Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖЕДЕЛ КОРОНАРЛЫ СИНДРОМ


4 мая 2012, 22:28 | 59 843 просмотра



Жедел коронарлы синдром-тұрақсыз стенокардияға немесе жедел миокард инфарктісіне күдік тудыратын симптомдар немесе клиникалық белгілер жиынтығы. Жедел коронарлы синдромға жедел миокард инфарктісі, ST–жоғарылауымен миокард инфарктісі,

ST-жоғарылауынсыз миокард инфарктісі, биомаркерлер бойынша, немесе ЭКГ белгілері бойынша, ферменттер өзгерісі бойынша анықталған миокард инфарктісі және тұрақсыз стенокардия жатады. Термин осы аталған жағдайлардың соңғы диагнозына дейінгі емдеу тактикасын таңдау қажеттілігіне байланысты пайда болған.

ST жоғарылауымен жедел коронарлы синдромға кеудесіндегі ауырсыну немесе дискомфорт және электрокардиограммадағы ST сегментінің тұрақты жоғарылауы немесе

«жаңа» (алғаш пайда болған немесе пайда болуы мүмкін) Гисс шоғыры сол аяғының толық блокадасы тән. ST сегментінің тұрақты жоғарылауы коронарлы артерияның жедел толық бітелуін көрсетеді.Бұл жағдайда емдеудің негізгі мақсаты тамыр бітелуін тез және тұрақты жою. Осы мақсатта тромболитиктер қолданылады (егер қарсы көрсеткіштері болмаса).

ST жоғарылауынсыз жедел коронарлы синдромға кеудесіндегі ауырсыну және элекрокардиограммада жедел ишемия белгілерінің болуы, бірақ ST сегментінің жоғарыламауы тән. Бұл науқастарда ST сегментінің тұрақты немесе өтпелі депрессиясы, Т тісшесінің инверсиясы, тегістелуі болуы мүмкін. Түскен кезде ЭКГ қалыпты болуы да мүмкін. Бұл науқастарда ишемияны және симптомдарды жою, ЭКГ-ны қайталап түсіріп бақылау және миокард некрозының маркерлерін (жүрек тропониндері, креатинфосфокиназа) анықтау қажет. Мұндай науқастарды емдеуде тромболитиктер қолданбайды.

Тұрақсыз стенокардия-ауырлығы және ұзақтығы миокард некрозын тудыруға жеткіліксіз жедел миокард ишемиясы. ЭКГ-да ST жоғарылауы жоқ, қанда миокард инфарктісі диагнозын қоюға жеткілікті мөлшердегі миокард некрозының биомаркерлері жоқ.

Этиологиясы.

-коронарлы артериялардың тромбозы

-коронарлы тамырлардың ұзақ спазмы

-миокардтың оттегіне қажеттілігінің кенеттен жоғарылауы

Патогенезі.

-коронарлы тамырлардың бітелуі

- миокардтың оттегімен жеткіліксіз қамтылуы

- жүрек бұлшық етінің некрозы

Жіктелуі.

Клиникалық өтуіне байланысты келесі түрге бөледі:

- ауырсынулы

-абдоминалды

-демікпелі

-аритмиялы

- цереброваскулярлы

- симптомсыз

Некроздың орналасуы бойынша:

-сол жақ қарынша инфаркті (алдыңғы, перделік, артқы)

-оң жақ қарынша инфаркті (өзіндік диагноз болып табылмайды, төменгі миокард инфарктімен бірге дамиды)

Жүрек бұлшық етінің зақымдануының тереңдігіне байланысты:

-Q-қалыптасатын (транс-муральды немесе ірі ошақты). Аурудың алғашқы сағаттарында ST жоғарылауымен және кейіннен Q тісшесінің қалыптасуымен сипатталады.

-Q- қалыптаспайтын (трансмуральды емес немесе ұсақ ошақты).Q тісшесінің қалыптасуы тән емес, теріс Т тісшелерімен сипатталады.

Асқынуының болуына байланысты:

-асқынусыз.

-асқынумен.

Клиникалық белгілері.

Төс артындағы және жүрек тұсындағы қысып немесе батып ауырсыну. Ауырсыну стенокардияның әдеттегі ұстамасынан күштірек, әдеттегіден ұзақ, 15 минуттан көп сақталады. Ауырсыну сол жақ немесе оң жақ қолға, мойынға,төменгі жаққа, сол жақ жауырын астына, эпигастрий аймағына таралуы мүмкін. Науқас қозған, мазасыз, қорқыныш сезімі пайда болады. Нитраттарды тіл астына қойғанда әсері жоқ немесе ауырсынуды толық жоймайды немесе ауырсыну қысқа уақыттан кейін қайтадан пайда болады. Тері жабындары бозғылт, суық тер басқан. Жалпы әлсіздік, ауа жетпеуі мазалайды.

Асқынулары:

-жүрек ырғағының бұзылыстары

-жедел жүрек жетіспеушілігі

-кардиогенді шок

-перикардит

Жедел көмек.

Нитроглицерин тіл астына 0,5-1 мг немесе спрей 0,4-0,8 мг немесе 1-2 Тдоза. Ауырсынуды басу үшін. Қажет болған жағдайда және артериалдық қысымның қалыпты деңгейінде әрбір 5-10 минутта қайталау.

Ацетилсалицил қышқылы (егер науқас жедел жәрдем келгенге дейін өзі қабылдамаса)160-325 мг.

Гепарин 5000 ЕД көк тамырға.

Ауырсынуды басу үшін наркотикалық анальгетиктер енгізіледі. Морфин 1 мл 1% ерітіндіні 20 мл 0,9% натрий хлорид ерітіндісімен араластырып көк тамырға әрбір 5-10 минутта 4-10 мл-ден бөліп енгізеді. Ауырсыну синдромы мен ентікпе жойылғанға дейін немесе жағымсыз әсерлері пайда болғанға дейін.( гипотензия,тыныс алудың тежелуі, құсу).

STжоғарылауымен және алғаш пайда болған Гисс шоғыры сол аяғының толық блокадасыменмиокард инфарктісінде қарсы көрсеткіштері болмаса тромболитиктер енгізіледі. Стрептокиназа 1500000 МЕ көк тамырға 30-60 минут ішінде енгізіледі. Гепарин енгізілмейді, ацетилсалицил қышқылын қабылдау жеткілікті. Алтеплаза-15мг көк тамырға алғашында, содан кейін 0,75мг/кг (50мг- нан көп емес) 30минут ішінде. Содан кейін 0,5мг/кг(35мг- нан көп емес) 60 минут ішінде. Ацетилсалицил қышқылымен бірге көк тамырға гепарин енгізу қажет. Тромболитиктер шеткі көк тамыр арқылы енгізіледі.

Менің тәжірибемде 2011 жылы 5 науқасқа (ST жоғарылауымен жедел коронарлы синдром ) стрептокиназа 1500000 МЕ енгізілді. Барлық жағдайда науқастар асқынусыз стационарға жеткізілді. 2 науқаста тромболитиктер енгізуге қарсы көрсеткіш болды. 1 науқаста ми қан тамырларынын аневризмасы. 1 науқаста жасы 82 жаста, артериалдық қысым 190/100 мм с.б болды.

Автор:
А.Р.СУРАМБЕКОВА, жедел жәрдем дәрігері Талдықорған қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету станциясы мемлекеттік қазыналық қәсіпорыны