Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстанда АҚТБ ахуалы тұрақталып келеді


22 июня 2012, 10:02 | 1 878 просмотров


Қазақстанда АҚТБ (адамның қорғаныш тапшылығының белгісі) ахуалы тұрақталып келеді. Астанада Орталық Азия елдерінде инъекциялық есірткі пайдаланушылар арасында АҚТБ-инфекциясының таралуының алдын алуға арналған жиын барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов мәлім етті.«Эпидемияға қарсы жүйелі шаралардың нәтижесінде АҚТБ, яки ВИЧ-инфекциясы айналасындағы ахуал тұрақталып отыр. 2008 жылмен салыстырғанда 2011 жылы дертті жұқтырғандардың саны 14 пайызға азайды», - дейді ол.2011 жылы ЖҚТБ (жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі немесе СПИД) дертіне шалдыққан науқастардың саны азайды десек те, ағымдағы жылдың 1 мамырындағы дерек бойынша елімізде 18 459 АҚТБ-инфекциясы бар науқас тіркелген.

Аталмыш дерт Қазақстанда тіркелгелі бері 3 мың 600 адам індет салдарынан көз жұмды. Бұл жөнінде республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу һәм емдеу орталығы мәлімдеп отыр.«Бүкіләлемдік экономикалық форумның 2011 жылғы рейтінгісінде Қазақстан 142 елдің ішінде ЖҚТБ таралу деңгейі бойынша 21 орында тұр. Осы орайда Қазақстан Үкіметі ғасыр індетіне қарсы іс-шараларды халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқаруды басты басымдық деп қарастырады», - деп атап көрсетті С. Мусинов.Жалпы, ЖҚТБ дерті елімізде 23 жыл бұрын тіркелген. Респуб¬лика бойынша Алматы қаласында дертке шалдыққан науқастар саны басым. 23 жыл ішінде оң¬түстік астанамызда 557 адам АҚТБ-инфекциясынан көз жұмса, ЖҚТБ 88 адамның өмірін қиды. Кеңес жұмысына Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Австралия елдерінің денсаулық сақтау, ішкі істер және әділет салаларының ұлттық сарапшылары, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты.Ұйымдастырушы - Дүниежүзілік денсаулық ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы, қабылдаушы тарап - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. 3 күнге созылатын кеңес кезінде сарапшылар инъекциялық есірткі пайдаланушылар АҚТБ дертіне шалдыққан жағдайда алдын алу, емдеу және көмек көрсетуді кеңінен қамтып, қолжетімділігі мен сапасын арттыру жолдарын анықтайды. Бұл өз кезегінде инъекциялық есірткі пайдалану нәтижесінде дертті жаңадан жұқтыратындар санын азайтуға және індетке бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Автор:
Подготовил Бейбит МАМЛЕЕВ