың жолын жалғастыратын қыздарымыз көп болсын. Чемпиондарымыз бұдан да үлкен биіктерден көріне берсін!»

Жексенбаев Айдын, жанкүйер: «Олимпиада да Қазақстан 7 алтын алса, соның 3-ін осы Жер жанаты Жетісудан шыққан қарындастарымыз алды. Олар Лондон төрінде еліміздің байрағын биікке желбіретті. Бәріміз қуанып отырмыз. Алыс жолға шығатын едім, сонда да елмен бірге олимпиада чемпиондарымызды қошеметтеуге келдім. Еліміздің намысын қорғаған осындай батыр қыздар барлық қошеметке лайық.Алтын алған спортшыларға 250 мың доллар береді дейді, менің ойымша бұл өте дұрыс. Себебі, олар елімізді асқақтатты. Қандай қымбат сыйлық берсе де, қанша көлемде қаражат берседе қыздарымыз соған лайықты».

Бұл сәтті Талдықорғандықтар асыға күтті. Зульфия, Майа, Светлана үшеуін стадионға ап-пақ кабриолет көлікпен әкелді. Халық алтын жүлдегер қыздарды үлкен қошеметпен қарсы алды. Олимп шыңын бағындырған қыздарымыз өздерінен 2 есе ауыр салмақты қалай көтереді деп таңғаласың. Үшеуі де, олимпиада чемпионы, үшеуі де бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған. Үшеуі де нәзік жанды қыздар, сонау Лондонда ел мерейін асқақтатқан батырлар. Облыс әкімі чемпиондарға көлік сыйға тартты, 10 миллион теңге тағы сыйлады. Ал халық қошеметін аямады.

ХХХ- Жазғы олимпиада ойындары аяқталды. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасында 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальдар болды. Ресми емес командалық есепте Қазақстан 12-орынды иеленді. Олимпиаданың соңғы күні, 12 тамызда Қазақстан палуан Ақжүрек Таңатаров қола медаль алса, боксышыларымыз Серік Сәпиев «алтын» және Әділбек Ниязымбетов «күміс» медальдарды иеленді. Кеше ғана басталған Лондон Олимпиадасы өз мәресіне жетіп, тарихқа айналды. Бүкіл әлем теледидарға телміріп Лондон Олимпиадасының жабылу салтанатын тамашалады. Ал қазақ жұрты өз қаһармандарын қарсылуда. 17-тамыз күні Елордада олимпиада чемпиондарымен елбасы өзі кездеседі. Астана төрінде спортшылармыздың құрметіне үлкен мерекелеік шара ұйымдастырылады.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА.