Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘЛЕМДІ АЛҚЫМНАН АЛҒАН ДЕРТ


1 июня 2012, 00:46 | 1 455 просмотров


2011 жылы ЖҚТБ дертіне шалдыққан науқастардың саны азайды десек те, ағымдағы жылдың 1-мамырдағы дерек бойынша елімізде 18 459 АҚТБ-инфекциясы бар науқас тіркелген. Аталмыш дерт Қазақстанда тіркелгелі бері 3 мың 600 адам індет салдарынан көз жұмған. Бұл жөнінде республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу һәм емдеу орталығы мәлімдеп отыр.

Жалпы, ЖҚТБ дерті елімізде 23 жыл бұрын тіркелген. Республика бойынша Алматы қаласында дертке шалдыққан науқастар саны басым. 23 жыл ішінде оңтүстік астанамызда 557 адам АҚТБ-инфекциясы, яки ВИЧ-тен көз жұмса, ЖҚТБ 88 адамның өмірін қиды. Осыған орай, бүгін оңтүстік астанамызда ғасыр індеті аталған дерт салдарынан көз жұмған адамдарды еске алу мақсатында арнайы шара өткізілді. «Бұл шараның негізгі мақсаты - ЖҚТБ дертінен көз жұмған адамдарды еске алып, қоғамның назарын аталмыш дертке аудару. Өйткені, ешкім де бұл дерт түрінен сақталмаған. Сол себепті азаматтар өз денсаулығына мұқият қарау керек» дейді Республикалық ЖҚТБ-мен күрес һәм емдеу орталығының бас директоры Марат Түкеев.

ЖҚТБ - әлемнің алқымынан алып тұрған дерт. Дүниежүзілік ЖҚТБ-ға қарсы күрес орталығының деректеріне жү¬гінсек, 2015 жылға қарай дерт салдарынан әлем бойынша 75 миллион науқас көз жұмады екен. Бүгінгі таңда жер шарында 40 миллион адам АҚТБ инфекциясымен өмір сүруде. Алаңдататыны сол, елімізде жыл сайын ЖҚТБ дерті жасарып барады. 2009 жылғы деректерге сүйенсек, дертті жұқтырғандардың 78,5 пайызы 20-39 жастағы жастар болса, 14 жастағы балалар да қауіпті дерттің тырнағына ілінген. Марат Түкеевтің айтуынша, дертті жеңуге әбден болады. «Эпидемияны тоқтату үшін алдымен дерттің алдын алу керек, онан соң ем-дом барлық азаматтарға қолжетімді болуы тиіс. Сосын ЖҚТБ мәселесіне қоғамның назарын аударуымыз керек-ақ» дейді Марат Түкеев.

Расында, ғасыр індетіне айналған дерттің алдын алу, оның өршелене түсуіне тосқауыл қою -қоғамның әрбір мүшесіне жүктелер міндет. Мәселен, кез келген азамат Республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу һәм емдеу орталығының зертханасынан тегін тексеріле алады.

Бүгін оңтүстік астанамызда өткізілетін шоу-бизнес өкілдері, спортшылар, талантты жастар әрі ЖҚТБ дертіне шалдыққан науқастарға бей-жай қарамайтын барлық азаматтар қатысады. Шара барысында ЖҚТБ-ның алдын алу һәм емдеу орталығының мамандары тегін кеңес беріп, азаматтарды тестен өткізеді.

Айта кету керек, АҚТБ-ЖҚТБ дертіне шалдыққан кез келген азамат тегін ем алады. Науқасты жеңіл емдеуге 900 АҚШ доллары жұмсалса, күрделі ем 5-7 мың

АҚШ долларын құрайды. Жасыратыны жоқ, қоғам ЖҚТБ дертіне шалдыққан науқасқа оң көзқарас танытпайды. Тіпті науқастардан теріс айналатын жайымыз да бар. Әйтсе де аталмыш дерт тек қана жыныстық жолмен һәм қан араласуымен жұғатынан көп жағдайда біле бермейміз.

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ