Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ: ДҰРЫС ҚАРТАЯ БІЛУ ДЕ БІР ӨНЕР


27 апреля 2012, 19:49 | 3 943 просмотра



Академик Төрегелді Шарманов - теңдессіз еңбегімен қазақ елін шартарапқа танытқан баршаға белгілі тұлға. Адамзаттың басты құндылығы - денсаулықты мәпелейтін ізгілігі мол медицина саласының майталманы, Қазақ Тағамтану академиясының президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы марапаты - Леон Бернард атындағы медальдің әлемдегі 42-иегері Төрегелді Шарманұлын әңгімеге тартып, дарынды тұлғаның өнеге-өмір жолдарына үңілуді жөн көрдік.

«ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕРСІҢ»

Төрегелді Шарманұлы - үш жүздің басын бір тудың астына біріктірген, Едіге мен Тоқтамыс батырлар мәңгі мекен еткен, Жошыхан мен Алашахан кесенелері орын тепкен қасиетті Ұлытаудың баурайында дүниеге келген. Осы киелі өңірдің сұлу табиғатын тамашалап, кәусар ауасын мейірлене жұтып, мөлдір бұлағына сусындап, бал-жидегінің дәмін татып, тау мен тасына секіріп, топырағына аунап өскен Ұлытау ұланы бойына дарыған дарыны мен қажыр-қайратының арқасында медицина шыңын бағындырды.

Төрегелді ағаның ата-анасы Шарман ата мен Нәзипа ананың үйленуі жайлы аңызға бергісіз әңгіме бар. Ол заман - қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, қалың беріп айттырған қыздың басы бос емес саналып, оған көлденең көк атты сөз айтпақ түгілі, үйінің іргесінен жүруі айып саналатын шақ. Дегенмен Қадыр Мырза Әли ақын айтпақшы: «Бір жаманы қыздарын малға сатып, бір жақсысы сүйгенін алып қашқан» кездер де болған. Шарман серінің ержүректілігі ерекше, өзі ұнатқан қызды ауылдағы шілдехана тойы болып жат-қан жерден алып қашады. Сөйтіп, екі жас тауда ай бойы жасырынады. Бауырлары елге білдірмей азық тасып, олар ел ішіндегі дүрбелең саябырлағанға дейін тауды паналап, күн кешеді. Сол тау мен тасты сағалап, махаббат туын жықпаған, өжеттігі ерен ғашықтардың ортасынан шыққан бала - осы Төрегелді ағамыз. Бұл жайт бүкіл Ұлытау өңіріне тараған әдемі аңызға арқау болған. Төрағаңның: «Мен тегін адам емеспін. Ұлытаудың баурайында бас қосқан қос ғашықтың махаббатының нәтижесінде дүниеге келген, бес жасыма дейін анамды арда емген бір үйдің жалғыз баласымын» деп отыруы осыдан болса керек.

ДОСТЫҚ - БИІК СЕЗІМ

Төрегелді аға мен еліміздің мәдениет қайраткері, белгілі қаламгер-публицист Камал Смайылов - қасиетті Ұлытаудан қатар ұшқан ұландар. Олардың достық сезімін жас ұрпаққа үлгі ететіндей, «ұлы достық» ДЕП атасақ артық емес. Мектепте бір сыныпта оқып, кейіннен атқа мініп, тізгін тартқан шақта да араларында үлкен сыйластық болғаны белгілі. Өмірден ертерек озған Камал Сейітжанұлын Төрегелді ағамыз сағынышпен есіне алады. «Ол бір ұлынан айырылып, мен қызымнан ерте көз жазып, тағдырдың тауқыметіне қатар ұшырадық. Талай қиындықтарды бастан кешіріп, әрқайсысымыз өмірдегі өзіміз таңдаған жолмен жүргенімізбен, жұбымыз жазылған емес. Екі-үш рет қатты сырқаттанған кезінде жанына араша түсіп, досымды өлімнен арашалай алып едім. Бірақ өкінішке қарай, соңғы қиындықта қатал тағдыр үстем түсті. Қолымнан кетті...» деп Төрағаң аз-кем үнсіз қалды. Әңгімесін одан әрі сабақтаған ол: «Камал - азаматтығы керемет, қабақ шытуды білмейтін, дарынына мінезі сай жайсаң жан болатын. Үлкен лауазымды қызметтерді атқарған шағында да қарапайымдылығынан айныған емес. Кеңес Одағы жазушылары делегациясының қатарында Парижге сапар шегуіме себепші болғаны бар. Камалдың арқасында мен мәдениет және өнер қайраткерлерімен етене араластым. Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов секілді майталман ақын-жазушылармен, есімі елге әйгілі режиссер, артистермен таныстым. Мен де әрдайым өз ортамдағы қызық-қуанышқа Камалды ортақтастыруға тырыстым. Кеңес заманында газет-журналдар аз болғандықтан мақала шығару қиынға түсетін, соған қарамастан бірде «Білім және еңбек» журналына менің мақаламды жария еткізген еді. Қайда жүрсек те бір-бірімізге қолдау көрсетіп, сыйластығымыздан танбаушы едік» дейді Төкең аса зор тебіреніспен.

«Өнерді үйрен де жирен» дегендей, Төрегелді ағамыз - жастайынан саксофон, мандолин, скрипка, аккардионның құлағында ойнаған өнерлі жан. Облыстық филармонияда Абайдың ариясын орындаған кезі күні кешегідей есінде. Камал аға сөзін жазып, Төрегелді аға әуенін шығарған Ұлытауға арналған бір ән құрдастарының арасында жиі айтылатын. Бір топ жастың ішінде ерекшеленіп тұратын көшбасшылық қасиеті оның бойында бала күнінен қалыптасқан. Бірақ ол өмірде адам жанын арашалауға ниет етіп, медицина жолын таңдады.

МЕКТЕП ӨМІРІНЕН ОҚИҒА

Өткен ғасырдың қойнауында қалған қилы заманда мұрты тебіндеген бозбала ғашықтық сезімін үшбұрыш хатпен, арулар жағы қалаған жігітіне көңілін кестелі орамал сыйлаумен білдіретін. Осы орайда қасындағы Камал, Ниязбек, Сейітқазы сынды достарына көп «жүк» артушы еді, олар мейлінше адал «қызмет ат-қаруға» тырысатын. Кейнірек ересек шақта кездескенде достарының: «Біз ылғи қыздарға сенің хатыңды тасушы едік, сен болсаң бір де апарған емессің» деп салмақты түрде наз айтатын. Жетінші сыныпта оқып жүрген кездері болатын. Камалдың көршілес сыныптағы бір қызды іштей ұнататынын бәрі біледі. Оның бір күні үлкен үзіліс кезінде шашын майлап тарап, көн етікті сықитып киіп, ұнатқан қыздың көзіне түскісі келіп, бой көрсетіп жүргенін қу құрдастары байқап қояды. Әдейі Камалдың шашының ұйпа-тұйпасын шығарып, киімдерін олпы-солпы етіп, сол қыз оқитын сынып бөлмесіне дереу кіргізіп жібереді. Камал болса не күлерін, не жыларын білмей, қыздың алдында ұяттан өртеніп, «әттеген-айдың» күйін кешеді, құрдастары қулығын асырғанына мәз-мейрам болады. Осындай бозбала шақтың қызықтарын есіне алғанда Төкеңнің жүзі нұрланып сала берді...

«Мен мектеппен институт қабырғасында аса белсенділер қатарында болдым. Сондықтан болар, ең әдемі әрі жақсы оқитын қыздар менің айналамнан табылатын. Камал, Ниязбек, Сейітқазы және мен - төрт сыныптас-дос жұбымыз жазылмай бірге жүретінбіз, төртеу-іміз де үздік оқыдық. Соғыстан кейінгі жұпыны жылдар, оқудың керек-жарағы жетіспейді, күйдірген бидайды қаламсия етіп, дәптердің орнына жазуды кітаптың арасындағы ашық жолдарға сыйдырып жазамыз. Мұғалімдердің білімі аздау, көбінесе орта білімнен аспайды, олардың қателерін түзетіп отыратын кездеріміз де болатын. Әлі есімде, жыртық жағрафия картасы қисық желімденіп, «Экваториальная Африка» дегенді мұғаліміміз «Торлы Африка» атағаны бар. Ал, бір соңырақ келген, жоғары мектеп бітірген мұғалім қателесіп, «Советтік Ауғанстан» деп, сол кезде Ниязбектің: «Ауғанстан қашаннан бері Советтік болып еді?» дегенінде мұ¬ғаліміміз жылап кетіп қалған. Ол кезде жағатынымыз «пиала» аталатын білте шам, бертінге дейін қолданылып келді. Соны әлгі мұғалімнің «Фиалка» атағанын естіп, күлкіге қарық болғанбыз. Оқитын бөлмелеріміз суық, күпімен отырамыз, терезеден жел кеулеп, қиыршық қар ұшқындап тұратын. Осындайда Сейітқазы «Уф-ф» деп қар қиыршықтарын шыбынша аулап, «ой-хой» деп ыстықтағандай желпініп, ішек-сілемізді қатыратын. Камал екеуміз ерекше күлекеш болдық, сол үшін сыныптан ылғи бірге қуылатынбыз.

Осы орайда балалық шақта бәріміздің тағдырдың тура жолына түсуімізге себепші бол-ған бір оқиғаны айта кетейін. 8-сыныпта оқып жүрген кезіміз. 8 Наурыз қарсаңында төрт дос: мен, Камал, Ниязбек, Сейітқазы қыздарды мейрамымен құттықтап, кеш өткізбек болдық. Ниязбектің үйі сол күні ересектерсіз, оңаша екен. Дүкеннен бөшкедегі кәстрөлге құйып сатылатын арақ алдық, әлі оның дәмін көрмеген басымыз бір таңсық нәрседей көреміз. Темекінің орнында ол кезде махорка бар, әр үйден әке-шешемізге айтпай ет алып, қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Жайғасып, енді дас-тарқанға отыра бергенімізде үстімізге сау етіп, ішінде аудандық комсомол комитетінің хатшысы, ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, тағы басқа жауапты қызметкерлер бар, бір топ адам кіріп келмесі бар ма? Балалықпен басымыз бәлеге ұрынды да қалды. У-шу, тексеріс, «Бұл не деген бұзақылық, мектептен шығару керек» деген айып-таулар басталды да кетті. «Кім бастаушы?» деген сұраулар жауды. Сыныбымызда бірге оқитын менің нағашым бар болатын, оған: «Нағыз большевик - сенсің, айт» дегенде, «Бастаушы - Шарманов» деп айтып салды. Мұндай оқиғадан соң мектепте қалу мүмкін емес-тін. «Жалғыз ұлымды ФЗО-ға алып кетеді» деп анам шырылдап жүр. Мәселе комсомол комитетінің бюросында қаралатын болды. Мен ұзақ ойланып, осындай тығырықтан шығатын жол іздедім. Аудандық партия комитетінің Бірінші хатшысына хат жазуды ұйғардым. Ауылда бәрі көзтаныс, әрі менің елгезектігіме орай бәрі жақсы көреді. Көңілімді жықпай жазған хатымды кабинетін жинастыратын апай хатшының үстеліне апарып қойды. Хатшы Қорабай Елеусізовтің хабардар болып қалғанын мектептегілер білмейді, ол бюроға кіріп келгенде бәрі аң-таң болды. Мен болсам, ішім бір жақсылықты сезгендей күлімсіреп сала бердім. Содан хатшы бюро ашушының өзін сұрақтың астына алады: «Иә, бұл бала не бүлдірді? Өзінің сабағы қалай? Қолынан не келеді?». «Сабағы жақсы, өзі белсенді, музыкадан хабары бар, түрлі аспаптарда ойнайды» дегеннен басқа хатшы жаман жауап естімейді. «Мектепте ұйымдастыратын шараларың қандай?», «Балалар спортпен шұғылдана ма?», «Бұл балада нелерің бар, оқуы жақсы, өзі белсенді. Ал өздерің не бітірдіңдер?» деп хатшы сынып жетекшісі мен мектеп басшылығының өздеріне шүйлігіп, соларды кінәлады. Сонымен, жазалау шарасы тоқтатылды. Керісінше, ертеңіне мен мектеп комсомол комитетінің хатшысы, оқу комитетінің төрағасы болып шыға келдім. Кейін тағдырымызға араша болған осы мейірімі мол жанды ғалым, министр болған кезімде кездестірдім. Қорекеңе дербес зейнетақы тағайындатып, көлік алу қиын заманда оған да қол ұшын бердім. Сол кісінің ұрпағын бір жинасам, шіркін, өміріме бетбұрыс жасаған жан ғой» деп Төкең ырзашылығын білдірумен бір естелігін аяқтады.

БАҚЫТТЫ

ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІР

Төрағаң медициналық институттың екінші курсында оқып жүргенде бірінші курстың бір қызына үйленуге ыңғайланса керек. Бір күні инс¬титуттың маңайында газет-журнал сататын дүңгіршекке кезекте тұрғанда бұрымы тобығына дейін түсетін Күлзия деген қыздың жалт қарауынан Төрегелді жігіт жүрегіне найзағай оты түскендей күй кешеді. Бұл қызды бұрын көріп жүрсе де қалайша байқамағанына таң болады. Жарқ еткен сол бір көзқарас мезетінде Төкеңнің тағдырын шешті десе болады. Сөз байласып жүрген қыз мән-жайға түсіністік білдіреді. Осылайша, бұрымды қыз Күлзия жас жігіт Төрегелдінің әні мен сәніне айналады. Қыз да осал емес, үздік студент, Сталиндік шәкіртақының иегері, комсомол комитетінің хатшысы. Осыдан бастап төрт жыл бойы Төрегелді жігіттің қиял-санасын Күлзия қыз билейді. Барынша жақсы қырынан көрінгісі келіп, би кештерінде «Бостон» вальсіне шақырып, үнемі сол кездері қат болып саналатын «Минион» шоколадын әперетін. Бір күні тапа тал түс кезінде бұл «үйленейік» деп төтесінен ұсыныс тастады. Ұсыныс күтпеген жерде айтылса керек, Күлзия сұлу абдырап: «Неліктен?» деп сұрақ қояды. Сонда Төрағаң: «Сен - сұлу қыз, мен - ақылды жігітпін. Біздер бірге болуға жаралғанбыз» деп салмақты уәжін айтады. Расында, өмірлік серігін таңдауда Төрегелді аға қателеспепті. Жұптары жазылмастан, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, елу жылдай бақытты ғұмыр кешті.

«Менің бір қорқатыным - даңғойлық. Осы күні қазақтар баласы үйленсе немесе мерейтойында ас та төк етіп, ат шаптырып, той жасайды. Бір-бірімен сайысқа түскендей, тіпті несие алып той жасайтыны болады. Мысалы, мен үйленгенде үлкен той болған жоқ. Өзімізге жақын бес-алты адам қуанышымызға ортақ болды. Үлкен той - үйленетін жастар бақытының кепілі емес, мысалы, мен қосағыммен елу жыл бақытты өмір сүрдім. Кейде балама ойын-шыны аралас: «Әй, балам, таңғы асыңды іш, тастама, әйтпесе, әйелің тастап кетеді. Таңғы ас ішпегесін, міне, он жыл болды менің әйелім тастап кетті» деп айтып отырамын. Ұлымның мінезі биязы, күледі де қояды, ол екеуіміз бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсінеміз.

Достық деген қасиетті сезім туыстардың, ер мен әйелдің, әке мен баланың арасында да болады. Менің қазіргі ең жақын досым - балам. Бір салада еңбек еткендіктен болар, өзара түсіністігіміз терең, кешіріміміз мол, ойымыз бір арнада түйісіп жатады. Жалпы, достық дегеніміз өзара түсіністіктен басталып, сенімге ұласатын сезім. Сенім - достықтың уық-керегесі. Қоғамда әртүрлі деңгейде орын алатын адамдар арасында бақталастық, көреалмаушылық салдарынан өзара сенім жоғалып, дос-тықтың да керегесі босайды» деп Төкең бізге толғанысқа толы тұжырымын жеткізді.

ҰРАННЫҢ ІСПЕН

БЕКІТІЛУІ АБЗАЛ

«Әр адам, қай ұлттың өкілі болсын: «Мен халқым үшін не тындырдым?» деген сұрақты әрдайым өзіне іштей қойып, жауап беріп отыруы тиіс. Сөзің мен ісің бір жерден шығуы қажет. Қазір қазақ тілінің жайы үнемі күн тәртібінен түспейді. «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру» ұранын әр басшы өзі басқаратын мекемесінде нақты ісімен бекітіп отырғаны абзал. Мысалы, мен Ақтөбе медициналық институтына ректор болып тағайындалған шағымда осындай қазақ ұлты қалың шоғырлан-ған өңірде қазақ студенттерінің саны аз екенін көріп қайран қалдым, жағдайды жөнге келтіруді дереу қолға алып, бұл көрсеткішті бір жыл ішінде 37 пайыздан 63 пайызға өсіруге атсалыстым. Жан-жақтан қазақтілді білікті мамандар жұмысқа тартылып, қазақ оқытушыларының саны 16-дан 23 пайызға артты. Қазақтың көпшілігі ауылды жерде қоныстанғандықтан, оларды емдеу мақсатында ауылға да көбінесе дәрігер болып баратын қазақ баласы. Осыны жан-тәніммен түсініп, жоғарыдан көрсетілген қысымды елеместен, жағдайды оңалтуға тырыстым. Бұл Кеңес Одағы тұсында, 1968-1969 жылдар аралығында орын ал-ған жайт, қаншама қиындықтар мен кедергілерді жеңуге тура келді. Әрине, заман ырғағына сай «ұлтшыл» деп айып тағып, жауапқа тартқысы келгендер көп болды. Мен институтта білім алған әрбір қазақ баласына «екілік» қойылмауын қадағаладым, себебі көбінесе олардың орыс тіліне шорқақтығынан жауаптан тосылатынын білемін. «Екілік» алған баланың оқудан шығып кете баратыны белгілі ғой».

Бұл - Қазақ Кеңестік Республикасын біртуар тұлға Дінмұхамед Қонаев басқарған уақыт. Төрегелді Шарманұлының жасаған өзгерістері жайлы ол құлағдар болып, облыстық партия комитетін басқарушылардан оның қызметі жайында сұрастырады. Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Журин: «Ұйымдастырушылық қабілеті зор, бірақ нағыз ұлтшылдың өзі» деп жауап береді. Қонаевты бұл жауап ырза еткен көрінеді: «Ендеше, бізге керегі де - осы» деген екен. Осыдан кейін Төрегелді Шарманұлы еліміздің Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалып, бұл қызметін абыроймен аттай он бір жыл атқарады.

ДҮНИЕЖҮЗІН ДҮБІРЛЕТКЕН АЛМАТЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

1978 жылы еліміздің бұрынғы астанасы - Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференция-сы өткізілді. Төрегелді Шарманұлы бұл кезеңде Денсаулық сақтау министрі болуына сай конференцияның елімізде өткізілуінің бастамашысы және басты ұйымдастырушылардың бірі болды. Алматы конференциясында қабылдан-ған Декларация алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем ұстанымдарын жария етіп, ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының Ұлы Хартиясы атанды. Конференцияда әлемде алғаш рет адамзат денсаулығын сақтау құқықтық сипат алып, медициналық көмектің жалпы халыққа қолжетімділігі, ұстанымдары құжат түрінде бекітілді. Конференциядан кейін әлем елдерінің көпшілігі денсаулық сақтау саласын аталған Декларацияға сәйкес үлгіде құрып, дамытуына байланысты дүниежүзінде медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсаруына елеулі үлес қосылды.

Конференция ұйымдастырылуы жағынан ерекше түрде өтті. Алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем Кеңес Одағында дамыған жүйе болғандықтан әлемнің 146 елінің өкілдеріне денсаулық сақтау саласының құрылымы көрнекі түрде көрсетілді. Жағдайды көзбе-көз көріп, танысу үшін делегаттар Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Шымкент облыстарына, одан әрі Ташкент, Самарқан, Бішкекке аттанды. Конференция залында, аралаған дәрігерлік мекемелерде ел делегаттарының өз ойын білдіруі қызу пікірталас түрінде өтіп, бұл конференция халықтық, бұқаралық сипат алды. Қазақ елінің, Алматының даңқы әлемге шарықтады.

Бірақ «қадіріңді іш білмес, сырт білер» дегендей, Қазақстанда Төрегелді Шарманұлының осы айтулы еңбегі сол жылдар қойнауында бағаланудың орнына қудалануға ұшырады. Министрліктен кетуге мәжбүр етті. Бұл Төкеңнің бауыр еті - қызы Алмадан айырылып, ауыр қайғыға ұшыраған, тағдырдың зобалаң кезеңі еді. Елден жырақ кетіп, Мәскеуде үш жарым жылдай еңбек етеді. Мәскеудегі әріптестері, керісінше, Төкеңнің еңбегін бағалай біліп, бірден жоғары лауазымды қызмет беріп, отбасын тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Уақыт таразысының өлшемінен өтіп, әр нәрсе өз орнын табады. Төкең де елге оралып, Қазақ Тағамтану академиясын басқарудағы еңбек жолын жалғастырып, талай ғылыми жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді. Балалар тағамын жасау, халық тұтынатын тұзды йодтау, тұрғындардың бойындағы дәрумен тапшылығын анықтау, ұнды құнарландыру секілді игі істерді бастап, мәресіне жеткізудегі тынбас еңбегімен елді көркейтуге көпжылдық үлесін қосты. Бүгінгі таңда ғалымның қарқынды еңбегі толастаған емес, елдің қоғамдық өміріне белсене араласып, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылап, шешу жолында өнегелік-ұстаздық көмегін көрсетіп, Қазақ Тағамтану академиясы мен Профилактикалық медицина академиясын басқарып, салауатты тамақтану арқылы халық денсаулығын қорғау саласындағы маңызды, тың ғылыми-тәжірибелік жобаларға ұйтқы болып, жүзеге асыру үстінде.

Ал 2005 жылы әділдік туы тігіліп, әйгілі Алматы конференциясын өткізудегі еңбегіне орай Төрегелді Шарманұлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоғары марапаты - Леон Бернар атындағы медальге ие болды, ол - бұл марапатқа әлемде қол жеткізген 42-адам.

АТАҚ-ДӘРЕЖЕНІҢ «АТЫНА ЗАТЫ - ЛАЙЫҚ» БОЛҒАНЫ ЖӨН

Төрегелді Шарманұлы өскелең ұрпаққа үлгі боларлық, қиындығы мен қуанышы астасқан, тер төгіп, еңбек етуден тұратын өмір жолын жал-ғастыруда. Топты жарып алға шығуда оған серік болған осы - еңбексүйгіштігі. Мектепті үздік, институтты қызыл дипломмен бітіріп, мамандықтың шыңын игеру, ғылыми атақтар - бұл оның табиғат тарту еткен дарынын тынымсыз еңбек етумен ұштастыруының арқасында жеткен жеңістері. Төкең - Кеңес Одағы заманында Орта Азиядан шыққан медицина саласының тұңғыш академигі.

Бұрын ғылым мен білімнің шыңы мағынасын білдіретін Академия ұғымы қазір аласарып, өзінің зор мәнін жоғалтып алған сыңайлы. Тіркелу құны жүз доллар тұратын Нью-Йорк академиясы бар екен. Елімізде де жағдай осыған ұқсас, екі-үш адамның басы бірігіп құратын ұсақ-түйек академиялар саны көбейіп кеткен. Осы тәрізді академиялардың ғылымға еш қатысы жоқ, құр дәреже иемденген академиктері Қазақстандағы саусақпен санарлық нағыз академиктермен бір қатарға тұрып, тіпті өздерін олардан жоғары санайтынын қайтерсің? Бұл жағдай ғылым жолында ғұмырлық қажыр-қайратын сарп етіп, таудай үлесін қосқан ғұлама ғалымдарымыздың еңбегін еш кетіретіндей.

Бұрынғы кезде академик пен ғылым докторы дәрежелерін алу «инемен құдық қазғандай» еңбек етуді талап етті. Ол үшін көптеген жылдар бойы ғылыми ізденіспен айналысып, есімің ел аузында қалатындай, айналысқан тақырыбың өз саласында өзгеріс әкелетіндей қомақты ғылыми еңбегіңнің болуы шарт еді. Қазіргілердің, шынтуайтына келгенде, атағына ілуде біреуі ғана лайық. Құрметті дәреженің қадірі кеткен сыңайы бар. Сондықтан да «Қазір, тіпті «академик» дәрежесін атыңа қосып айтқанда ұялатын дәрежеге жеттім» дейді Төкең бүгінгі қоғамымызда орын алған келеңсіздіктер жайында.

«Жалпы, атақ-даңққа аңыз ретінде қарағанды дұрыс көремін. «Атақ-дәреже мен лауазымды дәлелдейтін халықтың игілігіне жараған қандай ізгілікті ісім бар?» деп әркімнің ойланып жүргені дұрыс - бұл Төрегелді Шарманұлының ғылыми және қоғамдық өміріндегі кредосы десе болады.

«Байырғы өткен заманда әулетіне билік айт-қан ауыл ақсақалдары болған. Олар - нағыз дала академиктері, беделін халық сыйлап, үніне құлақ түріп, құрмет тұтқан. Қартаңдықты қария, ақсақал, шал деп үш түрге бөліп қарастыруға болады. «Шал болып қалдың ба?» деген бар емес пе?! Қырықтың қырқасына жетпей жігері жасып, шал болып қалатындар жетерлік. Дұрыс қартая білудің де өз жөні бар. Бүгінгі қоғамда үлкендер арасында өткендегі қошеметіне маң-ғаздану секілді орынсыз көрініс жиі байқалады. Кешегі күннің қошеметіне шынайы түрде лайық болсаң, бүгін де елдің назарынан тыс қалмайсың. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, түзу жолға бағыттап, өмір-өткеліндегі көрген-білгені мен байыпты ақылын айтып, батасын беріп отыратын, өз ортасын кеңейтіп, айналасына тарататын шуағы мен мейірімі мол жасы үлкен адам ғана ақсақалдыққа лайық. Халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп, абыройлы болу - ең биік дәреже. Еңбегіңмен елге сыйлы болудан артық арман жоқ. Лайым, бәріңе осыны жазсын» деп Төрағамыз сөзін қорытты.

Біз әңгіме-дүкен құрған бір сағат шамасында Төрағаңның телефонында тыным болған жоқ. Ешкімнің көңілін жықпай, сыпайы түрде қай уақытта хабарласуға болатынын айтып жатты. Ағамыздың өз ортасында атқарылатын істердің негізгі ақылшысы және қамқоршысы екендігін аңғарып, әлі де тынымсыз еңбек үстінде екендігінен хабардар болдық. «Аман болыңыз, аға» деген шынайы, жүрекжарды тілегімізді айтып, қош айтысқан сәтте осы сәулесі мол жанның қасында жүзіміз нұрланып, көңілімізге қанат біткендей сезімге бөлендік...

Автор:
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ