Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СОФИ ЛОРЕННІҢ АҚЫЛ – КЕҢЕСІ


27 ноября 2009, 21:11 | 3 698 просмотров



Жүзден аса кинода ойнаған, «Чочара» фильміндегі ролі үшін 1962 жылы «Оскар» жүлдесіне ие болған әйгілі Италия актрисасы Софи Лорен өзінің әйелге тән нәзіктілігінің құпиясын бөлісуге бел байлайды. 1984 жылы жарық көрген «Әйел және сұлулық» атты кітабында ол былайдеп жазады: «Ересек тартқанда сұлу болу біздің қай-қайсымыздың да қолымыздан келеді, өйткені, сұлулық дегеніміз – тартымдылық, шынайылық, ақылдылық және зиялылық. Сұлулыққа алып барарлық бұл жол адамның рухани өмірінен өрбімек». Енді Софи Лореннің сұлулық туралы ақыл-кеңестеріне құлақ асалық.

***

1959 жылы мен Джордж Кьюкордың «Қызыл шалбарлы сайтан» фильміне түстім. Жұмыс істеуге өте ынталы болдым. Өйткені, Кьюкордың «әйелдер режиссері» деген даңқы бар болатын. Ол актрисалардың таланттарын әйгілеуге келгенде ерекше епті деуші еді. Мен режиссер «грим мен киім-кешекке ерекше көңіл бөлетін болар» деп күткенмін, шынында да ол бұған айта қаларлықтай зейін қойды. Алайда мен бірте-бірте Кьюкордың сұлулық кілті өзгеде деп түсінетіндігін ұғына бастадым. Әлдеқандай бір дайындық үстінде былай деп айта салғаны бар-ды. Бұл сөзді мен өмір бақи жадымда тұтып қалдым. «Өз қасиетін бағалай білмейтін сұлу әйел де бір, келсап та бір Ал, егер сіз тартымды екенсіз, демек сұлу да болғаныңыз»,-деп еске алады Софи Лорен.

Содан бері бұл сөздің әділдігіне көшеде де, кино түсіріп жатқанда да, қонақта болған кездерде де талай-талай көзім жеткен. Жеке адамның қадір тұтатын қасиетін анықтау, әрине, қиын, бірақ оны бірден-ақ түйсінуге болады. Көшеде кербез кейіппен басып келе жатқан әйел... соншалық айта қаларлықтай сұлу болмаса да жұрттың назарын аударады. Аты шығып тұрған, немесе қызметтегі ер адам, сонысына қарамас-

тан, жұрттың бәріне бірдей ілтипатты болса, сүйкімді ғой... Менің ұғынуымде өзінің қадір-қасиетін сезіну – батылдық пен өзін-өзі бақылай алушылықтың тепе-теңдігі. Өзін қастерлей білуге қарапайымдылық пен шынайылық жарасқан. Мұндай сезімге өзіңді-өзің танып білгенде ғана жетесің. Алайда, бұл - өзіңнің артықшылығыңа масаттану емес. Оның үстіне өзіңнің кемшіліктеріңді де жақсы білуге тиістісің.

***

Жинақылық өмірдің қай соқпағында болмасын, табысқа жол ашады. Соның ішінде сұлулыққа қол жеткізуде де...

Сырт пішініңіз алқам-салқам болса, еш уақытта да уақыттың жетімсіздігінен деп айта көрмеңіз. Мұныңыз бос сөз. Кішкентай сәбилі кезде, шынындада, әйелдің ешнәрсеге мұршасы жоқ.Өзге кездің бәрінде де ол өзін баптауға уақыт табуы керек. Мұның соншалық оңай да шаруа емес екендігін мен жақсы білемін. Егер сіздің жанұяңыз, қызметіңіз және міндеттеріңіз болса, уақыт сіздің өз ырқыңызда емес. Сонда да болса, мен бір сағат бұрын тұрамында, өзімді-өзім «қолға» аламын. Еріншектігіңізді немесе кемшілігіңізді, әлде, тіпті, босалаң ерік-жігеріңізді басқа бірдеңелермен дәлелдеп, жасырмас үшін өзіңіздің өмірден де не тілейтініңізді және уақытыңыздың қандай мазмұнға толуы керектігін ең алдымен тап өзіңіз ұғынып алуға міндеттісіз.

Айна алдында жарты сағат отыру - әйел өміріндегі бақытты кездердің бірінен саналатындығын сіздердің кәперлеріңізге салуға рұқсат етіңіздер. Бұл сізге ләззат алып келуге, көңіліңізді көтеруге тиісті. Жаңа көйлекті өлшеп немесе ерін бояуын қарап отырып, сіз өзіңізді жаңа әрде көресіз. Өзіңізді бұрынғыдан жақсырақ тани отырып, сіз жігерленетін боласыз және өзіңіздің қадір-қасиетіңізді түйсінесіз.

Автор:
Ақадық К.Р.А.