Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТАБЫСЫМЫЗ ТОЛАҒАЙ


25 мая 2012, 22:07 | 1 880 просмотров



2012 жылдың наурыз айында қазақстандық әрбір жұмысшының орташа айлық жалақысы 100584 теңге болыпты. 2011 жылдың осы мезгілінде номиналдық еңбекақы 115 пайыз болса, нақтысы шамамен 109,9 пайызды құрады деп ақпарат беріп отыр ҚР статистика агенттігі. Ең жоғары айлық тау-кен өндірісінде тіркелген. Осы салада еңбек ететіндердің орташа жалақысы 209 мың теңгені құрап, республикалық орташа еңбек ақыдан 2,1 есе артық болған. Сондай-ақ, жоғары жалақы алатындар кәсіби, ғылыми және техникалық салада тіркелген. Мұндағылар шамамен ай сайын 192,2 мың теңге алып келген.

Ең төменгі жалақы ауылшаруашылығы, орман және балық шаруашылығында екен. Оларда еңбек ететіндер орташа есеппен 42,5 мың теңге еңбекақы алып келіпті.

Аймақтық деңгейді сөз етер болсақ, әмияны қалың жұмысшылар Маңғыстау облысында жұмыс жасайды. Олар ай сайын 200 мың теңгеден астам жалақы алатын көрінеді. Бұл республикалық көрсеткіштен 1,9 пайыз жоғары. Солтүстік-Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 66,0 теңге, яғни республикалық деңгейден шамамен 34,4 пайыз төмен. Міне, статистика Агенттігі осындай деректерді алға тартып отыр.

ҚАЛТЫЛАЛАР МҰНЫ ТҮСІНЕ МЕ ЕКЕН?

Бүгінгі таңда қоғамымызда әлеуметтік теңсіздік орын алып отырғаны жасырын емес. Ол өспесе, кемитін түрі де жоқ. Байлар қазірде кедей отандастарынан 30 есе көп еңбек ақы алады. Мұндай айырмашылық ешбір дамыған мемлекетте жоқ десе де болады. Бұлай болуы мүмкін бе? Үкіметтің не ойлағаны бар? Бұл сауал көпшілік қазақстандықтарды мазалап жүргенін жасыра да алмаймыз.

МАМАНДАР НЕ АЙТАДЫ?

- 10 пайыз қалталылар мен 10 пайыз кедейлер табысы арасындағы децилді коэфицент 2011 жылдың қорытындысы бойынша 29 есе өсті. 1992 жылы 8, 2010 жылы бұл көрсеткіш 13,9 есе көлемінде тіркелді, - дейді «Караван» газетіне берген мәліметінде экономист, Экономика институты әлеуметтік болжамды экономика теориялық орталығының меңгерушісі Аманжол Қошанов.

Естеріңізге сала кетейік, дамыған мемлекеттерде байлар мен кедейлер арасындағы табыс айырмашылығының көрсеткіші шамамен 5 есе ғана. АҚШ та 9-дың ары-бері жағында, Франция, Дания, Германияда 4,5-5. Аталған мемлекеттерде әлеуметтік әділетсіздікті жою мақсатында прогрессивті жоғары салық жүйесі енгізілген. Яғни, Еуропада миллион доллардан жоғары табыс табатындарға 30-40 пайыз көлемінде салық салынады екен.

Қазақстанға оралайық. Елімізде «жалпақ» салық шкаласы жұмыс жасап келеді. Яғни әрбір еңбек ететін отандастарымыз әлеуметтік төлемдермен қоса табысынан 12 пайыз салық төлеуге міндетті. Бұл нені көрсетеді деген орынды сұрақ туындайды. Мамандардың пікірінше салық төлеу көлемін төмендетуде тек қалталылар ұтыста екенін аңғартады. Әмияны жұқалар бұл ретте ұтылып қала бермек. Біздің салық органдары әрбір азаматпен жеке жұмыс жасауды білмейді. Олар «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» демекші жұмыс жасағанды дағдыға айналдырған деген пікірде білікті экономисттер.

Бұдан қазақстандағы салық тәртібі ақсап келе жатқандығын аңғарамыз. Батыс мемлекеттерде салық төлеуден жалтарғандар ауыр жазаға да тартылып жататыны белгілі.

- Қазақстан халқының әлеуметтік теңсіздігі банктердегі депозит құрылымдарынан-ақ аңғаруға болады. Еліміздің барлық депозиттер сомасының жартысынан астамы барлық салымдардың бір пайызын құрайды. Ал, тұрғандырдың алтыдан бір бөлігінде ғана «анау-мынау» жағдайларға қажетті ғана жинағы бар,-деп түсіндіреді экономист Аманжол Қошанов.

НАҚТЫРАҚ АЙТАР БОЛСАҚ

Еліміздегі әлеуметтік теңсіздік шырқау биігіне жеткен сияқты. Статистика Агеттігінің дерегіне жүгінсек, Қазақстандағы нақты айлық еңбекақы 103 доллар мен 517 доллар аралығында. Бұл орайда еліміз тұрғындарының үштен – бірінің жалақысы небәрі 310 доллар шамасында. 2011 жылғы инфляция бұл ретте өзінің кесірін тигізбей қалмады. Өздеріңізге белгілі инфляция көлемі бұл жылы 8,3 пайызды құраған болатын.

Аманжол Қошановтың пікірінше, біз шетелдік алпауыттардың кіші серіктестіктері ғанамыз. Сондықтанда, жоғары деңгейде дайындалған, іс жүзіне аса бастаған жобаларда біздің пікіріміз бен қызығушылығымыз ескерілмейді де. Тығырықтан шығудың және өзімізге тиесіліге ие болудың бірден-бір жолы – аталған жобаларға белсене қатысу, солардың активтерін көптеп сатып алу, басқа да әділетті қызмет атқаратын кәсіпорындармен тығыз іскерлік байланыс орнату. Неғұрлым көп активтеріміз болса, соғұрлым көп табысқа ие болуға болатыны белгілі. Әлбетте, бұл біздің үкімет пен ұлттық компаниялардың ең басты бас қатыратын жұмысы деген пікірде Аманжол мырза.

ӨЗГЕРЕТІН КЕЗ КЕЛГЕЛІ ҚАШАН

Аманжол Қошановтың пікірінше жекешелендіру кезеңінде мемлекет көптеген кәсіпорындарға ықпал ете алмай қалған. Ол айдан анық. Кәсіпорындар болса, жекешелендірілгеннен кейін өзара байланыстан да қалды. Яғни, әркім өз «көрпесін» өзіне қарай тартумен ғана шектелді. Нарық қыспағына шыдай алмай қалғандар қаншама? Не істеу керек?. Экономист бүгінде қызмет жасап тұрған зауыттар мен фабрикалар, басқа да кәсіпорындар арасындағы бұрынғы қалыптасқан іскерлік байланысты жандандыруды ұсынады.Бұны тек мемлекет бақылауындағы корпорациялар арқылы ғана жүзеге асыруға болатыны белгілі.

Бұл қарапайым халыққа не береді? Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалақы өседі. Ең бастысы, ұлттық өнеркәсіпті дамыту арқылы шетелдіктердің «шикізаттық жемтігінен» құтылудың бірден-бір жолы осы.

P.S. Бала кезіміз. Өткен ғасырдың 60 жылдары. Ата-аналарымыз «ржаной нан жеп өстік. Жарық деген болған жоқ. Майшаммен отыратынбыз. Өгіз жегіп жер жыртып, егін салатынбыз, тағысын-тағы осындай әңгімелер айтатын. 60-жылдары жарық болды. Техникамен егін салынады, жиналады. Әр үйге радио, қалаларда теледидар пайда бола бастады.Зауыттар мен фабрикалар жұмыс жасады. Соны көре тұра «осы ата-аналарымыз неге өтірік айтады» дейтінбіз де. 80-ші жылдардың да несібесі болды. 90-шы жылдарды да көрдік. Осы жылдары мынадай бір анекдот тараған: «Индияның киносын көріп жүріп, коммунизмнен өтіп кетіпіз ғой» деген...

Автор:
Ырыс КЕНЖЕ