Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАНТТЫ ДИАБЕТТІҢ КӨЗГЕ ӘСЕРІ


15 июня 2012, 02:54 | 1 938 просмотров



Қантты диабет (ҚД) немесе сусамыр мен ауыратындар дүние жүзіндегі адамдардың 3% ын құрайды, және де ол 6-10% дейін өседі деп күтілуде.

ҚД нің әлуметтік маңыздылығы оның ерте мүгедектікке жеткізетіндігінде. ҚД көздің барлық бөлігін зақымдайды:

• Қабақтар (блефариттер, теріскен),

• Конъюнктиваны (конъюнктивиттер, тамырлардың кеңеюі),

• Қасаң қабықты (эрозия, кератиттер, кератопатия, қасаң қабықтың жарасы),

• Қан тамырлы қабат (ириттер, иридоциклиттер, увеиттер, глаукома),

• Көз бұршағы (катаракта),

• Көру нервісінде (нейропатия, көру нервісінің атрофиясы),

• Тор қабықта (диабеттік ретинопатия).

Бұл аурулардың пайда болуына диабеттің мерзімі, түрі, қанша уақыт ауырғанына, қанттың мөлшері тура әсер етеді.

ҚД кезінде үлкен қан тамырлардан бастап ең кішкене капиллярға дейін зақымданады. ҚД мен ауыратындарда ақ уыздың және көмірсутегінің алмасуы бұзылады да, ол қан тамырлар қабырғаларының зақымдануына әкеліп соқтырады. Сонымен қатар көздің тор қабығының қан айналымы да бұзылады. Тор қабықтың шеткері бөлігінен бастап микроаневризмдер, ары қарай қан құйылу, окклюзия пайда болады. Жаңадан қан тамырлар пайда болады. Көру қабілеті бірден түсіп кетпей біртіндеп төмендеп бастайды. Көру кеңістігі тарылады немесе скотомалар пайда болады. Біртіндеп өзгерген қан тамырлар тарылып көз түбінде қан құйылу, экссудаттар пайда болып, көз іші қысымы көтерілуі мүмкін. Ары қарай үдей түссе көз ішіне толығымен қан құйылу пайда болады, тор қабықтың сырылуы болуы мүмкін. Ары қарай тор қабықта көру нервісінде жаңадан қан тамырлар пайда болып, біртіндеп олар әйнек денеге қарай тарайды. Осы қан тамырларды бойлай фиброзды тканьдер (тін) өсуі мүмкін. Бұл тіндер тор қабықпен байланысып жиырылған кезде тор қабықтың сырылуына әкеліп соқтырады. Ал жаңа тамырлар көздің басқа бөліктеріне де тарайды. Кей кезде ол көз ішінің сұйықтық бөлінуінің азаюына әкеліп көз алмасының субатрофиясына жеткізсе, кей кезде керісінше КІҚ көбейтіп глаукома пайда болады.

Емдеуді неғұрлым ерте бастаса нәтіжесі де соғұрлым көбірек болмақ.

1. Негізгі емдеуі эндокринологта жүргізіледі (қант мөлшерін қалыпты бір деңгейде ұстау, майлы тәтті тағамнан, темекі шегуден бас тарту, қан қысымын тұрақтандыру).

2. ҚД диагнозы қойылған жағдайда міндетті түрде жылына бір рет офтальмологтың тексеруінен өту. Егер көзде қандайда бір өзгеріс анықталған жағдайда кем дегенде алты айда бір рет қаралып тұрғаны абзал. Ал инсулинмен емделетін жағдайда емді бастамас бұрын офтальмологқа қаралған жөн.

Егер де диабеттік ретинопатия анықталған жағдайда офтальмолог дәрігер ретинопатияның дамуына, сатысына қарай үш сатылы емдеу жүргізе алады:

1. Дәрілік емдеу (антипротекторлар, антикоагулянттар, қан тамырларды кеңейтетін және бекемдейтін дәрілер және т.б.)

2. Лазерлік емдеу.

3. Хирургиялық емдеу.

Автор:
М.ХУАНДЫҚҚЫЗЫ, Талдықорған қалалық емханасы, көз аурулар бөлімінің дәрігері