Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АНЕМИЯМЕН АУЫРАТЫНДАР САНЫ ТӨМЕНДЕЙДІ


20 января 2012, 10:58 | 1 843 просмотра


«Қазақстанда 2013 жылға қарай темір жетіспеушілігі анемиясымен ауыратындар саны 100 мың адамға шаққанда 1940,4-ке дейін төмендейді», деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі азаматтардың репродуктивтік денсаулығын нығайту және ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Осы бағытта бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде көрсетілетін медициналық жәрдемнің және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық стандарттарына сай мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, сабақтастығын қамтамасыз етуді қарастырады.

Республикада қан органдары аурулары ішінде анемия алдыңғы қатарда тұр.

Темір жетіспеушілігі анемиясы науқастардың өмір сапасына әсер етіп, еңбекке қабілеттілігін төмендетеді және көптеген органдар мен жүйелердің функционалдық бұзылуына әкеп соғады. Жүкті әйелдерде темір жетіспеушілігінің болуы босанған кезде асқынып, уақытылы және тиісті терапия жасалмаса, іштегі сәби де темір жетіспеушілігі дертіне шалдығады. Сондықтан, профилактикалық іс-шаралар ең алдымен ағзадағы темірдің орнын толықтыруға бағытталады. Темір жетіспеушілігі анемиясын емдеуге қажетті шарт дәрігер тағайындаған дәрілік темір препараттарын қолдану болып табылады. Осыған байланысты «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында перинаталдық медицинаны әрі қарай дамыту, акушерлік-гинекологиялық және педиатриялық қызметтердің өзара байланысын, дәрілік құралдармен қамтамасыз етуді жақсарту жоспарланған.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес 2011 жылдың қараша айында «Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде амбулаторлық деңгейде белгілі аурулар (жағдайлар) бойынша халықты тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік құралдар және медициналық мақсаттағы бұйымдар тізімін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы шықты.

Тұрғындарды амбулаторлық деңгейде темір, аскорбин, фоли қышқылы препараттарымен тегін қамтамасыз ету, түрлі жастағы балалардың, репродуктивті жастағы, жүкті және бала емізетін әйелдердің тамақтануын жақсарту, ерте диагностикалау (профилактикалық тексерулер, жүкті әйелдер скринингі) және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атқарып жатқан өзге де шаралар 2013 жылға қарай темір жетіспеушілігі анемиясымен ауыратындар санын 100 мың адамға шаққанда 1940,4-ке азайтуға мүмкіндік береді. 2011 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша аталған көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 2165,0-ті құрады.