Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОТАНДЫҚ ТЕЛЕИНДУСТРИЯҒА РЕФОРМА ҚАЖЕТ


18 мая 2012, 00:39 | 2 109 просмотров



Құдайберген ТҰРСЫН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дің журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Қоғамдық өмірдің барлық саласында жүріп жатқан реформалық өзгерістер телесалада байқала ма?

- Қай кезеңде болсын телевизия араласпаған сала, проблема, мәселе болған емес. Сондықтан ол еліміздегі күнделікті іс-әрекеттердің басы-қасында болып, үнемі көрермендеріне шыншыл, әрі толыққанды ақпарат жеткізу жолында жұмыс істеулері қажет. Ал теледидардың өз ішіндегі реформаға келсек, ол ең кемі 180 градусқа кілт бұрылуы және шығармашылық техникалық салада да нақты қадамның жасалуы - қажеттіліктен туындап отырған өткір мәселелер. Себебі елдегі, қоғамдағы оңды өзгерістерді телевизия өзінен бастауы керек. Басшылар мазмұны сапалы, айтары ойлы, формасы өзгеше әрі көрермендерді қызықтыратын бағдарламаларға кең жол ашулары тиіс. Телеөнер саласына жалтақтық, жайбарақаттық, жауырды жаба тоқу - жараспайды.

Істің қарқындылығы, жұмыстың өнімділігі телесаланың тізгінін ұстаған басшыға да байланысты. Жетекшіге батылдық, танымдылық, қажырлылық, тиянақтылық әрі интеллектуалдық алымдылық керек.

Қазір ақпараттық майдан шебінде отандық телеарналар қазақ үшін не істеп жатыр деген қайқы сұрақ тас төбеде алмас қылыш секілді үнемі қасқиып тұруы тиіс. ХХ ғасырдың басында елдегі зиялы азаматтарды мазалаған «ұлт үшін не істеу керек» деген сұрақ болмап па еді? Төрт ғасырға жуық бодандықта болып, еркіндік алған ел, өзге елдермен терезесі тең болып, әлемдік цивилизацияда өзінің лайықты орнын алу үшін «не істеу керек» деген сауал, керісінше, ХХІ ғасыр басында одан да маңызды бола түсті.

Телесалада саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, адамгершілік-ізгілік секілді жайттарды неге салыстырмалы талдап, жүйелі телехабарлар жасамасқа? Айтпақ ойдың дәнін түйіндеп, толғану деңгейімізді оятып, көсіле толғап, есіле баяндайтын, өткір де бейнелі суреткерлік шеберлік эфирдегі кез келген тележурналистің бойынан табылуы ләзім. Халқына, ұлтына мақтаныш сезімі үстемдік алған жерде - табыс та, жетістік те болады

- Елбасының биылғы Жолдауын насихаттауға мемлекеттік емес БАҚ-тар да тартылады деген пікір жайлы ойыңыз?

- БАҚ мемлекеттік не мемлекеттік емес болсын, ол елдің алдында тұрған актуалды әрі өткір мәселелерге дер шағында араласып, оның қоғам үшін пайдалы тұстарын сол мезетте аудиторияға жеткізіп отыруға міндетті. Себебі - көрермен ортақ, олай болса проблема да бір. Кейде мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған арналар кейбір мәселеде жалтақтық танытып жатса, ал коммерциялық телеарналар осы жайтты аудитория алдына шығарып, оның теріс тұстарынан көрерменді сақтандырып отырады. Әрі жаңа медиажобалардың елімізді, экономиканы жаңғыртуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы мәселесін де министрліктің оңтайлы шешкені дұрыс. Мұндағы мақсат - БАҚ-тың қазақстандықтарды Мемлекет басшысының саясатын қолдауға жұмылдыру болмақ.

- Біздегі БАҚ өнімдері тұтынушыларды «мәдениет саласында» өте тар мағынада қанағаттандырып жүр деген пікірге қалай қарайсыз?

- Амал не, біз күні бүгінге дейін эфирде көрерменге «эмоционалды-интуитивті» түрде ғана әсер етуге қол жеткіздік. Экранға жарты ғасыр аз мерзім емес. Қай салада болсын аудиторияға аса терең, әрі жан-жақты, мағыналы және мәнді мәліметтерді бере отырып, оның тиімділік жақтарын да естен шығармауымыз керек. Бір ғажабы сценарий авторы толғанғандай хабар жүргізуші де эстетикалық құндылықтарды сақтауға шақырады. Ниет орынды, алайда осы құндылықтар қалың көпшілікке не береді, эфирде осыдан ұтысқа шығатын тұстарымыз қандай деген мәселе қашанда басы ашық күйінде қалады.

Ұлттық немесе өзге тілдегі телеарналар экранды рухани жағынан молырақ әрлеулері керек. «Көпшілігінде пайымдау, логика ғана ... ұқсас формалар екенін мойындай отырып, ал бұның бәрі философия» деп оның астарында бос, өңі теріс айналған сөздер екенін, өзіміздің білгеніміз жөн. Ал нағыз интеллектуалдық салмақ сөз бен ұғымнан әлдеқайда терең қабаттарда жатыр. Соны жеткізуге келгенде ақыл-ой тежеліске түсіп, сөзден қуат, ойдан нәр кетеді.

Бүгінгі кезеңнің орташа көрерменінің өзі де өнер мен өмір құбылысы жайлы әжептәуір байлам жасап, ой түйіндейді. Оларды алдамшы сағым, әлі балаң иллюзиямен алдаусырату қажет емес. Теледидар экраны осы тетікті табуы тиіс. Жақын жылдарда тек эмоционалды ғана емес, негізінен, интеллектуалдық біліммен жан-жақты қаруланған жастар өсіп шығып, олар экраннан өзге бір дүниелерді іздейді. Себебі олардың бәрі де есепшілер. Энтузиазм адамдарда ашықтан-ашық белең алып, олар шешімнің ең тиімді жолын іздестіріп әрі уақытты үнемдеп, өмір сүруін тоқтатқан нысанның өзінен де әлі сарқылмаған қуаттарды қарастырады. Тәуелсіздік тұғырын нығайтып жатқан мемлекет алдында қарапайым мәселе - ақылмен саралап-салмақтап, кез келген саладағы білімде математикалық категорияда ойлайтын және осы ойлардан эмоционалды қанағаттанушылық алатын ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұр.

- Телевизиядағы көрініс пен сөздің бірлігінен келіп туындайтын, көркем әрі келісті дүниеге қол жеткізу соншалықты қиын ба?

- Телевизия - синкреттік өнер әрі синтезді дүние. Сюжеттің өн бойындағы бір-бірімен жарасымды жымдасып, орнымен қиюласқан кадрлар қырағы оператор мен шебер режиссер ақыл ойының тоғысынан туындаған дүниелер. Телеэкрандағы көрініс алдымен оператордың қырағы көзі әрі сезімтал жан әлеміне орынды ілініп, ол режиссердің монтаж кезіндегі байқампаздығы әрі қырағылығымен тұтастыққа айналғанда ғана биік нәтижеге қол жетеді.

Амал не бізде күні бүгінге дейін «өнерді өнер ғана емес, одан рухани ләззат алатын кеңістік» деп түсінетін толағай телеоператорлық орта қалыптаспай келеді. Жарты ғасыр мерзімде шоғырлы әрі шеберлігі шыңдалған шоқтықты операторлық мектепті қалыптастыра алмағанымызды мойындауымыз керек. Режиссерлік құрамда өсулер әр жылдарда болғанымен, бұл саладағы мектепте де жүйелілік, сабақтастық болмады. Ал көркем де келісті, ойлы әрі тұтастыққа айналған сөз телесценарийстің ақылы мен ойының тоғысынан туындайтын көркем дүние болса, мұның да аймаңдайының жарқырап тұрмағаны тағы ақиқат.

Осының бәрінің түп себебі, бізде телеөнер саласына көңіл бөліп, оның көркеюін ойлап, бас ауыртып жатқан мекемелер мен ұйым не басшылық жоқ деген тоқтамға саяды. Мемлекеттік деңгейде көтерілмеген мәселе ешқашанда өзінің оң шешімін таба алмайды. Сондықтан осы мәселенің төңірегінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің коллегиясында арнайы шешім қабылдап, «келелі істі кеңесіп бастайтын» уақыт жетті. Телесценарийстер мен телепродюсерлердің, телеоператорлар мен телережиссерлердің республикалық мектебін ашып, онда аға және орта буын мен кейінгі толқын жастардың рухани әрі көркем шығармашылық ортасын қалыптастыруымыз керек. Министрлік мол қаражатты осындай қайтарымы бар істерге бөлгені абзал.

- «Телерадиохабарларын тарату» туралы заң қабылданды. Ел аумағындағы осы саладағы санаулы телезерттеушілердің бірі ретінде осы заңнан не күтесіз?

- 1993 жылы сол кездегі «Қазақстан» мемтелерадиохабарларын тарату компаниясының төрағасы Шерхан Мұртаза ағамыздың басшылығымен «ҚР Теледидар және радиохабарлары» туралы заң жобасының даярланғанын біреу білсе, біреу білмейді. Жеті тараудан тұратын отыз бес баптық Заң мәтіні халықаралық талаптарға сай жасалынған. Осы заңның мәтіні менің қолымда күні бүгінге дейін сақтаулы. Ал мына заңның қабылдануы сол еңбектің жалғасы деп білемін. Дегенмен заңды қабылдау бар да, ал оның орындалуын бақылау тетіктерінің мүлтіксіз жұмыс істеуі тағы бар. Осы жағына келгенде әлі де жалтақтық танытып жатамыз. Заңда зорлық-зомбылық, қатыгездік және порнографиялық әрі бейбастық істерге тыйым салынған. Алайда осы баптардың республика аумағында эфирге шығатын телеарналарды толықтай қатаң бақылауда ұстап отырғандығы күмән тудырады. Екіншіден, телеарналарды дамыту үшін отандық өнімдерді көбейту қажеттігі аса өткір мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде тұр. Осы орайда ел шежіресінің жарқын беттері мен тарихын кеңестік кезеңде ширек ғасырдан астам жинақтаған «Қазақтелефильм» студиясын қайта өмірге оралту қажет. Үшіншіден, эфирдегі төл өнімдердің мөлшері елу пайызға жету үшін ана тіліміздегі көрермендер әлі де бес-алты жыл шыдамдылық танытуы керек. Бұл - ұзақ мерзім. Қазіргі өлшем бойынша біз эфирде небәрі жиырма пайыздық көрсеткішпен қанағаттанып отырмыз. Төртіншіден, отандық телеарналар әр алты сағат сайын қазақ тілді бағдарламалар көрсетуі тиіс деген бапқа да бақылау қажет.

Демек, орташа есеппен ТМД шеңберін қамтитын тәуліктік уақыттағы он сегіз сағаттың үш сағатын «ел аумағындағы өткір проблемаларға арналған» бағдарламалармен толтыру мәселесін Мәдениет және ақпарат министрлігі қатаң назарда ұстағандары жөн. Бесіншіден, кабельдік желі арқылы елімізге таратылатын шетелдік телеарналарға талапты күшейте отырып, олардың заң шеңберінде әрекет жасауларына қадағалауды Бас прокуратураға тапсырған орынды. Әйтпесе мұның зардабы кейін орны толмас өкінішке соқтыруы әбден ықтимал. Алтыншыдан, телеарналардың «19-22 сағат» «алтын белдеуді» түрік, корей не Еуропа, американ сериалдарымен толтырып, әрбір бес минуттан көрерменді «мезі еткен» жарнамамен жалықтырғандары заңды белден басу болып табылады. Соған орай, Қытайда 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап сериалдар арасында жарнама көрсетуге әрі кешкі 19-21 арасында өтетін сериалдарды үзуге тыйым салынды. Сондықтан, ел аумағында таратылатын телеарналарға да дәл осындай заң қажет және осы аралық «ұлттың ұлы мұраттары жолындағы» шынайы да тартымды бағдарламаларға берілсе. «Ақшаға құныққан ашкөздердің тойымсыздығы» қазақ елінің рухани дүниесін шетке ысырып, дүниені «көк қағазға» айырбастауда. КТК арнасындағы «Давай, поженимся» бағдарламасы ғасырлар сілеміндегі ұлт құндылығына «балта шабу» емес пе? Қазақ қай кезеңде үкілеп отырған қызын, жолбике жеңілдерге оп-оңай ұстата салып еді. Ресейде бар екен деп, бізде осыны ашу қажет пе? Бұл не деген бейбастық, бетімен кетушілік.

- Ұлттық деген желеумен «талғамсыз, шикі» хабарларды экранға талғамсыз тоғыта беруден ұтарымыз көп пе, әлде ұтылысымыз мол ма?

- Этнографиялық халықтық әрі ұлттық құндылықтармен көмкерілген хабарлардың экранда мол болғаны дұрыс. Алайда мұның да пішіні мен мазмұнының үйлесімділігін ескере отырып, көрермендерді мезі етпейтіндей түрде берген орынды. Бүгінде экрандағы дүниелерге көрермендер әлемдік үлгіден көз салып отырғанда, қазақ тіліндегі хабарлардың тұлға пішіні қандай болуы керек екенін жете әрі түбегейлі ескеруіміз қажет.

Күнделікті өмірде актуалды мәселелер аз ба, тақырыптар аясын неге кеңітпеске? Нарық болса қос өкпеден қысып барады. Баға күн санап шарықтай түсуде. Экономикамыз қандай тұйыққа тірелді? Одан шығар жол бар ма? Болса қандай? Осы түйінді сұрақтар төңірегінде білікті экономистерге неге телеэфирден жиірек сөз берілмейді. Мысалы, Жапонияда теледидар экономикаға ықпал етеді. Алайда өз кезегінде экономиканың да телебағдарламаларға әсері мол. Күншығыс елінде көгілдір экрандағы жаңалықтардың басым бөлігін экономикалық ақпарат иемденеді. Көптеген бағдарламалар биржалық құлақтандыру және валюта курсымен толтырылған. Теледидар компаниясының штатына экономистердің үлкен тобы шоғырланған. Олар тек экономика мәселесіне ғана емес, экраннан бір мезгілде көрермендерге әлеуметтік және өзге де сұрақтар төңірегінде айқын әрі нақты түсініктеме беріп жатады. Кейбір жапон ғалымдарының бағалауынша елдің телевизиясы соңғы қырық жылда экономикалық құрылымға толықтай кіріккен.

- Болашақта «Білім» телеарнасын құру турасындағы жоба жайлы ойыңыз қандай?

- Кеңестік кезеңнің зияндылығы көп бола тұра, оның ілкімді тұстарының да молдығын атап айтуға тиіспіз. Кезінде Орталық теледидарда «ІV оқулық» телеарнасы жұмыс істеді. Осының негізінде одақтас республикалар «Ғылыми-көпшілік және оқулық» редакциясын ашып, оның білім бұлағынан сусындаған жастарға бергені мол болды. Жасөспірімдердің таным-білігі мен ой-өрісін белгілі бір бағытқа бағыттаудағы теледидардың «мол әлеуетін» мойындаған жөн. Сондықтан да қос министрліктің күш біріктіре отырып, бүгінгі өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орны бөлек телеарна ашу бастамасын құптау керек. Әңгіме, енді осы телеарна жеке қамыт кие ме, әлде басбұйдасы белгілі бір арнаға байлана ма? Алдымен, осы мәселені айқындап, оның басын ашып алған орынды. Алайда, алғашқы кезеңде «Қазақстан ұлттық» не «Хабар» арнасынан «Ғылыми-көпшілік және оқулық» редакциясын ашу керек. Сосын уақыт оздырмай мұны жеке «Білім» арнасы ретінде жаңа телеарнаға айналдыру керек. Әлем елдерінің көпшілігінде «оқулық телевизиясы» мемлекет қаржысына не демеушілік танытатын компаниялар мен ұйымдар, жекелеген қорлардың қолдауымен өмір сүруде. Ескеретін жайт, осы арнада Жапониядағыдай халықты «сырттай немесе қашықтан оқыту» мәселесін ұмыт қалдырмаған орынды. Әрі бұл ақылы түрде болғаны дұрыс. Сонда біз алыстан ат сабылтып, Алматы не Астана әлде облыс орталықтарына айлап келетін студенттер легін азайта отырып, екі жақты интерактивті оқытуға көшеміз.

Бастапқы кезеңде бұл арнаны төл бағдарламалармен толтыру мәселесі оңайға түспейді. Оған себеп, бізде бұл бағыттағы маманданған тележурналистер легі ғана емес, осы саланы түсіретін операторлар мен режиссерлер және сценарийстерді даярлау қолға алынбады. Бұл мәселе осыдан 3-4 жыл бұрын басталуы керек еді. Алайда оны ойлаған, қажет еткен мекеме болмады. Сондықтан келесі жылғы оқу жылынан қалдырмай Елбасының тапсырмасымен кезінде Астанадан ашылуға тиіс «Өнер институтының» орнына бүгінгі уақыт тынысына сай «Масс-медиа және көпшілік коммуникация» не «Кино және телевизия» институтын ашу қажеттілігі пісіп жетілді. Әлемнің осы бағыттағы телеарналарымен шартқа отырып, олардың телехабарларын алу әрі оны ана тілімізде сөйлету жолдарын қарастыру керек. Балалар бақшалары мен жоғары және орта оқу орындары және мектептердегі тәлімі мен тәжірибесі, білімі мен білігі, парасаты мен пайымы мол тәрбиеші, ұстаздар мен оқытушыларды телехабарларға көптеп тартқан орынды.

- Телехабарларды даярлау жүйесінде жұмыс істейтіндердің табысқа жетуі үшін оларға қандай қасиеттер қажет?

- Жинақылық, табандылық, алымдылық, сүйкімділік әрі өзіңе деген сенімділік және тілдің қасиеті мен қадірін сезіне білушілік. Эфирлік уақыт тым қымбат. Сондықтан қашанда теледидар индустриясына - айқын, қысқа әрі дәл жазып, мәнерлі сөйлейтін, терең әрі жан-жақты ойлайтын биік ойлы тұлғалар керек.

- Өзіңіз осы саланың қазанында қайнадыңыз әрі бүгінде де ғылыми бағытта осы ортаның мәселелерімен айналысып жүрсіз. Зерттеушілер айта беретіндей телевизияның 80-жылдардағы «алтын ғасырына» жету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Кеңестік кезеңде телерадиокомитет басшылығына кадрларды Орталық Комитет бекітетін. Әрі олар осы салада қосшылық қызметте істеген, тәжірибе жинақтаған, елге танымал, ортаға сыйлы және телерадионың қай бағытта даму керектігімен таныс тұлғалар болатын. Басшылық та теледидарда істеп жүрген кадрлардың білімі мен білігіне қарай оларды қызмет сатысымен жоғарылатып отыратын. Әрі редакциялар арасында бәсекелестік те мол болды.

Ең соңында, аға буын мен орта буынның жарасымды жалғастығы, осыдан келіп өмір көшіне жаңа қосылған жастардың үйрену, үлгі алу мектебіндегі сабақтастық пен сыйластық нәтижелі істерге қол жеткізді. Солай етіп, сайдың тасындай таңдамалы кадрлық құрамның әлеуеттілігі әрі қарымдылығы Қазақ телевизиясын шырқау биікке шығарды.

Өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталған «қысқарту дүрбелеңі» теледидарды да айналып өткен жоқ. Міне, осы шақтан бастап телеэкран өзінің жарасымды сәнінен, айтары мол телехабарларынан айырыла бастады. Танымал кадрлардың көпшілігін тәуелсіз арналар өздеріне ыңғайлап алды. Оның үстіне осы салада жыл сайынғы «реформалау» мен «қысқартулар», басшылық құрамдағы салаға қатысы жоқ тұлғалардың қосындарымен көшіп жүрулері үйреншікті әдетке айналды. Тәжірибелері тәлімге айнала бастаған, ұзақ жылдар телеарнаның «отымен кіріп, күлімен шыққандар» көшеден келген пақырдан әлденеше кем жалақыға қарап қалды.

Сондықтан министрлік басындағы осы салаға тікелей жауапты адам басшылық құрамға парасатты, тәжірибелі, білімді, шешімді, орнықты, сыйлы тұлғаны тағайындай отырып, оған қосшылыққа да осы салада істеген не істеп жүрген азаматтарды қойғаны орынды болар еді. Телеэкран қай кезеңде де халқымыздың бет бейнесі мен ақыл-ойынан, пайымы мен парасатынан хабар беретін идеологияның ең бір өткір саласы. Бұл мемлекеттің қолындағы аса қуатты қару әрі аудиторияға айтары мол, әлі ашылмаған қырлары мол тұңғиық әлем.

- Кезінде Ресей телеарналарының бағдарламаларын 20%-ға дейін қысқарту төңірегіндегі әңгіме жайында не айтар едіңіз ?

- Бұл шараны кезінде тәуелсіз арналардың шектен шыққан бейбастығына қарсы қолданылған амал деп қараған жөн. Олар, біріншіден, 50-50 деген 18-бапты «жылы жауып қойды». Әрі осы баптың орындалуын бақылап, оған шара қолданып жатқан тиісті орындар да баспасөз беттерінде телеарналарға айбат шегуден арыға бара алмады. Бірде Алматыдағы тәуелсіз телеарналарға зерттеу жүргізгенімізде «Алматы» арнасы 4 сағат 25 минут эфирдің 1 сағат 25 минутын, «31-арна» 11 сағаттың 4 сағат 15 минутын, «Таң» 22 сағаттың 1 сағат 05 минутын ғана өз шығармашылық тобының күшімен толтырған. Осылардың көпшілігі дерлік күніне 3-4 рет қайталанып берілетін «Жаңалықтар». Өзгелері Ресейдің «НТВ», «ТВ-6», «ТНТ», «Рен ТВ»-дағы Батыстың не өзге де елдердің көшірме дүниелерінің жиынтығы. Осыдан-ақ біздегі баға жеткісіз қаншама бос кеңістікті Батыс пен Ресейдің жаулап алғандығын байқауға болады. Осы жерде ақпараттық кеңістіктегі басқыншылық (экспансиялық) сойқан саясатты біздің көзі қарақты азаматтарымыздың түсінбей не түсінгісі келмей отырғандығы таңдай қаққызады. Дегенмен кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Өзінікін өзекке теуіп, өзгенікіне қол жайған» деген айдармен жарияланған материалдағы халық қалаулыларының «отандық кино және телеиндустрияның құлағын ұстағандардың ұстанымдары түсініксіз» деген ойларымен еріксіз келісесің. Парламенттің экс депутаты Бақыт Сыздықова ханымға рақмет! Ана емес пе, өзінің от басында және өзгелердің жанұясында желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарының ертеңіне елеңдейді. Кезінде Парламент Мәжілісінің депутаттары болған және кейбірі бүгінде осы орынтақтағы Уәлихан Қалижан, Бекболат Тілеухан, Алдан Смайыл, Нұртай Сабильянов және өзге де елжанды азаматтар бұл бағытта табандылық танытса да, кейін уақыт өте келе көп нәрсе өз арнасына қайта түсті. Демек, телеарналардағы «тұйықталған шеңбердің» мәселесін арнайы отырыста қарайтын әрі осыған жауапты орындардан қатаң талап ететін кезең келді.

Кезінде Жапонияның телевизиясы өзінің қаржылық базасын нығайту үшін көрермендеріне телеқабылдағышты пайдаланғаны үшін ай сайынғы төлемақы енгізген. Осы жолмен жүруге Ресей телеарналары да дайындалуда. Мемлекеттік және тәуелсіз арналардың қазақ тіліне арналған уақыттарын есептеп, оларды он-он бес жыл мерзімге салықтың барлық түрлерінен босату керек. Бұл - Парламент пен Сенатта отырған елдің ертеңін, ұрпақтың болашағын ойлайтын азаматтарға үлкен сын. Осындай жағдайда ғана біз ана тіліміздегі телебағдарламалардың молайып, олардың рухани бос кеңістігімізді, төл дүниелерімізбен толықтырып, көрермендеріміздің көңіл күйінен шығуға жол ашамыз. Ал, төл телеэкран «ұлттың ұлы мұраттарына» бағыт ұстанғанда ғана телеәлемнің бізге әлі беймәлім жаңа бір көкжиегіне бағыт түзейтін боламыз!

- Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН. "Айқын" газеті