Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ


22 июня 2012, 15:59 | 1 858 просмотров



15 маусым күні Астанадағы Конгресс-Холлда Медицина қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік шара болып өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы М.Құл-Мұхамед, Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Үкімет мүшелері, Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары қатысты. Сонымен қатар осы салтанатты жиында еліміздің үздік медицина қызметкерлері анықталды.

Дәрігерлердің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда салада 65 мыңдай дәрігер және 149 мыңдай мейіргер еңбек етеді екен

«Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Тәуелсіздік жылдары ұлт саулығына, денсаулық саласын дамытуға, оның инфрақұрылымын жетілдіріп, әлемдік медицинадағы ең үздік техника мен технологияны енгізуге ерекше мән беріліп келеді. Елбасы тапсырмасымен 500-ге жуық медициналық мекемелер салынып, сала қызметкерлерінің жалақылары тұрақты түрде өсіп келеді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде мемлекеттік бюджеттің осы салаға бөлінетін қаржысы 4 есеге ұлғайды. 4 мыңға жуық медициналық ұйымдар күрделі жөндеуден өтті», - деп атап көрсетті ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздің дәрігерлерін құттықтау кезінде.

Конгресс Холл сарайында өткен салтанатты жиында министр С. Қайырбекова барлық қызметтестеріне қажымас еңбектері үшін алғысын білдірді. «Біздің жұмысымызға қарап, Қазақстан халқы елдегі медицинаның сапасын ғана емес, жалпы биліктің жұмысын сынайды. Мен Сіздерге кәсібиліктеріңіз үшін, адал қызмет етіп, адамдардың денсаулығы жолында жасаған ең мейірбан да абзал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді ол. Еліміздің бас дәрігері атап өткеніндей, 2005-2012 жылдар аралығында медицинаға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі 4 есеге дейін өскен.

Денсаулық сақтау саласының сапалы дамуы, халық денсаулығын жақсарту дәрігерлерден жоғары біліктілік және адамгершілік қасиеттерді талап етеді. Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында жыл сайын өткізілетін «Өз кәсібінің үздігі» республикалық байқауының қорытындысы белгілі болды. Биылғы шараның ерекшелігі – алғаш рет «Денсаулық сақтау саласындағы үздік тәуелсіз сарапшы» аталымы енгізілді. Мұндай іс-шараларды өткізу ең алдымен медицина қызметкері мамандығының абырой-беделін арттыруға, кәсіби шеберліктерін жетілдіруге, бастама-шылықтары мен шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Дәрігерлердің еңбегі уақытқа қарамастан, адамдардың игілігіне арналады. Елімізде дәрігерлер бір тәуліктің ішінде ғана 2 мыңдай операция жасап, 1 мыңнан астам әйелді босандырады. Стационарлар арқылы бір жылдың ішінде 3 млн. астам адам өтеді. Мұның бәрі медицина қызметкерлерінен қазіргі заманға сай білімдерін жетілдіруді, кәсібіне беріле жұмыс істеуді және адамгершілік қасиеттерді талап етеді.

2012 жылғы байқау 8 аталым бойынша республиканың үздік медициналық мамандарын анықтады. Олар – «Үздік менеджер – денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы», «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік санитариялық дәрігер, эпидемиолог», «Үздік провизор», «Үздік мейіргер», «Үздік фельдшер», «Денсаулық сақтау саласындағы үздік сарапшы».

Өз істерінің майталмандары еліміздің барлық өңірінде еңбек етуде. Олардың қатарында ерлер де, әйелдер де, жастар да, жасамыстар да бар.

Байқау жеңімпаздары, яғни 2-ші және 3-ші орын алғандар өздеріне тиісті жүлделерге – дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Біразына «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» жүлдесі табыс етілді.

1-ші орын алған республикалық байқау жеңімпаздары: «Үздік менеджер – денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы» – Қарағандыдағы Х.М.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының директоры Нұрлыбаев Е.Ш., «Үздік дәрігер» – Алматы қаласындағы №5 клиникалық аурухананың бөлімше меңгерушісі Нұрмағанов С.Б., «Үздік ауыл дәрігері» – Атырау облысы Индер аудандық орталық ауруханасының «Жарсуат» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының терапевт-дәрігері Салина А.К., «Үздік санитар дәрігер, эпидемиолог» – Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Алатау аудандық басқармасының бөлім бастығы Бекоева И.Р., «Үздік провизор» – Қызылорда облыстық медициналық орталығының дәріхана меңгерушісі Шүленбаева А.С., «Үздік мейіргер» – Көкшетау қалалық ауруханасының мейіргері Батина Н.А., «Үздік фельдшер» – Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының фельдшері Әбдіраимов Д.З. және «Денсаулық сақтау саласындағы үздік сарапшы» – Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің профессоры Түсіпбекова М.М. Жеңімпаздарды мерекелік шарада 1-ші дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен ҚР Парламентінің Сенаты және Мәжілісі депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері марапаттады.

Денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқан республиканың барлық өңірінен жиналған медицина қызметкерлері «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен және ҚР Үкіметінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Астана қаласы Әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиын соңы өнер қайраткерлерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Жалақы өседі

Сонымен ҚР Үкіметі жалақы көлемін арттыру арқылы қызметкер мен отбасының лайықты өмір кешуін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір науқастың көңілінен шығатындай емдеу сапасына бағытталған еңбекақы төлеудің жаңа қағидалары енгізілуде.

Жоғары деңгейлі менеджмент жолға қойылған медициналық ұйымдарда қосқан үлестері мен қызмет түрлеріне қарай дәрігерлердің негізгі жалақысына 160 мың теңгеге дейін, мейіргерлерге 40 мың теңгеге дейін қосымша ақы төленуде.

Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мамандары үшін жан басы нормативіне ынталандыру компоненті енгізілуде. Сол бойынша учаскелік дәрігер жалақысына қоса 90 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, мейіргерлер 70 мыңнан 110 мың теңгеге дейін әр тоқсан сайын қосымша еңбекақы ала алады.

Бұл шаралардың барлығы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттырумен қатар, медициналық қызметкер мамандығының беделін көтеруге мүмкіндік береді.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА