Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОФИСТІК ЖҰМЫСТА ЖІҢІШКЕ БЕЛ МЕН ӘДЕМІ ПІШІНДІ ҚАЛАЙ САҚТАУҒА БОЛАДЫ?


22 июня 2012, 15:41 | 1 500 просмотров


Офистердегі жұмыс орындарын жаппай компьютерлендіру - біздің денсаулығымызға өз ізін қалдыруда. Компьютер алдында өткізілген жұмыс уақытын есептесеңіз, ол жұмыс уақытының 80-90% алады, бұның өзі біздің бірталай уақытымыздың дене қозғалысынсыз отыратынымыздың белгісі. Өкінішке орай, қазіргі заманда қозғалыссыз отыру- өмір салтына айналып барады. Компьютерсіз жұмыс орындарын қазіргі кезде қарастыру қиын. Қозғалыссыз жұмыс орнында өткізілген әр уақыт біздің әдемі пішініміздің жылдан-жылға жоғалуына, дене салмағының өсуіне әкеледі. Осындай жағдайда қалай тамақтанып, дене пішінін сақтауға болады?

Белсенді қозғалыссыз, орындықта отырып-ақ, артық дене салмағын қоспауға болатыны жайлы төмендегі бірнеше пайдалы кеңеске назар аударыңыз:

1. Офистік асханаларда диеталық ас әзірленбес, дегенімен ас мәзірінен бір ғана тағамды таңдаңыз, оны асықпай қабылдау қажет. Тәбетіңізді тежеп, қарныңыз ашқанда, 1-2 сағаттан кейін түстенгеніңіз жөн;

2. Асханада буға немесе қайнатылып, қуырылып пісірілген тағамдарды таңдаңыз, олар сiздi қанағаттандырып, қуат береді;

3. Түс уақытында сорпа, көже қабылдауға тырысыңыз, ол біріншіден тоқ тамақ, екіншіден ас қорыту жолдарына да сіңімді, 2-ші тамақтан бас тартуға болады;

4. Көкөніс салаттарын қабылдау артық салмақпен күресуге өз септігін тигізеді, бір қабылдағанда бірнеше порция көкөніс салаттарын жеу, біріншіден – ол дәрумендердің көзі болса, екіншіден - өзек (клетчатка), сондықтан тою сезімі бірден пайда болып, көп уақыт тоқтық сезінесіз;

5. Тамақтану кезінде асықпай, аздан, дәмдеп жеуге үйреніңіз, өйткені миға тоқтық сигналдары тілдегі рецепторлардан кейін, баяу асқазанға жетеді. Тамақтану темпі дұрыс болған жағдайда асқазанға ауырлық түспей, жағымды, тоқ сезім пайда болады;

6. Ашығу сезімі пайда болғанда ғана түстеніп, әріптестермен шәй ішуді азайту;

7. Офис асханасы мәзірінде майлы емес ет болса, тартынбаңыз, өйткені ол 100% ақуыз, адам ағзасында толығымен таралады;

8. Гарнирге күріш, қарақұмық, бұқтырылған көкөністер таңдаңыз (картоп, макарон жарамайды);

9. Үйде офистік ланч бокс дайындаңыз. Ланч бокс - тағамды сақтауға, тасымалдауға қарастырылған арнайы контейнер. Оларда әр түрлі тағам салуға бірнеше бөлімдер қарастырылған. Өзіңізбен бірге жемістер, көкөністер мен пісірілген ет, тауық еті немесе балық алғаныңыз жөн;

10. Соустар мен маринадтардан бас тартыңыз, сізге ең үздік дәмдеуіш ол- ұнтақталған бұрыш пен жас көктер (укроп, сельдерей, кинза және т. б.);

11. Аштықты банан жақсы басады, оның құрамындағы көмірсулар күш береді, сонымен қатар серотонин гормонының бөлінуіне септігін тигізеді және бұл гормон көңіл-күйді, зейінді жақсартады;

12. Кептірілген жемістерді де ұмытпаңыз, олардың құрамындағы калий жүрек, қан тамырлар жүйесінің жұмысын жақсартады;

13. Әріптестермен шәй ішу дәстүрге айналса, шәйға мармелад, зефир, безе, кептірілген жемістер пайдалануға тырысыңыз. Бұл тәттілермен де үйреншікті ләззат ала отырып, пішініңізге зиян келтірмейсіз.