Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАСЫ


17 августа 2012, 18:10 | 1 395 просмотров



Алматы облысы өзен-көлдерге бай өңір. Күн ысып, суға шомылу маусымының қызықты сәттері көбейген сайын оларды төңіректейтін үлкен-кішінің қатары арта түсуде. Дей тұрғанмен өкінішті жағдайлардың да орын алып жатқаны жасырын емес. Осындай жәйттердің алдын алу үшін аймақта «Судағы қауіпсіздік» деп аталатын арнайы шара жүргізіліп келеді.

Өзендер өрнектеген өңірде алаңдауға себеп бар. Мәселен, жыл басынан бері суға қатысты 168 оқиға тіркелген. Одан 239 адам зардап шексе, 77-і ажал тырнағына ілініп кетті. Олардың 22-і балалар. Ал, 162-і адам құтқарушылардың арқасында аман қалды. Суға кету оқиғаларына қыс мезгілінде балық аулаушылар тап болып жатса, жаз айларында өзен-көлдерде серуен құратындар кезігеді. Негізі мұндай жағдайлар көбіне қарапайым ережелерді сақтамау салдарынан орын алады. Алматы облысында адамдардың шомылуына рұқсат етілген жерлердің бәрінде құтқарушылар кезекшілік етеді. Терең жерлерге бармау керектігін ескертетін белгілер қойылған. Соған қарамастан қауіпті аймақтарға қарай жүзетін жүректілердің қатары сейілмей отыр. Құтқарушыларды алаңдатып отырған тағы бір жәйт – кейбір адамдардың мүлдем суға түсуге болмайтын қатты ағыстар мен терең көлдерге әуес екендігі. Балаларды қадағаламау да өкінішке соқтырады. «Судағы қауіпсіздік» шарасының мақсаты осындай өкініштерге жол бермеу. Құтқарушылар қарапайым ережелер жазылған үнпарақтар әзірлеп, тынығушыларға таратуда. Суға түсіп дем алу жақсы, ал адам амандығы бәрінен де қымбат. Сондықтан бұл шара облыстың барлық аймағында жалғасып, жағажайларға келген жұртшылыққа сақтандыру ережелері түсіндірілетін болады.

Арнайы шараға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметі, жедел құтқару жасағы және аудандық, қалалық Төтенше жағдайлар бөлімдерінің мамандары тартылды.

Ағыны қатты, тасы бар жерлерде шомылуға болмайды. Өтіп бара жатқан кемелерге, қайықтарға жақындауға болмайды. Түнгі уақытта шомылуға болмайды. Содан кейін көпірлерден, биік жартастардан суға секіруге болмайды. Осылардың бәрі қарапайым ережелер. Осыны сақтаған адамдар өзінің өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осындай судағы қайғылы жағдайларды алдын алуға бағытталған іс-шаралар облыс көлемінде өз жалғасын таба бермек.

Автор:
Жанат СЕМБАЕВ, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі, өртке қарсы қызметтің майоры