Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Компьютерлік көру синдромы (computer vision sindrome)


15 июня 2012, 02:55 | 2 468 просмотров


Астенопия

Компьютерлің көру синдромы (ККС) деген ол компьютермен ұзақ уақыт жұмыс жасайтын адамдарда кезігетін көрудің арнайы ауытқуы (астенопия). Ал астенопия (көздің шаршауы) дегеніміз көру қызметіне ұзақ уақыт ауыртпалық түсуіне байланысты болатын функциональды өзгеріс. Бұл кезде көз ашу, түйнеу, қызару, көрудің бұлынғырлануы сияқты көзде жағымсыз сезімдер пайда болады.

Астенопияны туындататын негізгі бес себеп болатынын ғалымдар анықтаған:

1. мониторда бейнелер түзу сызық емес, микроскопиялық нүктелер түрінде беріледі екен. Бұл көзге өте өткір әсер береді.

2. экраннан шашыраған жарық көзге тура түскенде ол миға кері әсерін тигізіп, мидың және көздің шаршауына әкеліп соқтырады.

3. монитордың түсінің қоюлығы өте төмен болуынан көз тез шаршайды.

4. монитордан түскен жарық өте жиі жыпықтап тұрады және бұл жанып сөніп тұрған жарыққа ұзақ уақыт қарап тұрғанмен бірдей әсер береді.

5. көру өткірлігіне монитордағы жарқыл да кері әсерін тигізеді.

Бұл себептердің әсер етуі компьютермен көздің ара қашықтығына және де монитордың түсіне байланысты болса, монитор мен қағазды немесе клавиатураны кезек кезек ауыстырып қарау да көзге кері әсерін тигізеді екен.

Ал астенопияны туындататын факторлерге келетін болсақ:

• компьютермен үздіксіз ұзақ жұмыс жасау,

• мобильді компьютерде кітап оқу,

• автокөлікті ұзақ жүргізу (әсіресе ымырт және түңгі уақытта),

• көзге ауыртпалық түсіретін жұмыспен үнемі айналысу,

• ұзақ уақыт оқу,

• теледидарды үздіксіз қарау,

• дұрыс таңдалмаған көз ілдірік,

• бөлменің жарықтануының дұрыс болмауы т.б.

Персональды компьютерді үнемі қолданатындарда төрт сағаттық жұмыстан кейін, ал көбісінде алты сағат жұмыстан кейін жоғарғы айтылған шағымдар пайда болады. Компьютерлік көру синдромы 12-40 жастағылардың арасында көптеп кездеседі.

Астенопияның негізгі симптомдары

• көздің ашуы,

• көздің түйілуі (құм түскен сияқты сезіну),

• көз айналасы, маңдай тұсының ауруы,

• көзді қозғағанда ауру,

• көздің қызаруы,

• қос көріну,

• көру өткірлігінің нашарлауы,

• алыстан жақынға немесе жақыннан алысқа көзді ауыстырған бейімделуінің төмендеуі,

• оқығанда көздің тез шаршауы,

• бас ауру,

• көздің сезімталдығы (жарыққа, суыққа, ыстыққа т.б) жоғарлау,

• Мак Калахтың көру эффектісі пайда болу (экраннан көзді қара немесе ақ затқа ауыстырғанда экранда тұрған түске боялып көріну).

Не істеу керек?

• Офтальмолог дәрігерге қаралып, кеңес алып тұрудан еш қашпаңыз,

• Арнайы компьютерден қорғаныс көз әйнегін қолданыңыз,

• Компьютермен күніне 4 сағаттан артық жұмыс жасамауға тырысыңыз,

• Әр бір 20-30 минут сайын үзіліс жасап, көзді демалдырып тұрыңыз,

• Ал әрбір сағат сайын көзді 10- 15 минутқа демалдырып тұрыңыз,

• Монитор дұрыс алшақтықта тұрма, жұмыс бөлмемнің жарықтануы дұрыс па дегенге көңіл бөліңіз,

• Өзіңізге ыңғайлы күйде жұмыс жасаңыз,

• Қараңғы бөлмеде, жарық монитормен жұмыс жасау сияқты жарықтың тепе теңсіздігінің болмауын бақылаңыз,

• Балаларыңызды күніне 30 минуттан артық компьютермен жұмыс жасамауға үйретіңіз,

• Көзге арнайы ылғалдандырушы тамшыны тамызыңыз, бірақ алдымен дәрігер офтальмологпен кеңесуді ұмытпаңыз.

Автор:
М.ХУАНДЫҚҚЫЗЫ, Талдықорған қалалық емханасы, көз аурулар бөлімінің дәрігері