Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ШЫНЫҚТЫРУДЫҢ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ МАЗМҰНЫ


12 ноября 2009, 22:00 | 2 906 просмотров



Шынықтыру сыртқы ортаның жағымсыз факторларына организмнің төтеп бергіштігіне септігін тигізетін шаралар жүйесі. Шынықтыруда жетекші орын төмен температураға төзімділікті қалыптастыруға беріледі. Арнайы шынықтырушы құралдар мынадай тізбекпен қолданылғаны жөн: Ауа және күн – ауа ванналары, бөлме температурасында сумен сүртіну және су құю, суға түсу, 3-10 градус аралығындағы контрасты душ, мұздай суға түсу (морждану).

Организмді төмен температурамен шынықтыру – жылу өндіруді және оны бөлектеуді, қан тамырдары реакцияларын өзгертеді. Суық тітіргендіргіші әсер еткен кезде, тері мен тыныс жолдарының қан тамырлары тарылады, нәтижесінде организмнен жылудың бөлінуі төмендейді. Бұл – суық тітіркендіргішіне организмнің беретін жауаптарының бірінші фазасы. Екінші фазасы бауырда, ішкі мүшелерде, бұлшық еттерде зат алмасу жедел көтеріледі. Жылу көп өндіріледі. Организм дене температурасының тұрақтылығын сақтауға тырысады.

Суық агенті ұзақ уақыт әсер етсе, жылуды реттейтін механизмдер ширығады және оларда олқылық пайда болады. Теріде қан айналысы баяулайды, «құс еттену», цианоз (терінің көкшіл тартуы), еріксіз пайда болады (3 фаза).

Төмен температураға беріктік беретін механизмдер, қазіргі кезде, әдіуір толық зерттелген. Орталық жүйке жүйесіндегі жылуды реттейтін орталықтар, суықты сезгіш қабылдағыштар (рецепторлар) тітіркенгенде қозған күйге келеді. Аталған орталықтар ми қыртысының бақылауында. Сондықтан мұздай судан қорықпаймын деген сияқты саналы мақсаттық ұстаным зат алмасуға әсер ететін жылуды реттейтін әсерді дәл түзетеді.

Организмнің суықтан қорғануында терінің термоқабылдағыштары белсенді рөл атқарады. Суық қабылдағыштарынан орталыққа бағытталған қарқынды тітіркеністер ретикулалы формация мен гипоталамусты белсенді күйге келтіреді. Гипоталамус орталықтары бұлшық еттердің, ішкі мүшелердің жылу өндіруін арттырады, ал терідегі қан тамырлары өзектерін тарылту арқылы жылудың бөлінуін төмендетеді.

Адаптациялық реакциялар кешенінің ішінде қан тамырлары рефлекстері ерекше рөл атқарады. Адреналин мен норадреналин әсерінен шеткі тамырлар тонусы 25-30 пайызға көтеріледі, ал олардағы қан айналымы 2-3 есеге төмендейді. Суық әрі қарай әсер ете берсе қан тамырларының суықтық қысылуы пайда болып, қабырғаларындағы бірыңғай салалы бұлшық еттері шала сал күйге, содан соң енжар керілуге (дилятация) ауысады. Өте салқынданған тамырлардың бірыңғай салалы бұлшық еттері норадреналинге сезімталдығын жоғалтады, және соның салдарынан тонусы төмендейді. Ішкі мүшелер мен қаңқа бұлшық еттерінде қан айналымы 3-4 есе өседі. Жүрек соғуы көбейеді, артериялық қысым көбейеді.

Симпатоадреналды кортикоидты жүйелер жылу өндірудің жетекші эндокриндық механизмі болып келеді. Адренилин, норадреналин, кароикоидты гармондардың көптен өндірілуі айқын бейімділік реакцияларына әкеледі, жылудың бөлінуі азаяды, май алмасуы белсендіріледі, май қышқылдарының қандағы концентрациясы 25-30 пайызға өседі. Жылуды көптеп өндіру бұлшық еттердің еріксіз дірілдеуімен жасалады.

СУЫҚҚА ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ БЕЙІМДЕЛУ

Адамның суыққа ұзақ мерзімді бейімделуінің көріністері: тамақты көп ішу, жылы киіну, өзінде, тұрғын үйлерінде жылуды сақтай алу дағдысын қалыптастыру. Суыққа үйрену симпатикалық реакциялардың суықтық тітіркендіргіштеріне бара- бара әлсіреумен, яғни, энергияны үнемді жұмсаумен байланысты.

Ұзақ мерзімді бейімделудің физиологиялық механизмдерінде бүйрек бездерінде катехоламиндердің көптеп өндірілуі жетекші рөл атқарады. Катехоламиндер тыныс пен фосфорландыру арксын айырады, яғни тотықтанудан бөлінген энергияны дене жасушаларында аденозиүшфосфат түрінде қорға жиналуына септігін тигізеді. Осының нәтижесінде денені жылытатын бос энергия көбейеді. Бірақ мұнымен барлығы тәмәмдалмайды. Ұзақ уақыт бойы аденозинүшфосфат тапшылығы пайда бола бастайды. Тапшылықты өтеу үшін аденозинүшфосфатты қайта құратын жасуша аппаратының көбеюі қажет. Митохондриялардың жалпы массасы артады. Осындай оң өзгерістер нәтижесінде бос энергияның өндірілуі жеткілікті болады және аденозинүшфосфаттың қоры тұрақты толтырылып отырады. Жоғары энергия шығындары мол тамақтанумен өтіледі.

Қалқанша безі де маңызды адаптивтік рөл атқарады. Ауа температурасы төмендеген сайын қалқаша без тиреодты гормондарды көп өндіре бастайды. Олар тотықтандыру және фосфорландыру арасын ашады, аденозинүшфосфаттың макроэнергиялық байланыстарында энергияның шоғырлануына әкеледі. Аденозинүшфосфат тапшылығы митохондрия аппаратының өсуін қоздырады.

Бұлшық еттердің жиырылғыштық белсенділігінің артуы, олардағы капилярлық арнаның көбеюі, энергия өндіруші аппаратының дамуы маңызды бейімделту рөл атқарады.

Суыққа бейімделудегі термогенезде қоңыр май ұлпасы маңызды орын алады (шамалы мөлшерде ол мойын және бүйрек артериясы маңында шоғырланған).

Тотықтану және фосфорландыру процестерінің айырылуы осы ұлпада өте қарқынды жүреді: катехоламиндердің суыққа белсенді етуші әсерлері 4-12 есеге көтеріледі. Тотықтану және фосфорландырудың қуатты айырушылары май қышқылдары. Суықтық тітіркендіргіш тұрақты әсер еткенде олардың концентрациясы көтеріле береді. Олардың тотықтануынан бөлінген энергия дененің қалыпты температурасын ұстап тұруға кетеді.

Әдетте пайдаланатын шынықтырушы процедуралар қысқа мерзім тоңазытады. Мұндай жағдайлардағы бейімделу шығыны өте аз. Қысқа мерзімдік тоңазыту – физиологиялық құбылыс. Әсіресе, қимыл-қозғалыстармен алмастырылып қабылданған шынықтырушы процедуралар едәуір тиімді.

Суықтық агенттің әсерінен пайда болатын бейімділік реакциялардың физиологиялық екеніне баға беру үшін, суықты стрессорлық тітіркендіргіш ретінде есептеген жөн. Ол алдымен үрейлік реакциясын туғызады, содан соң тұрақты бейімделумен ауысады, ал ұзақ әсер еткен жағдайларда бейімделтетін қорлар таусылатын кезеңде тұздың көп жиналуынан қан қысымы көтеріледі, бауырдың қызметі бұзылады.

Гигиеналық шынықтырушы шаралар организмді бейімделтетін қордың таусылуына әкелмейді. Адаптация, дезадаптация немесе ауруға айналмайды. Шынықтырушы шаралар оң әсер беріп, атеросклероз бен гипертония ауруларының алдын алады, сергектік береді.

АДАМҒА СПОРТТЫҢ ТИГІЗЕТІН ӘСЕРІ

Тұқым қуалаушылық және бойға жүре бітіп сіңірген қасиеттердің ішінде, адамның еңбекке деген дайындығын айқындайтын бірден-бір маңызды көрсеткіштері – оның жалпы физиологиялық тұрғысы, дене.

Жеке адамға және адамзатқа спорттың әлеуметтік маңызы әр түрлі екені белгілі. Жеке адам үшін спорт дене мүмкіндігін жетілдіретін құрал. Спортта адам жан сезімдік жайлылыққа ие болады, өзіне-өзі ие болуды, сыни көзбен қарауды, әрекеттерін талдай алуды, жетістіктері мен ұмтылыстарына әділ баға беруі, қолма-қол шешім қабылдай алуды үйренеді. Өткір ой ойлау қасиеті спортшыға тек жоғары білімділік үшін ғана емес, сонымен қатар тартыстың тактикалық және стратегиялық элементтерін дәлме-дәл орындай алу үшін қажет. Спортта әрбір адам өзінің жан дүниесіне жақын әрекеттер арқылы өзін-өзі көрсете алады. Жаттығулар және жарыстармен байланысты күрделі міндеттерді атқару кезінде адалдық, жақсылық тілеушілік, жәрдемге ұмтылыс сияқты мінез қалыптасады.

Спорт - әлеуметтік құнды адамды қалыптастырудың бірден-бір тиімді құралы. Өте үлкен көлемді жаттықтырушы жүктемелерді орындау еңбек сүйгіштік, тәртіптілік, көпшілік сияқты адамға аса қажетті қасиеттерді қалыптастырады. Спорттық талаптарды іріктеп табу және тәрбиелеу, бос уақытты көңілді, санаға қонымды өткізе білу - спорттың әлеуметтік функцияларының бірі. Халықаралық қарым-қатынастарды, бірлік пен бейбітшілікті нығайтуға жағдай туғыза отырып, спорт әлеуметтік-саяси функция орындайды.

Жеке адамның қалыптасуы адами тұрғысын, мүмкіндіктерін іске асырумен байланысты болып келеді. Жеке адамның әлеуметтенуі, оның дүниетанымының қоғам идеяларына сәйкес келуімен, еңбекке деген қатынасымен, өнегелік нормаларды ұстануымен, көпшілдігімен, азаматтықпен және дене мүмкіндіктерінің жетістігімен байланысты. Алайда, жеке адамның қалыптасуына қоғамдағы басым идеология, тәрбие жүйесі, қоғамдық институттар шешуші ықпал етеді. Осындай әсер етушілердің қатарында дене тәрбиесі мен спорт бірден-бір маңызды орын алады.

ДЕНЕ ДАМУЫ ЖӘНЕ ЖЫНЫСТЫҚ ЖЕТІЛУДІҢ ЕКПІНІ

Жалпы алғанда, спортпен шұғылданатын балалардың дене дамуы жастық нормаға сәйкес келеді. Алайда, арнайы сабақтар мен спорт секцияларына қатысу өзінің оң әсерін беретіті сөзсіз. Мысалы, спортпен шұғылданбайтын балаларға қарағанда, барлық жас топтарындағы балғын гимнасшылардың бойы биік көрінеді. Неге?

Балғын спортшылардың бойы өздерінің ойыншы емес құрдастарына қарағанда артық. Ал балғын жеңілатлеттердің, жүзгіштердің, шаңғышылардың өздеріндей құрдастарынан айырмашылықтары статистикалық тұрғыдан күмәнді.

Жасөспірімдердің қызметтілік қабілеттілігі денелерінің даму деңгейімен тікелей байланысты. Егерде олардың дамуы орта деңгейге жақын болса, айтылған байланыс сонша жоғары болады екен. Спортпен жүйелі шұғылданып жүрген балаларда байланыс айқынырақ білінеді.Байқаулар көрсеткендей, 4 жыл бойы машықтанудан кейін, бастапқы дене дамуы өте төмен болған балғын спортшылардың шартты қызметтік қабілеттілігі 125,5 пайызға, акселераттарда 111,1 пайызға, ал дене дамуы орта дәрежеде болған балаларда осы көрсеткіш 125,2 пайызға дейін көтерілген. Қызметтік қабылеттілік жыныстық жетілу қарқынымен байланысты екені белгілі, ал жыныстық жетілу қарқыны өз кезегінде спорттық мамандануға, дәлірек айтқанда, спортқа таңдаудың негізіне алынған соматикалық белгілердің білінуіне тәуелді. Мысалы, балғын гимнасткалардың жыныстық жетілу қарқынының баяулауы, шартты күш көрсеткіштері жоғары, бірақ бойы аласаларды таңдап алудың нәтижесі. Волейбол және баскетбол сияқты секцияларға бойшаң жасөспірімдер таңдап алынады. Балғын гимнасшы қыздардың алғашқы етеккірі 14 жас 1,5 айда, ал баскетболшы қыздардың етеккірі 12 жас 4 айда келетіндігін дәрігерлер зеттеп-анықтаған көрінеді.

Бірнеше жылдық байқаулар көрсеткендей, спортпен жүйелі шұғылдану дене дамуы төмен балалар мен жасөспірімдер бойының өсуін артырады. Мысалы, балғын гимнасшы ұлдар бойының ұзындығы 4 жыл ішінде 24 пайызға, гимнасшы қыздардың бойы осы жылдарды 28,3 пайызға, ал бақылау топтарындағы оқушыларда 21,6 пайызға және 23,6 пайызға ғана өскен.

Дене дамуының көрсеткіштері мен жыныстық жетілу дәрежелерінің арасында тығыз корреляциялық байланыс бар (ұлдардың корреляциялық коэффициенті 0,73, қыздарда 0,71). Дене дамуы деңгейі жоғары және орта оқушылардың жыныстық жетілуі алдымен басталады. Балғын гимнасшылардың биологиялық жасы құжаттық жасынан қалыс қалады, ал балғын спорт ойыншыларының биологиялық жасы паспорттық жасынан озып кетеді. Жедел немесе баяу дене даму екпіні балалар мен жасөспірімдер денсаулығына әсер етеді.