Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сақ жүрген – сау жүреді


22 июня 2012, 15:56 | 1 785 просмотров



Балкенже Иманқұлова - жоғары санатты дәрігер. Ол жүздеген анаға бала сүю бақытын бұйыртып, мыңдаған нәрестенің дүниеге аман-есен келуіне қол ұшын созды. Біз медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Гиппократ антын қабылдаған азаматшаны құттықтап қайттық. Ол бізді жылы шыраймен қарсы алып, әңгімесін былай бастады:

- Гинекология саласында «жатыр миомасы» деген ауру белең алып тұр. Болашақ аналардың қан аздығы мен бүйрек аурулары да өзекті мәселе саналады. Әйелдердің бедеулігі де көңіл көншітпейді. Бедеулік - өте ұзақ емделетін ауру. Оның басты екі себебі бар. Біріншісі - экология. Яғни химиялық токсиндердің кесірінен адам ағзасындағы гендердің өзгеріске ұшырауы. Екінші - еліміздегі сексуалды революция. Ерте және кездейсоқ жыныстық қатынастар. Осылардың салдарынан әйелдің де, еркектің де жыныс мүшесі қабынуға ұшырап, ұрық азаяды және оның сапасы төмендейді.

- Жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне жүгініп жатқандардың мәселесі түбегейлі шешіле ме?

- Бұл - қазіргі медицинаның ең озық тәсілі. Ер адам мен әйел адамның ұрығы арнайы пробиркаға салынып, әйел жатырына енгізіледі. Ер адамның ұрығы қабілетсіз болған жағдайда донорлардың көмегі қажет болады. Бұл жүйе шетелде жақсы жолға қойылған. Донорларға қыруар қаржы төленеді. Біз мұндайға жеткен жоқпыз. Бұл жүйенің ең алғашқы нәтижесі 1978 Англияда жүзеге асты. Онда дүниеге Луиза Браун есімді сәби келді. Кеңес одағындағы алғашқы бала 1986 жылы Мәскеуде туды. Бізде жасанды жолмен ұрықтанған бала дүние есігін 1996 жылы ашты. Қазір жылына 2 миллион бала өмірге қолдан ұрықтандыру арқылы келеді.

Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі еліміздегі бала сүю бақытынан айырылған отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпейді. Бірақ бірқатар шаңыраққа сәби күлкісін сыйлайды.

- Ер адамдардың жұбайымен бірге босану бөлмесіне кіруіне қалай қарайсыз?

- Бұл ерікті түрде атқарылатын шаруа. Әркімнің жүрек қалауы біледі. Ешкімге ешқандай шектеу қойылмайды.

- Әйел адамдар гинекологиялық тексеруден уақытылы өтіп тұра ма?

- Қала тұрғындары дер кезінде қаралып тұрады. Бұрын «қазақ қыздары гинекологқа бармайды, ұялады» деген ұғым болатын. Қазір мұндай жоқ. Бізге жап-жас қазақ қыздары түрлі сұрақтармен келеді. Өйткені олардың барлығының көзі ашық. Олар денсаулыққа дұрыс қарау қажет екендігін жақсы біледі.

- Мектептерге жыныстық қатынас мәдениетін үйрететін пән енгізген дұрыс па?

- Бұрын валеология пәні болатын, қазір ол алынып тасталыпты. Меніңше, дәл осындай пән қажет. Себебі 12 жастан бастап қыздарда етеккір циклы басталады. Ер балалар да осы кезеңде бойындағы жыныстық өзгерістерді сезеді. Жыныстық қатынас мәдениетін үйрететін пән ұлдарымыз бен қыздарымызды шалыс қадам жасаудан сақтандыру үшін қажет деп ойлаймын. Осы пән арқылы оқытушылар бозбалалар мен бойжеткендерге отбасын құруды жоспарлау, уақыты келгенде үйлену, уақыты келгенде тұрмысқа шығу, балалы болуға әзірлену сияқты мәселелерді жеткізіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

- Әйелдердің босану жиілігінің арасы қанша жыл болғаны дұрыс?

- Кез келген әйел адам 3 жыл сайын босанып отырса, өзіне де, баласына да жақсы болады. Себебі 2 жыл бала омырау сүтімен қоректенуі керек. Алғашқы бала 2 жасқа толғаннан кейін екінші баланы жоспарлауға болады. Өйткені осы уақыт аралығында ананың денсаулығы қалпына келіп үлгереді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
Сұхбаттасқан Қанат МАХАМБЕТ, Астана