Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АРТЫҚ САЛМАҚ - АУРУДЫҢ БЕЛГІСІ


10 августа 2012, 13:42 | 2 987 просмотров



Өркен Ақбердіұлы - Қытайдағы Құлжа қаласында тұрады. 2011 жылы Жапонияда Токио электр механикасы университетінде (The Tokyo Denday University) Энергия және қоршаған орта мамандығы бойынша білім алған. Қазір жеке зерттеумен шұғылданады, көбінесе тіршілік ғылымы мен қоршаған ортаны қорғау, жасыл энергия туралы шығармалар жазады. Жапон және ағылшын тілдерін жетік білетін азаматтың мақаласын жариялап отырмыз.

Дені-қарны сау адам елдегі экономиканың дамуына, қоғамның алға басуына, бір ұлттың көркеюіне тікелей әсер етеді. Ұлттың денсаулығы төмендесе, ақыл-ой мен рухани күй-жайы жұтаң тартып, қоғам кері кетеді.

Қытайдағы әр ұлт халқының тұрмыс жағдайы барған сайын жақсарып, ой-күйінің сәйкесті дамуына байланысты тұрғындар және отбасындағылардың денсаулығын үнемі жақсарып келеді. Десе де, қазақ ұлтының бұл жөніндегі танымы әлі төмен. Малшы-диқандарымыздың арасында етек алған кейбір сорақы көзқарас бар, олардың көпшілігі әлі күнге дейін ауыра қалса, шипагерге көрінуді, дәрі-дәрмек ішуді ғана біледі. Денсаулық сақтау осы деп түсінеді. Алдын ала денсаулығынан өзі де хабарсыз жүріп, емделуді кешеуілдетіп алғандар кейде бүкіл отбасы мен жамағатын қомақты шығынға батырады. Ал енді көп жұрт тек шипагерге ғана иек артып, оларды құдайдай көреді. Яғни өзін бүкіл елге тәуелді етіп тастайды. Шынтуайтында, бұл да таяз көзқарас. Шипагер де қарапайым адам, олар сіздің денсаулығыңызға бастан-аяқ жауапты болады деген заң жоқ, қайта алдымен дұрыс диагноз қойып, айдан анық науқас болсаңыз емдеуге кіріседі, анық бірдеме байқалмаса, денсаулық тексеру нәтижеңізді қолыңызға беріп, шағын ұсыныс айтып, жолға салады. Өйткені шипагер бір күнде сансыз науқас көреді, оның сізге толық анализ жасауы мүмкін емес. Сіздің егжей-тегжейлі жағдайыңызға қанық адам тек өзіңіз болуға хақылысыз. Сау жүрудің тізгіні өз қолыңызда, денсаулығыңыздың соңғы шешімін өзіңіз меңгеруіңіз керек, шипагерге қисынсыз табынудан еш марқадам таппайсыз.

Мығым денсаулықтың мазмұ¬нында ақаусыз тұрмыс салтының үлесі басым. Болмысты зерттей-зерттей түбіне жетпеген ғалымдар мен дәрігерлер ауру-сырқау мен көп дерттің туындауы негізінен адамның өзіне байланысты деген қорытындыға келген жайы бар. Ақаусыз денсаулықты сақтауда, әуелі денсаулыққа ықпал жасайтын факторлардың қыры мен сырын игеруіміз керек. Жүрек-қан тамыр, асқазан-ішек аурулар, қантты несеп ауруы, сондай-ақ қан науқастары адам денсаулығына қатер төндіреді. Осы барыста, науқас адамның өзі ғана ауру азабын тартпастан, отбасындағылар да рухани соққыдан есеңгірейді. Ұзақ уақыт емделу қаражаты еңсесін көтертпейді. Шынтуайтында, созылмалы аурулардың пайда болуы көбінде тұрмыс тәсілінің дұрыс-бұрыстығына байланысты. Ретсіз тамақтану, арақ-шарапқа үйір болу, темекі тарту, дене шынықтырмау, майлы тағамға сылқия тою немесе қомағайлық, рухани қысым сияқтылардың барлығы созылмалы науқасқа шалдықтыратын негізгі себепке жатады. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы күллі адамзатқа ортақ мынадай 4 түрлі ақаусыз тұрмыс салтын белгілеп берді: ұтымды азықтану, лайықты әрекет, темекіден арылып, арақты тежеу, көңіл күйді теңгеру. Сонымен қатар бұл ұйым алға қойған денсаулықты меңгеретін 4 негізгі фактордың ішінде, тұқым қуалау 15%, қоғамдық және жаратылыстық орта 17%, емделу 8% болса, жеке адамның тұрмыс тәсілі 60% екен. Демек, денсаулығыңыздың күшті-әлсіздігі мен ауру сырқауға шалдығу-шалдықпау жағдайыңызды, жұқпалы ауруларға қарсылық қуатыңызды, ғұмырыңыздың ұзын-қысқалығын белгілейтін шешуші фактордың барлығы тек өзіңізден басталады. Сонымен бірге қазіргі тұрмыстық жағдайымыздан алып қарағанда, елдің дені-қарны тоқ, киімі бүтін, тұрмыс тәсілін әркім ғылыми орналастыруға әбден қауқары бар, уақыты да, санасы да жете қабыл, өйткені бұған пәлендей қомақты қаржы, арнаулы мәулет кетпесі даусыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам денсаулығының тек 10 пайызы ғана денсаулық сақтау емдеу сапасымен байланысты екен.

Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Адамдардың ішкен-жеген тамағы денсаулығына міндетті түрде әсер етеді. Дұрыс тамақтанудың арқасында адамның созылмалы ауруларға шалдығу салыстырмасы азаяды, қартаю қарқыны бәсеңдейді. Түрлі сырқаттардың алдын алу үшін йодталған тұзды, сүт және сүттен өндірілген тағам түрлерін, етті, бауырды, жемісті, көкөністі, балықты, сонымен бірге теңіз тағамдарын жеткілікті мөлшерде пайдалану қажет. Тамақтанудың негізгі салмағы таңертеңгі және күндізгі уақыттарға түсуі керек. Яғни таңертеңгі ас толыққанды, түскі ас орташа, ал кешкі астың жеңіл болғаны жөн.

Бұрын қымыз, шұбатын ішіп, құрт-ірімшігін жеп-ақ халқымыз дерттің алдын алған. Ата-бабамыздың алып тұлғалы, батыр да дана болуының бір сыры осы болуы да ғажап емес. Десе де, қазір қазақтардың денсаулық хал-жайын ойдағыдай деп айтуға келмейді.

Шыны керек, жіктей қарар болсақ, халқымыздың арасында дұрыс тамақтану салтын ұстанатындар тым аз екендігін сезіну қиын емес. Осының салдарынан ұлтымыз ішінде ми-қан тамыр аурулары, асқазан-ішек рагы қатарлы бірсыпыра салмақты науқастардың көрсеткіші жоғары болып тұр. Жақыннан бері диабет ауруына шалдыққандардың саны да артып келеді. Ол аз болғандай, сәбилеріміздің тым кішкене туылуы немесе құрсақтан бірнеше ауруды жабыстыра тууы секілді жағдайлар да жиі кезігеді. Бұл да аналардың дұрыс тамақтанбауымен тіке қатысты мәселе.

Балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтануы, олардың денсаулығын нығайтып, дене және ой қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, еңбек ету мен үйрену қабілетін арттырады. Жас ұрпақтарымыз - ұлтымыздың болашағы, олардың дене сапасының жоғары-төмендігі бұдан кейінгі жалпы ұлт сапасына тіке ықпал ететін маңызды көрсеткіш, балалар денсаулығын қорғауды үзбей жаңғыртудың дәуірлік маңызы зор. Әуелі жас жеткіншектерді дұ¬рыс тамақтануға жебеумен бірге, олардың ішіп-жеген тағамдарының сапасы мен қауіпсіздік өлшемдеріне мұқият ден қойғанымыз жөн.

Әрбір адам денсаулық сақтауға қатысты негіздік білімдерді шамасы келгенінше игере алуы, пайдалы ақпарлардан хабардар болуы керек. Денсаулықтан жұтасаңыз, ауру-сырқаудан көз ашпасаңыз, бақыт пен байлық дайын тұрса да оның ешқандай игілігін көре алмайсыз. Денсаулық адам баласының жан-жақты жетілуінің негізі ғана емес, мыңдаған отбасының бақытты болуына қатысты зор іс. Егер ұлтымыз жұртшылығының дене сапасы нашарласа, ауру-сырқау көп болса, орташа ғұмыры қысқа болса, онда ұлт болашағына саятын әр қандай игі үрдістерден сөз ашу қиын.

Әсте ұмытпағайсыз, ең абзал шипагер - өзіңіз, ең тамаша рецепт - ғылым, ең өнімді дәрі - күнделікті ас-суыңыз! Ендеше, ақаусыз тұрмыс салтын жетілдіруге жаппай жұмылып, асыл дәстүріміздің жалғасын толықтай, ұлықтай берейік!

Автор:
aikyn.kz