Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

КОФЕНІҢ ҚҰДІРЕТІ НЕДЕ?


10 августа 2012, 13:44 | 1 462 просмотра



Бұл сусынның әлем халқы үшін орны бөлек. Бірақ ол қайдан шықты, қалай таралды. Белгісіз. Түрлі болжам көп. Соның бірі - өсімдіктің Эфиопиядағы Кафа деген аймақта өскені. Сол өлкенің құрметіне кофе деп аталған. Жалпы, кофенің қасиеті, күш-қуат берер құдіреті туралы аңыз көп. Сонымен, кофе қандай сусын?

Бірде африкалық бір тайпаның малшысы алдындағы табын сиырды елді мекеннен алысырақ жаяды. Табын арасында белгісіз кеселеге душар болып, қит етсе жата кететін, әлсіз бұзау еріп жүреді. Малшының да зықысын шығарады. Өйткені бұзау байқаусыз далада қалса, ит-құсқа жем болары анық. Ондай жағдайда малшы бұзаудың иесіне құн төлері тағы бар. Соны ойлаған ол бұзауды көтеріп апарып, топтаса өскен тал-дарақтың жанына жатқызады. Өзі де соны көлеңкелеп ас-суын ішеді. Әлсіз бұзау, шыбықтардың жапырағын жеп, біраздан соң орнынан тұрып кетіпті. Онда да жай емес, жайылған сиырлардың соңынан ойнақ салып барады...

Малшы таңғалды. Сосын «осы белгісіз шыбықтардың бір қасиеті бар-ау» деп, бұзау жегеннен қалған жапырақтарды жинап, қоржынына салып, кешке үйіне алып келеді. Сосын су қайнатып, оған жапырақтарды салып ішеді. Жапырақтан әлдебір хош иіс шығады. Манағыдай емес, шаршағаны басылып, өзін тың сезінеді. Малшы азанда тағы жапырақтарды қайнатып ішеді. Күні бойы сергек, көңілді жүреді. Ақыры бұл сырды көршілеріне жайып салады. Содан бастап кофенің аты шығады.

Алғашында сол маңда тұратын тайпа оны емдік қасиеті бар сусын ретінде пайдаланады. Бірте-бірте кофенің қандай құдіреті бар екені өзге аймаққа белгілі болыпты...

Жалпы, «кофе дәнін құлдар Суданнан Йеменге әкеліпті-міс» дегенде әңгіме бар. Ал Йеменнің жері кофе дәнін өсіруге өте қолайлы еді. Бұл 15 ғасырдың басы болатын. Осы ел арқылы кофе сусыны Араб түбегіндегі елдерге тарады. Одан арғысы белгілі...

Бүгінде кофені пайдаланбайтын ел жоқ. Адамдар бұл сусынды көбіне тың, сергек сезіну үшін ішеді. Кофенің әлемде сан түрлі сорты бар. Бұл сусын мидың жақсы жұмыс істеуіне де, қан айналымына да, белсіздікке де жәрдемдесетін құдіретке ие. Содан болар, атақты жүргіш Казанова сұлуларды құшар кезде сүтсіз қою кофеден екі-үш кесе тартып алып, төсекке жатады екен. Өйткені хош иісті бұл сусын оған орасанзор қуат береді-міс. Бұл сусынды кезіндегі Италия диктаторы Муссолини, Бисмарк, Наполеон және өзге де мемлекет басшылары құшырлана ішкен. Былтыр дүниеден өткен Ливия көсемі Муаммар Кадафи де кофеге аса құмар болған. Әрине, кофені шектен тыс ішудің зияны бар. Бірақ шектеп ішкен адамға бұл сусынның зияны тиеді деп әзірге медицина айтқан емес.

Автор:
aikyn.kz