Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАСПА


17 августа 2012, 12:10 | 2 378 просмотров


Баспа (ангина) дегеніміз бұл- жұтқыншақтың бадамша безінің лимфалық тіндерінің жедел қабынуынан туындайтын инфекциялық ауру. Оны стрептококк, стафилакокк, пневмококк сияқты микроорганизмдер қоздырады.

Ауру организмнің қарсылығы төмендегенде және сырттан немесе мұрын, ауыз қуыстарына ауру тудырғыш микроорганизмдер түскенде пайда болады.

Организмнің қарсылығын төмендететін көптеген факторлар бар, олар денеге салқын тию, әсіресе кішкене баллардың күн тәртібінің бұзылуы, шаршағандық, психикалық жарақаттар, таза ауада жеткіліксіз болу,кезінде тынығып дем алмау, тамақтану тәртібінің бұзылуы үлкен әсер тигізеді. Мысалы: өңкей ет, ұн тағамдарын, тәтті тағамдар тұтынғандар баспа ауруымен жиі ауырады. Баспамен көбінесе, адамдар, күзде, көктемде ауырады. Ауа температурасының бірден өзгеруіне және ауаның тәулік бойы ылғалды болып тұруы әсіресе, балалар оргаизмінің қарсылығын төмендетіп жібереді.

Аурудың сипаты оның ауыр немесе жеңіл өтуіне байланысты болады. Катаральды, фолликулалы , лакуналы баспа болып бөлінеді.

Катаральды баспада дене қызуы онша болмайды, бірақ кішкене балаларда жоғары болуы да мүмкін. Науқас көбіне әлсізденіп, тамақтануы нашарлайды, буындары ауырады, тоңады, тамағы құрғап жұтынғанда ауыратынына шағымданады, басы ауырады. Тексергенде бадамша безінің қызарып, ісіп тұрғанын байқаймыз.

Фолликулалы және локуналы баспа ауырлау өтеді: мұнда температура 39-40 градусқа дейін жоғары көтеріліп, жұтынғанда тамақ қатты ауырады, буындары , бұлшықеттері қақсайды. Жалпы әлсіздік сезіледі.Тамақ ішу қабілеті төмендейді. Жақтың асты және иекасты лимфа түйіндері үлкейіп ауырады. Қанда лейкоцитоз 25-10 дейін, ЭШЖ (эритроциттердің шөгу жылдамдығы)- 50мм с-қа дейін артады.

Тексеріп көргенімізде фолликулалы баспада бадамша безде ақшыл- сұрғылт нүктелер, ал локуналы баспада –ақ немесе ақшыл- сары қатпарлар көрінеді.

Емдеу. Ауру асқынып кетпеуі үшін төсекте жатып емделу керек. Сульфаниламид препараттарын қабылдау қажет.Микроорганизмдерге сезімталдығын тексергеннен кейін антибиотиктер қабылдаған жөн. Жеміс шырындары, шәй, шырын сулары өте жақсы көмектеседі. Сүт, қаймақ, көже және сорпамен тамақтану қажет.

Тамақты сода (1 стақан қайнаған суға 1 шәй қасық), фурациллин ертіндісі, қайнатқан шалфей, ромашка суымен шаю керек.

Төменгі жақ, иек лимфа түйіндеріне спирт қосқан компресс жасалады.

Дұрыс ем алған жағдайда баспамен ауырған адам 4-5 күнде сауығып кетеді.

Алдын алу.

Баспа ауруымен ауырмауда мұрын қуыстарғының сау болуы үлкен роль атқарады. Аденоидтардың ұлғаюын, мұрын пердесінің қисаюын,ісіктерді дер кезінде емдеу, тіс ауруларын емдеу, тамақтану тәртібін дұрыс сақтау, денені шынықтыру, витаминдер қабылдау, таңертеңгі дене шынықтырумен айналысу – аурудың алдын алу шаралары болып табылады. Дене жаттықтыруларын таза ауада жасаған пайдалы. Спорттың түрлері – жүзу, шаңғы, конькимен шұғылдану дене балсенділігін арттырып, организмнің нығаюына алып келеді, тұмау , баспа және басқа да аурулардың алдын алуға көмектеседі.

Автор:
Саулехан СПАТАЕВА, Бала дәрігері. Сарыжаз дәрігерлік емханасы. Айгүл АШИМОВА, Бала дәрігері, Шалкөде дәрігерлік емханасы.