Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жоғары білікті медициналық көмектің көрсетілуі 2 есеге ұлғайды


3 августа 2012, 13:58 | 1 385 просмотров


Клиникалық-шығынды топтар бойынша емделген науқастар үшін ақы төлеудің халықаралық деңгейіне ауысу жоғары білікті медициналық көмекті 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің төрағасы Қанат Қартаев pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін енгізудің аясында 2012 жылы біз клиникалық-шығынды топтар бойынша емделген науқастар үшін ақы төлеудің халықаралық деңгейіне шықтық», - деді Қ.Қартаев.

Комитет төрағасының айтуынша, стационарлық науқастарды клиникалық-шығынды топтар бойынша қаржыландырудың ерекшелігі сол, медициналық ұйымдар енді ең қажетті жағдайларда ғана науқасты ауруханаға жатқызуға талпынады, керуеттерді бос ұстамайды және науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсетуге тырысады.

«Мысалы, елімізде жоғары білікті көмек көрсету 2 есеге өсіп, стационарлық қызмет көрсетуші жекеменшік медициналық ұйымдардың саны 16 пайызға ұлғайды және 116 ұйымды құрады, 2009 жылы мұндай жекеменшік мекемелер жоқ болатын»,- деді комитет басшысы өз сөзінде.

Оған қоса, бүгінде гемодиализдік көмек қызметінің 60 пайызға жуығы жекеменшік мекемелердің үлесіне тиесілі, олар бәсекелестік жағдайға байланысты өздеріндегі сервистік қызметтерді жетілдіруде.

Қ.Қартаевтың хабарлауынша, сондай-ақ қазір медициналық қызметтерді кешенді жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр. «Яғни, біз тұрғынды алғашқы медициналық-санитарлық көмекке, консультативтік көмекке бөлмейміз, біз емханалардың қызметтерін жалпы алғанда бір тұрғынға шаққандағы норматив бойынша қаржыландыратын боламыз»,- деді ол.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында «100 үздік стационарлық аурухана», «Кезексіз емхана» жобалары іске асырылды. «Кезексіз емхана» конкурсының қорытындысы бойынша жеңімпаздар жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін зерттеуге Финляндияға жіберілді.

«Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаладағы Елбасының тапсырмалары Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін белгіленген бағыттар бойынша дамытуға жаңа серпін беретін болады»,- деп түйіндеді өз сөзін Қ.Қартаев.

Автор:
КАЗАҚПАРАТ