Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАҒА РЕТТЕЛМЕЙ, ИНФЛЯЦИЯ АУЫЗДЫҚТАЛМАЙДЫ


20 января 2012, 09:49 | 2 247 просмотров



«Инфляция деңгейін бәсекелестік ортасын жақсарту үшін жағдай жасау арқылы төмендетуге болады. Бұл - нарықтың бірінші заңы. Тауар көп болса, оның бағасы да ақылға қонымды деңгейге дейін түсетіні белгілі.

Бірақ біздегі жағдай басқаша болып тұр емес пе? Азық-түлік нарығында ұсыныс көп емес дегеннің өзінде бос тұрған сөрелерді көріп отырған жоқсыздар. Субтропикалық елдерде өсетін жеміс пен көкөністен бастап, базар еттің неше түрлі сорттарынан майысып тұр. Бұл дегеніміз, бағаның ұсынылатын өнімнің тапшылығынан жоғары болып тұрмағанын, елдің қалтасында барды сатып алатын қаражаттың тапшылығынан орын алып отырған жағдай екенін көрсетпей ме? Мұның басты себебі, қалай елдің табысы 20-30 пайызға өсті болды іле-шала баға жоғары қарай көтеріледі. Осыған қарап, азық-түлік нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы баланс тауардың қосымша көлемі арқылы емес, азық-түлік өнімдері бағасының өсуімен теңестіріліп отыратынын байқау қиын емес деп ойлаймын. Рас, бағаның жоғары болуында бәсекенің жоқтығы да өз есесін жіберіп отыр-ған жоқ. Нарықтардағы тым биік тосқауылдардың нәтижесінде баға жасанды түрде өсуде. Өйткені базарлар монополияландырылған, кейбір тауар өндірушілердің жолын ашып, солардың өнімін өткізуге басымдық берілетіні де жасырын емес. Әйтсе де, осы проблемаларды шешуде көптеген мәселелер жабық күйінде қалуда. Құрылымдық реформалар өте баяу жылжиды. Себебі әр нарықтың ар жағында оған мүдделі шенеунік отырады. Айналып келгенде өнім өндіру дами алмай, бәсеке көшке ілесе алмай шаң қауып келеді. Ал баға болса, шарықтай береді, тек зейнетақы мен еңбекақыға осынша пайыз қосылады деген мәлімдеме жасалса болғаны», дейді сарапшы, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков.

Шынын айтқанда, қарапайым адамның инфляцияда шатағы жоқ, оны толғандыратын баға. Базардағы азық-түлік, коммуналдық шаруашылықтағы пәтер ақысы мен жылу, жарық, т.б. күнделікті адымыңды ашқызбайтын бағалар. «Азық-түліктік емес тауарлардың бағасына келетін болсақ, оның басым бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етілетіні белгілі. Үкімет олардың бағасына негізінен ұлттық валюта бағамын нығайту арқылы төмендете алады. Әрине, оны тұрақты түрде жүзеге асырудың мүмкіндіктері бола бермейді. Биылғы жылы да ақылы қызмет көрсетулер бағасының өсуі тоқтай деп ойлау да мүмкін емес. Сондықтан да белгіленген инфляция дәлізіндегі көрсеткіштерін әлі талай жыл қанағат етіп жүре беретініміз айдан анық. Дамыған елдердегі секілді 3-4 пайыздық инфляция деңгейі біздің түсімізге кірмей кетуі де мүмкін деп ойлаймын» деген пікірді білдірген сарапшы Ілияс Исаевтан басымыздағы дәл қазіргідей жағдайда инфляцияның деңгейін сәл де болса, әлсірету үшін не істеуіміз керек екенін сұрауымыз да орынды болар. Ұсыныс төмен, бәсеке жоқ, оны жолға қоюға белгілі бір мүдделі топтар жол бермейтін болса, халық бар тапқан-таянғанын тек тақұл-тұқыл тамақтану мен киім-кешекке жеткізгенін місе тұтып жүре бермейтіні тағы рас. Бұл тығырықтан шығудың бір амалы болуы тиіс қой. Біреулердің қалтасына түсетін табыс мол болуы үшін дүйім жұртты бағаға байлап қоюдың шегі де болуы тиіс екендігі белгілі.

- Ол үшін алдымен, біріншіден, негізгі азық-түліктік өнім өндіретін отандық үлесті өсіру керек. Екіншіден, ұлттық валюта бағамының тұрақты болуын қамтамасыз етуіміз қажет. Тек қана долларға қатысты емес, негізгі саудалық серіктес елдер валютасына шаққанда да біздің теңгеміздің тұрақты бағамы болуы тиіс. Үшіншіден, табиғи монополистер тарифінің өсуін шектеу керек, - дейді сарапшы.

Әрине, осы аталған шараларды о бастан жүзеге асыра бастағанымызда осы уақытқа дейін еліміздегі инфляция біршама төмендеу болатын еді. Себебі инфляцияны ауыздықтау үшін жасалуы тиіс шараларды дұрыс жолға қою керектігі сарапшылар тарапынан кеше-бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Соған қарағанда, инфляцияны ауыздықтау билік басындағылар үшін соншалықты өзекті мәселе емес-ау. Біріншіден, отандық азық-түлік өнімін өсіру туралы айтылғалы қанша заман болды. Енді-енді бір қозғалыстар пайда бола бастағаны болмаса, сеңнің шеті әлі сөгіле қоймағаны белгілі. Ал ұлттық валютамыздың тұрақты бағамына келетін болсақ, оның соншалықты тұрақты болуына билік басындағылар мүдделілік танытпайтыны көзге ұрып тұр. Тіпті тұрақтандыруға сәті келіп тұрғанның өзінде әртүрлі себептерді алға тартып, қолдан шат-қаяқтатып, теңгенің нығаюына жол берілмейтінінің куәсі болып жүрген жоқпыз ба? Ал монополистер тарифіне келетін болсақ, оны тежемек тұрмақ, соңғы кезде дамыған елдердегі деңгейге дейін жеткізу жайында жиі-жиі мәселе көтеріліп жүргенін бәріміз естіп-біліп жүрміз. Дамыған елдердегі тұрғындардың табысы қандай, біздегілердікі қандай, бұл жағы көбіне еске алына бермейді. Сондықтан шенеуніктер тарифті шектеуге бара қояр ма екен?..

Әйтсе де, түннің соңы таңның атуына апарады деген ғой, биылғы жылы инфляцияның біршама төмендеуі мүмкін деген үміттің бар екендігін сарапшылар жоққа шығармайды. «Монополиялық тарифтерден күдер үзгеніміз-бен, ауыл шаруашылығы саласындағы өткен жылғыдай мол өнім, «ҚазАгроның» аграрлық секторға деген қолдау көрсетуі тұрақты болып тұрса, инфляция да бірте-бірте райынан қайта бастауы мүмкін. Әрине, дамыған елдердегі секілді 3-4 пайызға дейін төмендей қоймас... Биылғы жылдың екінші жартысында тұтыну бағаларының құрылуына біздің кедендік одақ, бірыңғай экономикалық кеңістік бойынша серіктес-көршіміз Ресейдің ДСҰ-ға мүше болуы кәдімгідей ықпал жасауы мүмкін. Түйіндей келе, биылғы жылы инфляция сәл де болса төмендейді деп айтуымызға болады. Онда да егер теңге бағамының тұрақтылығы қолдау тапса», деп қорытындылайды пікірін сарапшы Исаев.

Автор:
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА