Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақтың қазы-қартасы Олимпиадаға баратындардың ас мәзірі болуға лайық


22 июня 2012, 09:58 | 2 102 просмотра


Лондон олимпиадасының дүбірі жақындаған сайын тұлпарларының шабысына үйде отырып, тақымын қысатындардың саны көбейіп барады. Қазақстандық диетолог-дәрігер Әділбек Сәрсенбаев Спорт және дене тәрбиесі Агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтің жеке блогына олимпиадаға жолдама алған спортшыларымыздың ас мәзірі туралы мәселемен шығыпты.

Дәрігердің мұндай шешімге келуіне төмендегідей жағдайлар себеп болған. Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев 69 келі, қола жүлдегер Еркебұлан Шынәлиев 81 келі салмақта топ жарып шыққан. Спорттық жекелеген түрлері - бокс пен қазақша күрес қазақ халқының ұландарына бүгін ауыр салмақ емес, орта және жеңіл салмақтағы категориялар ғана қолжетімді болып тұр. Дэю-до-дан Асхат Житкеев 100 келі салмақта күміс медальға қолы жетсе, 120 келі салмақпен Марид Муталимов, қоланы місе тұтыпты. «Кешегі Қажымұқанның, Бөгенбай мен Қарасай батырлардан қалған тұяқтарымызды 70 келі салмақпен додаға қосу елдігімізге сын», - деген дәрігер олимпиада тарихындағы кейбір жайттарды алға тартыпты.

- Нидерландиялық атақты боксер Алистар Оверим олимпиадаға дайындық барысында өте қысқа мерзімде 20 келі салмақ қосып, өзі қалаған категория бойынша сынға түскен. Кейін белгілі болғанындай, оның бапкерлері, дәрігерлері болашақ чемпионның ас мәзіріне тек қана жылқы етін қосқан. Қазір тек қазақстандық қана емес, әлемдік сарапшылар да спортшылар үшін қазақтың қазы-қартасынан артық ас жоқ деген ортақ шешімге келіп отыр. Рингке шыққан боксер - жыртқыш аңмен бірдей, оларға протеинді коктейль немесе спаржа ас болып жарытпайды. Спортшыларға бойға қуат беретін аса қуатты нәрлі тағамдар керек, - дейді.

Жалпы, әлемде олимпиадаға қатысатын спортшылардың қатып қалған ас мәзірі деген қағида жоқ. Мысалы, Еуропа және Қытай спортшыларына шөп-шалам да бойға қуат. Олимпиада жеңімпаздары Серік Қонақбаев, Бақытжан Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтар өздерінің тәбеті тартып тұрған жеңсік асы қазы-қартаны әлемнің ешбір экзотикалық тамағына алмастырмайтынын айтса, Қытай жерінде туып-өскен қандасымыз Қанат Ислам да осындай пікірде. Бар мәселе ас мәзірінде емес, оның спортшының қандай уақытта және қандай жағдайда қабылдайтындығында екен. Мысалы, Қытай спорты әлемде спортшыларының жасы жөнінен ең кәрі елге жатады екен. «Топ жарып шығады-ау» деп, қамқорлыққа алған спортшыларының әрқайсысының соңында бес-алты маман жүреді. Бірі - дәрігер, бірі - жаттықтырушы, бірі - психолог. Сол мамандардың өзін дамыған елдерде дайындайды. Спортшының ішетін тамағы мен денсаулығы да дәрігерлердің бақылауында тұрады.

- Күнделікті тамақ мәзірі зертханалық тексерулердің қорытындысы бойынша дайындалады. Кей кезде тамақ жегеніңді немесе тәбетіңнің ашылып тұрғанын сезбей де қаласың. Ал қытайлық олимпиада чемпиондарының ең жасы - 25, ал егдесі - 40 жас. Араларында үш-төрт олимпиадаға қатысқандары да бар. Бұл да ойланарлық жағдай, - дейді Бейжің олимпиадасының жүлдегері Қанат Ислам.

Ал 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтен кейін грек-рим күресіне алтын жүлде бұйырмай-ақ қойды. Ағамыздың грек-рим күресі бойынша төрткүл дүниені шарлап, талай-талай белді палуандардың жауырынын жер иіскеткені баршамызмызға мәлім. Ол 15 жыл бойы боз кілемде 48 келі салмақта әлемде өзіне тең палуан жоқтығын дәлелдеді. Айтуға жеңіл, әйтпесе 15 жыл бойы өзін 48 келі салмақта ұстап тұру Жақсылық аға үшін оңай болған жоқ.

- Меніңше, спортшының қабілеті немесе жеңісі оның салмағына немесе жасына байланысты емес. Мысалы, мен 48 келі салмақты 15 жыл бойы ұстап тұрдым. Үлкен спортпен 34 жасымда қоштастым. Ал ас мәзірі - кез келген ұлттың менталитетіне байланысты. Жүрген жерімде өзіммен бірге ауылдың әбден сүрленген қазы-қартасын алып жүретінмін. Кейде сәті түссе, 20-30 литрлік термоспен қымыз-шұбат та аламын. Қазы-қартаның тіл үйірген дәміне ресейлік жаттықтырушылардың өздері таңдай қағады. Бірде Мәскеуде жаттығуда жүргенде Дінмұхамед Қонаев келіп, «Бір жапырақ бала, қандай бұйымтайың бар?» деп сұрады. Екі-үш ай елге жете алмай, ауылдың дәмін сағынып жүргенмін. Ойланбастан «қазы-қарта мен қымызды сағындым» дедім. Сол күні кешкісін тілі дәм үйіретін қазы-қарта мен қымыз менің бөлмеме жеткізіліп, әріптестерімді қонаққа шақырдым, - дейді Жақсылық аға.

Жалпы, спорт саласындағы медицина біздің елде кенжелеп дамып келе жатқандықтан, осы күнге дейін әлемдік тәжірибеге иек арттық. Ағзамыз қабылдай алмайтын батыс тағамдарын олимпиадалық резервтің ас мәзіріне енгіздік. Әр халықтың өзіндік табиғатына сай ас-суы бар. Спорт және дене тәрбиесі Агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев жақында журналистермен кездескенде «спорт интернаттары мен мектептердегі және құрама командалардың ас мәзірі өзгереді. Бұл мәселені ғылыми сараптап, әбден зерттеп, жолға қоятын боламыз» дегені белгілі. Демек, олимпиадалық резервте жүрген болашақ чемпиондарымыздың асмәзірін қазақтың қазы-қартасы мен қымызымен толықтыратын кез жетті.

Автор:
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ, aikyn.kz..