Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Атырау облысында мұнайшылар кентінде жұқпалы ішек ауруына ұшыраған адамдардың саны артуда


27 апреля 2012, 20:22 | 2 000 просмотров


Атырау облысының Мақат мұнайшылар кентінде ішек ауруына ұшыраған адамдардың саны артуда. Жұма күні ауруханаға 11 бала мен 1 ересек түсті.

Естеріңізге сала кетейік, 2 мен 5 жас аралығындағы 7 бала аптаның басында аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне дене қызуымен, құсу және іш өту белгісімен түскен болатын. Оларды тексеру кезінде 3-уіне жұқпалы ішек ауру диагнозы қойылды. Барлық балалар бір балабақшаға барған.

Ауданның Мақат кентіне балалардың жаппай улану себептерін анықтаумен медициналық көмек көрсету үшін Атыраудан санитарлық дәрігерлер тобы жіберілді.

Балалардың жаппай уланып, ауруына байланысты бірнеше болжам жасалып отыр. Олардың бірі - сапасыз ауыз су. Мақат ауылы, көрші орналасқан Доссор кенті билік өкілдерінің ресми түрде мәселені шешеміз деп уәде бергенімен, бұл елді мекендерде таза ауыз су жоқ. Көптеген үйлер мен пәтерлердің тұрғындары цистернамен әкелінетін суды пайдаланады.

Улануға қатысты жасалған бұл болжамды балабақшаның меңгерушісі де растады. Ол аудандық БАҚ-қа хабарлағандай, жуырда балабақшада тек белгіленген уақыт бойынша алатын судан кәріз суының иісі сезіліп тұрған.

Ауруға шалдыққан балалардан талдау сынамалары алынып, облыс орталығына тексеру үшін жіберілген. Тексеруге сондай-ақ судың және тамақтың сынамасы жіберілді.

Жұма күніне қарай уланған балалардың саны 7-ден 11-ге артып, оларға тағы бір ересек адам қосылды.

Аурудың қайдан пайда болғаны әзірге анықталған жоқ.