Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АЛПЫС ҮШ!?


18 мая 2012, 00:37 | 1 558 просмотров



Иә, қазақстандықтар қарсы. Неге дейсіз ғой. Әйелдердің де 63 жаста зейнеткерлікке шығуына. Бұл Қазақстан кәсіподақтары ерікті Конфедерациясы (ҚКЕК) жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері дәлел бола алады.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір-екі ай бұрын Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Григорий Марченко Қазақстан азаматтары үшін бірегей зейнеткерлік жас енгізу керек деген ұсыныс айтқан болатын. Яқи, бұдан былай нәзік жанды аруларымыз 5 жыл, дәлірек айтқанда 63 жасқа дейін тер төгіп, еңбек етулері тиіс. Әлбетте, балалары аналарының, жұбайлары әйелдерінің 63 жасқа дейін жұмыс жасауын құптамайды. Кәсіподақ белсенділері еліміздің бірнеше қалаларында болып, 18-63 жас аралығындағы әйелдер мен ерлерге бас банкирдің ұсынысына қалай қарайтындықтары жөнінде сауал қойыпты-мыс. Нәтижесінде олардың 94 пайызы (әйелдер жағы) үзілді-кесілді қарсы екендіктерін білдірген. Тағы бір айта кетерлігі, респонденттердің 42 пайызы керісінше нәзік жандар 55 жаста зейнеткерлікке шықса артық емес деген пікірде көрінеді.

ҚКЕК президенті Лариса Харькова ханымның пікірінше әйелдердің баса көпшілігі Марченконың ақпаратына қанағаттанбайтындықтарын білдірген көрінеді. – Нәзік жандар зейнеткерлік жас дейгейі керісінше төмендейді деп үміттеніп келген. Деседе, еліміздің азаматтық қоғамы, шенеуніктер естерін жиятын шығар,- дейді Л.Харькова.

БІР ҚОР БОЛАДЫ-МЫС...

Бұл зейнеткерлік жасқа қатысты дүние. Ал, өткен аптаның соңында ҚазТАГ ақпарат агенттiгiнiң “бүкiл зейнетақы қорлары бiр қорға бiрiктiрiлiп, оны шетелдiк компания басқарады екен” деген ақпараты қаржылық ортада ғана емес, қарапайым халық арасында да дүрбелең тудырды.

Ақпарат агенттiгiнiң дерек көзiне сүйенсек, елiмiздегi зейнетақы қорларын бiрыңғай қордың аясына бiрiктiрiп, оны шетелдiк компанияға ұстату бастамасын Бүкiләлемдiк банк көтерiптi. Ендi қазiр зейнетақы жүйесiнiң жаңа тұжырымдамасы дайындалып жатқан көрiнедi. Ол биылғы жылдың тамыз айында да¬йын болмақ. Ары қарай мұны қабылдау-қабылдамау жағын үкiмет шешедi.

Бiрақ, бiрыңғай мемлекеттiк қор құру мәселенi шешiп бере ала ма? Зейнетақы жүйесiн өзгертудiң астарында не жатыр? Ел салымшыларының қаржысын шетел-дiк¬терге ұстату қаншалықты ақылға қонымды? Бұл турасында экономист Қанат БЕРЕНТАЕВ:

«Жинақтаушы зейнетақы қорларына адам өз еркiмен ақша салуы тиiс. Ал мiндеттi салымдарды ортақ қорға жинақтаған жөн. Оны мем¬лекеттiк зейнетақы қоры, немесе бас¬қаша атауға болады. Яғни, жалпыға ортақ ерiктi зейнетақы жүйе¬сiне қайтып оралуды меңзеп отырмын. Жалпыға ортақ зейнетақы жүйесi кепiл¬ден¬дiрiлген болуы тиiс. Ал оның үс¬тiнен тағы кiрiс тапқысы келетiн¬дер қорларға ерiктi түрде ақша аударсын.

Қорларды бiрiктiру, я болмаса топтарға бөлiп тастау – зейнетақы жүйесiнiң мәселесiн шешiп бере алмайды. Зейнетақымен дұрыс қамтамасыз ету үшiн зейнетақы жүйесiн түптамырымен жақсарту керек. Ал мұндай жағдайда бүкiл қорларды бiрыңғай қорға бiрiктiрудiң арты жақсылыққа апармайды.

Менiң айтпағым, ақыры халық 10 пайызды қорларға аударып үйренген екен, онда бұл қаржы мемлекеттiк қорға бағытталсын. Осы қордан жалпыға ортақ зейнетақы төленсiн. Бұл қор өмiр бойы жұмыс iстеген адам қанша зейнетақы алуға лайықты болса, сол мөлшердi қамтамасыз етуi керек» деген пікірде.

Ал, Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығы кеңесiнiң төрағасы Айдар ӘЛIБАЕВ болса:

- «Соңғы кездерi зейнетақы активтерiне көз салушылардың қатары көбейдi. Қыруар қаржыға қызыққан қаржыгерлер мен саясаткерлер тыным таппастан оны инвестициялау¬дың жолын ұсынып жатыр. Бiрақ зейнетақы салымдарына қол салуға жол жабық. Содан амал жоқ, қулыққа басқандар оны айналып өтудiң алуан түрлi айласын iздеп әлек. Бүкiләлемдiк банктi жамылған бiреулер қазақстандық қорларды жекеменшiк шетелдiк компанияға бас¬қартуды ұсынды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұлар зейнетақы қорларының ахуалы ғайыптан тайып жақсара қалатындай түк ұсынып отырған жоқ. Ал, шетелдiк басқарушылар қазақстандықтардың зейнетақы салымдарын шетелге шығарып, табысы төмен Батыстың құнды қағаздарын сатып алудан басқа түк бiтiрмейтiнi бесенеден белгiлi.

Ал, ендi бұл бастамаға саяси тұрғыдан қарап көрелiк. Бiз жерасты байлығымызды шетелдiктерге ұстаттық. Мұнай, тау-кен, металлургия саласындағы кәсiпорындар солардың қолында. Банк жүйесi де толығымен өз иелiгiмiзде емес, шетелдiктер оған да жарым-жартылай енген. Зейнетақы активтерiн шетелдiктерге өткiзiп берсек, сонда қазақстандықтардың өз қолынан не келедi? - деген заңды сұрақ туындайды. Демек, өзiмiз қолда бар ақшаны дұрыс басқара алмайтын болғанымыз ба?

Рас, зейнетақы қорларының шешiлмеген проблемасы жоқ емес. Бiрақ көпшiлiк бұл мәселенiң түпкi себептерiн ұмыта бастағандай. Ұйымдастырушылық-құқықтық тұрғыдан алғанда қорлар дұрыс жұмыс iстеп жатыр. Оларға тағылатын сын кiрiстiлiкпен байланысты. Бiрақ бұның да өз себебi бар. Қазақстандағы зейнетақы жүйесi дұрыс жұмыс iстесiн десек, заңды қатаң сақтау керек» деп ой бөліседі.

Зейнеткерлік жасына қайта оралайық. Зейнеткерлік жас деңгейін көтерудің астарында не жатыр? Бұл турасында отандастарымыз: «Зейнеткерлік жинақ қоры жеткіліксіз. Еңбек зейнетіне шыққандарға берер ешнәрсе қалмады. Сол себепті шенеуніктер 63 деген санды ұсынумен әлек» дейді.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда 40 жастан асқан азаматтар жұмысқа орналаса алмайды. Ал 60-тан асқандардың жайы нешік? Бұл турасында ойланатын кез келген де шығар. Осы тақырып төңірегінде пікірлескенімізде әріптесім: «Ерлер үшін 63, әйелдер үшін 58 жас артық. 60-пен 55 нақ жас емес пе? Осы жаста зейнеткерлікке шыға бастасақ, жастарға да жұмыс орны пайда болар еді» деген-тін. Онысы дұрыс та шығар.

Көрші Ресейде зейнеткерлікке ерлер 60, ал нәзік жандар 55 жасында шығады екен. Жаман емес. Бұған ешкім де қарсылық айта алмайтыны ақиқат.

Естеріңізге сала кетейік, Францияның жаңа Президенті Франсуа Олланд жеңіске жеткен күні жақтастарымен кездесті. Онда ол француздардың зейнеткерлікке шығу жасын 62-ден 60 жасқа төмендететінін жайып салды.

Бұл оның еркіндегі дүние. Десе де, айтып өткеніміздей, қазақстандықтардың әзірге алаңдауына негіз жоқ сияқты. Президент, Үкімет мүшелері мен Мәжіліс Парламентінің депутаттары, қоғамымыз тиімді шешім қабылдайды деп үміттенейік.

Автор:
Ырыс КЕНЖЕ, өз тілшіміз