Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІЗГЕ «МЕТИС» СӨЗІ ЖАТ ПА?


3 августа 2012, 13:58 | 1 482 просмотра



Батыс психологтарының есебінше ұлтаралақ некеде туылған балалар жеке бас проблемаларына көптеп кездеседі екен. Кей ретте басқа ұлт өкілдеріне жаукештік танытпағанымен, өздері қай ұлттан екендіктері жайына келгенде қысылып та жататын көрінеді. Ал, Қазақстанда ше? Соңғы жылдары елімізде аралас неке дегенге әбден қанымыз үйренді, сіңді де. Елімізде осындай некелерден туылған балалар өздерін қалай сезінеді, өздеріне менде қай ұлттың қаны басым деген сауал қоя ма?

«МК в Казахстане» газетінің тілшісі Татьяна Аладьина мақаласында аталмыш тақырыпты қозғады. Мұны ол "Межнациональные браки – шаг к наднациональному обществу" тақырыбында Алматы қаласында өткен диспутта айтылған пікірлерге сүйене отырып тарқатты.

Айта кету керек, аталған басқосуға аралас некеде туған адамдар қатысқан көрінеді. Бұлар өздерінше интернационалдық одақ құрса да, мұндай отбасылық альянсқа қарсы екендіктерін де жасырмайды. Десе де, осындай жұптардан ешқандай таңданыс танытпайды да олар. Басқосуда қалжыңсыз да тартысты пікірлер ортаға түсті.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған саяси ғылымдарының кандидаты Толғанай Үмбеталиева статистиканың құрғақтай цифрларына тоқталды. Оның ойынша қазақ қыздарының 9, ал орыс қыздарының 30 пайызы ұлтаралық некеге отырады екен. Дей тұрсақ та соңғы жылдары қара көздеріміз басқа ұлт өкілдері еркектерін көп таңдайтындығын да жасырмады ғалым ханым. Бұл «додада» орыстар да қалыспайды. Олар қазақстандық басқа ұлт өкілдерін ғана емес, жақын тіпті алыс шетел еркектерінен үміткер. Оған қолдарын жеткізіп отарғандары да баршылық.

Толғанай ханымның ақпаратына жүгінсек, кейбір мемлекеттерде жүргізілген тәуелсіз зерттеулер көрсетіп отырғанындай аралас неке салдарынан ұлтаралық дағдарыстар да жиі орын алады екен. Ол сондай-ақ, есімдерін атауды жөн көрмесе де кейбір аралас некеден дүниеге келген отандастарымыздың «таза қан» үшін шырылдап жүргендерін де сөз етті жүздесуде. Бірақ, Үмбеталиева бұл ретте өз ойын емес, әлеуметтік зерттеулердің деректерін айтып отырғанын да жасыра алмады.

- Соңғы үш жылда біздің отбасында бірнеше ұлт өкілдері араласып кетті десе де болады,-деп әңгімесін ортаға салды Сергей Кан. жүздесуде. – Кең дастархан басында қазақ, кәріс, орыс, неміс, ұйғыр, поляк, дұнған, және еврей ұлты өкілдері жиналамыз. Шынымды айтсам, осы күнге дейін мен ұлтқа бөліну жайын ойламаппын да. Керісінше, менің айтарым, Қазақстанда тұрады екенбіз, ендеше осы мемлекеттің патриоты, азаматы болуды ойлауымыз керек. Ал, арлас некеден туылған балалардың бұл жерде еш кінәсі жоқ. Олар да ел азаматтары.

Жалпы, бұл тақырып соңғы жылдары ғана көтеріле бастады. Естеріңізде де болар, посткеңестік заманда аралас неке құпталатын-ды. Неғұрлым көп ұлттан құралған отбасын интернационалдық жанұя деп те атайтын.

Сарапшы ретінде диспутқа қатысқан Жанат Смирнова аралас некелер жайында көп білетіндігін ортаға салды. Ол орыс жігітіне тұрмысқа шыққан. Үбірлі-шүбірлі отбасының берекесі. Бірақ, жеке басының бақыты үшін оған қаптаған проблемаларды жеңуіне тура келген. Біріншіден, оның ата-анасы бұл некеге қарсы болса, бірде көшеде оны тоқтатып, пышақ кезеңгердер «егер де орысқа тұрмысқа шықсаң, жарық дүниемен қоштасасың» деп те қорқытыпты-мыс.

Жанаттың пікірінше кез-келген отбасында ұрыс-керіс болып тұрады. Мұндайда бәрін ақылға жеңдіріп, ұлтына қарап көшбасшы болуды емес, тату да тәтті ғұмыр кешуді бірінші кезекке қойған дұрыс. Тағы бір сөзінде Смирнова ханым аралас некеден туылған бала өсе келе өзінің қай ұлттан екенін өзі таңдауы керек дегенді баса айтты. Кім біледі?

Аса тартысты өткен диспутқа қатысушылар тағы дау туғызатын, еш қажетсіз тақырыпты қозғады. Олар бұдан былай жеке куәліктегі «ұлты» деген графаға «қазақстандық» немесе «еуропалық» деп жазған дұрыс бола ма дегенді де айтып қалды.

Ұлтқа, ұлысқа, бұдан қалды аралас некеден туылғандар альянсы дегенді күн тақырыбынан ысырып тастап, ашық аспан астында береке мен бірлікте, татулық пен бейбітшілікте өмір сүргенге не жетсін. Біз – Қазақстанның бірегей халқымыз, бөле – жаратын ештеңе жоқ! Міне осыны ұмытпайық ағайын!

Автор:
Ырыс КЕНЖЕ.