Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Ойдағыдай шешімге жақын маңда үміт артуға болмайды» немесе «лжемаршал» мен «маркиздің» қысастығы


13 января 2012, 07:47 | 2 248 просмотров



Бессаусақ бірдей емес, халық болған соң оның ішінде сақысы да, сатқыныда, ері де, екіжүздісі де болады. Солардың сатқыны мен екіжүзділері Д.А.Қонаев қызметтен кетіп, дүниеден озғаннан кейін неше түрлі жаланы ойдан-қырдан жинай бастады. Сол жаланың бірі – аты аңызға айналған Баукеңнің Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмағанына Д.А.Қонаевты «кінәлі» деп табу болды.

Осы тұста Қазақстан КП (б) Орталық комитеті мен Қазақстан компартиясы Орталық комитеті біріншілерінің «шежіресін» ой елегінен өткізіп көрейікші. Мысалы, Қазақстан КП (б) Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Г.А.Борков (1945-1946), Ж.Шаяхметов (1946-1954) қызмет етсе, ал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко (1954-1956), Л.И. Брежнев (1957-1960), И.Д. Яковлев (1956-1957), Н.И.Беляев (1957-1960), Д.А.Қонаев (1960-1962), И.Юсупов (1962-1964) қызмет атқарды. Демек, Д.А. Қонаев бірінші хатшы қызметіне келгенге дейінгі 15 жылда, яғни бейнелеп айтсақ майдан даласындағы оқ-дәрінің иісі әлі кетпей жатып әлгі «біріншілер» Баукеңе неге Батыр атағын алып бермеді?!.

Мұны айтып отырған себебіміз, атақ мәселесіне «біріншілерді» ғана кінәлі деп қарайтын болсақ, онда Баукеңнің Кеңес Одағының Батыры атағын дер кезінде алмауына Қазақ КСР-інің тізгінін ұстаған сол тұстағы біріншілердің бәрі кінәлі деп санау керек. Ал ниеттес, тілектес болған екен, оларды ата тарих өзі ақтап алады.

Баукеңнің кейінгі ұрпаққа мұрты бұзылмай жеткен мұраларының ішінде Д.А.Қонаевқа жазған хаты да бар. «Уважаемый Динмухаммед Ахмедович! По состоянию здоровья я, к сожалению, не смог воспользоваться Вашей любезностью принять меня. У меня никаких личных просьб и других дел к Вам нет», деп басталатын ол хат 1970 жылы 13 ақпанда жазылыпты. Хатта батыр Баукең Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы айтып, «Ерлік елеусіз қалмасын» деген афоризмін мысалға келтіріпті. (Бауыржан Момышұлы, 30 томдықтың 21-ші томы, 115-бет). Бірақ содан 10 жыл бұрын Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Ж.Тәшенов: «Кеңес Одағының Батыры атағын әперу жөнінде Ворошиловқа мәселе қояйын, жазып беріңіз» деп өтінгенде: «Жоқ. Мен ешнәрсе жазбаймын» дегені сияқты Д.А. Қонаевқа да өзі туралы ештеңе сұрап, ләм-мим демеген.

Рас, Д.А.Қонаев Қазақ КСР-ін ұзақ жыл (1960-1962 ж.ж. және 1964-1986 ж.ж.) бас-қарды. КСРО басшысы Л.И.Брежневпен жақсы қарым-қатынаста болды. Бірақ, Д. А.Қонаев пен Л.И.Брежневтің сол сыйлас-тығын көлденең тартып: «Баукеңе Батыр атағын әперуіне болатын еді ғой, Димекеңнің» деген тұрғыдағы өкпе тұрмақ, наз айту орынсыз.

Неге? Өйткені, дос адамдардың арасында да «үлкені» мен «кішісі» болады. «Үлкенінің» аға орнына жүруі, есіктен бірінші боп еніп, төрдің қақ ортасына барып отыруы және шаршы топта бірінші боп сөз бастауы жазылмаған заң. Бәлкім, Д.А.Қонаевтың өз басы сол кездегі Кремль басшысын шынайы дос тұтып, шынайы сыйлап, шынайы құрметтесе құрметтеген шығар, бірақ Кремльдің, оның ішінде Л.И.Брежнев жолдастың «достығын» Димекеңнің достығындай таза еді деп айта аламыз ба?!. Кез келген саясаттың бақай есебі болатыны сияқты, коммунистік биліктің де, оның «генсегінің» де өз қулықтары болғаны анық. Ол қулықтан Л.И.Брежневтің де қашып құтыла алмайтыны және шындық. Оның үстіне батыр Баукеңнің адуынды мінезі олардың мұз жүрегін 70-жылдары одан бетер мұздата түскен. Ал Д.А.Қонаевтың қызыл Мәскеу басшыларына деген достық көңілі күннің көзінен ыстық болса да, өкінішке қарай, ол мұздақты еріте алмаған.

Нақты мысалға жүгінейік. Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «анау туралы өй депті, мынау туралы бүй депті» деген гу-гу әңгіме көзі тірісінде-ақ айтылғаны белгілі. Ол «гу-гулер» Алматы сыраханаларынан асып, Мәскеу кабактарына, тіпті Кремль дәліздеріне дейін жеткен. Бірақ отставкадағы батыр полковниктің қайсар мінезінен туған «деген екендер» халыққа ұнағанымен, қасы қалың «генсек» пен КСРО Қорғаныс министріне ұнаған жоқ. Оның үстіне: «Үрит, соқ!» дейтін зиянды топ Мәскеуден ғана емес, Алматыдан да көптеп табылатын. Мысалы, Баукеңді құрметтейтін зиялы топ оны Батыр атағына ұсынып, КСРО Қорғаныс министріне хат жазып жатса, зиянды топ керісінше Баукеңнің мінезі мен моральдық бет-бейнесін «әшкерелеген» арыздарын Кремльге қарша боратты. Ал мың айлалы КСРО билігі мұны өте ұтқыр пайдалана білді.

Батырдың қанды көйлек досы, майдангер-жазушы Дмитрий Снегиннің «Біздің Бауыржан» атты эссесін, әрине, біреу оқыды, біреу оқымады. Оқығандар біледі, ал оқымағандарға тәптіштесек, былай. Қазақ халқында бір елі ауызға төрт елі қақпақ қоюға үндейтін «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», «басқа бәле тілден» деген сияқты толып жатқан даналықтар бар. Осы сөздерді жақсы білетін Баукең күндердің күнінде қырсығы тиіп кетер деп қорықпас-тан «кімнің кім екенін» ашық айтқан ғой. Мысалы, КСРО сияқты азуы алты қарыс алып империяның Бас хатшысы Леонид Ильичті «лжемаршал» десе, анау-мынау емес, АҚШ секілді алпауыттармен тайталасқан қызыл империяның Қорғаныс министрі А.А.Гречконы «душка» дейді екен. Ол кез «Мәскеуде жел тұрса, Алматыда дауыл соғатын» құйынды, қитұрқылы шақ емес пе, «аузымен жүретін» ағайындар (ғалым, шенеунік, т. б.) міне, осы улы мысқылды КСРО-ның «генсегі» мен әскери билігіне мың құбылтып жеткізбеді дейсіз бе?!. Әрине, жеткізді! Ал коммунистік Мәскеу болса, таспен атқанды аспен ататын Иса пайғамбардайын ізгі жүректілерден емес еді.

Д.Снегинді тыңдайық: «Біз, Алексей Кузнецов, Балтабек Жетпісбаев және мен, яғни – Бауыржанның полктастары КОКП ОК Саяси Бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевқа майдандас досымыздың неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыстағы лайықты ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде Саяси Бюро мен еліміздің Жоғарғы Кеңес Президиумына ұсыныс жасауын өтініп, қағаз дайындадық. Әлбетте, Бауыржанға білдір-мей… Бірақ әлгі бір жүрмейтін жері жоқ «ұзынқұлақ» арқылы Баукең бәрібір естіп қойыпты!

Қонаев көп күттірген жоқ. Кездескен кезде мақсатымыздың орындалуына ықпал етеді-ау деген кейбір нәрселерді мен ауызша да түсіндіруге тырыстым. Ол сөзімді құлшына құптады, бірақ ескертуді де ұмытпады:

– Өзің білесің, Дмитрий, мұндай істе уақытты асықтыра алмайсың. Күтуге тура келеді, сондықтан Бауыржанмен бірге шыдап бағыңдар. Өзім белгі берем.

Күндер көлбеңдеп, апталар ала қашып, айлар адымдап өтіп жатты. Белгі болмады. Мен Бауыржанмен кездесуден қашумен-ақ жүдеп кеттім. Ол да кездеспеуге тырысам деп қарадай қасірет шеге бастады. Ақыр аяғында ҚКП ОК жақтан «қоңырау» да соғылды.

Димаш Ахметұлы сәлем бере келген кісіге жайсыз тиетін әңгіме айтқалы дайындалып отырса да ашық-жарқын, үй-ішілік қонақжай қалпынан ешқашан өзгерген емес. Ол сол күні де өте ықыласты болды. Бірақ оның ел жағдайы мен сүйікті қаласы Алматы туралы тәптіштей баяндауынан Бауыржанды қуантатын ешқандай жаңалық жоқ екенін сезе бастадым. Солай болды да. Димаш Ахметұлы менің көңілімнің «құлақ күйін» келтіріп алып:

– Дмитрий, айтшы, сенің майдандас досың Қорғаныс министрін неғып ызаландырып жүр? – деп сұрады.

Мен үндемедім. Майдандас досымның КСРО басшысын «лжемаршал», ал Қорғаныс министрін бірде «душка», енді бірде «маркиз» деп айтатынын қалай жайып салмақпын. Баукеңнің дыбыстауында оларды «выскочка» дегенінің өзі әлгілердің қасында жоғары мәртебелі мадақ, мақтау сияқты естілетін…

Менің жауабымды күтпестен Д.Қонаев сөзін жалғастырды:

– Гречко ол туралы естігісі келмейді және Саяси Бюро мүшелерінің бәрін қарсы қойыпты, тіпті өз жағына Леонид Ильичті де шығарып алыпты. Сондықтан ойдағыдай шешімге жақын маңда үміт артуға болмайды…».

Д.А.Қонаевтың кеңсесінде болған осы әңгімеден кейін Дм. Снегин батыр Баукеңе келеді. Эсседен тағы да үзінді келтірейік. Екеуінің көңіл-күйін қаз-қалпында жеткізу үшін бұл арада орыс тіліндегі нұсқаны дұрыс көріп отырмыз.

«… Огорчился, потерял ли надежду Баурджан, узнав правду? Внешне нет. А в глубине души?

– Я верю в порядочность (проснется!) даже стригуна номер один. Меня угнетает другое. Димаш не особо благоволит мне, но и не против моей Звезды. Он видит – какое ничтожество, обожаемое Леонидом Ильичей, занимает ответственнейший пост министра обороны. И безмолвствует. Я не упрекаю, не осуждаю: наши мысли и чувства подавлены ложно понятым призванием служить высшим интересам. Но есть же такое понятие – интеллигентность.

– Ты осуждаешь Димаша Ахмедовича или все Политбюро?

– Политбюро, как орган, само по себе серьезно. Но когда и там начинают главенствовать личные и родственные связи, об интеллигентности… – Запнулся и спросил: – Что означает слово сиречь? Совпадает… об интеллигентности, сиречь порядочности личной и государственной, речи быть не может.

– А мы интеллигенты? Ты… я?

– Есть интеллигентность природная, неграмотная, но по здоровью равная материнскому молоку. Им этого не понять!

Баурджан накалялся. Когда его припирали к стенке, ему это не нравилось. Вскипал, рыкал: «Не кричи на меня!» – хотя в эту минуту никто на него не кричал. Сегодня он выпустил пары через запасной клапан.

– Когда ты приступишь к запискам о гвардии негенерале и негерое Советского Союза, но народном Герое Баурджане Момыш-улы, мрак непредсказуемости ближайшего обозримого (Дм.Снегиннің эссесіндегі Д. А. Қонаев айтты деген сөз «Рассчитывать на положительное решение в ближайшем обозримом не приходится…» деп аяқталатын) начнет рассеиваться, и все нормальные люди увидят: король и его маркиза – голые. Голые по нисходящей… Не радуйся, тебе легче не станет: ты поймешь (осознаешь!) как тебе не хватает грешного внука благородного Имаша, отца благородного моего отца Момыша…» (Школьная библиотека. Дм. Снегин. «Наш Баурджан». Алматы, «Жазушы», 2004.).

Майдангер-жазушы Дм. Снегиннің эссесіндегі бұл үзіндіден ұққанымыз Баукеңнің батыр атағына лайық екенін қасақана білмеген болып жүрген «лжемаршал» және «жалаңаш король» сынды Л.И.Брежнев пен оның «маркиз»атанған министрі А.А.Гречкоға деген ашу-ызасы анық байқалады. Ал «Димаш не особо благоволит мне, но и не против моей Звезды» деп өзі айтқандай, қазақ халқының Қаратаудай перзенті Д.А.Қонаевқа деген болмашы өкпе, назын жасырмағанымен, оның батыр Баукеңнің Алтын Жұлдыз алуына қарсы емес екенін ашық мойындаған. Сондықтан Д.А.Қонаевты Брежнев пен Гречко сияқты кекетіп, мұқат­пайды. «Димаш» деп құрметпен атайды. Демек, Баукеңнің пенде ретіндегі өкпе, назы халық төбесіне көтерген қаһарманға батыр атағын әперуге Д.А.Қонаев құлықты болмады деген пікірге нақты дәлел болмаса керек.

Көзі тірісінде біріміз аға, біріміз інідей сыйласып өттік. Базбіреулер сан-саққа жүгірткендей, ол кісіге атақ алып бергіміз келмегендей алты аласы, бес бересіміз жоқ еді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі кезімде тиісті орындарға әлденеше рет атақ беру жайында мәселе қойғаным бар. Менің бұл әрекетімді естіген Баукең бір жолы арнайы келіп: «Батыр – жау барда сыйлы, би – дау барда сыйлы, Димеке. Маған қолдан берген атақтан қадірімді асырған халқымның ықыласы артық. Тілекте түп болмайды. Құдай риза, мен риза. Мен қасы да жау, досының қасы да жау, қасының досы да жау ер жігіттің бірімін», дегені бар. Әрине, көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді. Дара тұлғалы, даңқы төрткүл әлемге асқан азаматқа атақ алып беру абыройына ортақ бола алмағаныма әрине, өкінемін», деп жазыпты.

Кеңес өкіметі кезіндегі саясатты ой елегінен өткізіп, салмақпен саралай білетін жандар Дм.Снегин, Бауыржан Момышұлы және Д.А.Қонаевтың кітаптарындағы осы үзінділерді салыстырып оқып, саралай зерделесе, нағыз шындыққа көзі жетеді деп ойлаймыз. Әсіресе, Д.А.Қонаевтың майдангер-жазушы Дм. Снегинге: «Сондықтан ойдағыдай шешімге жақын маңда үміт артуға болмайды…» деген сөзі терең ой, алыс болжамдар арқылы сол тұстың өзінде тәуелсіздік туралы тәтті арманға жетелегендей ме, қалай?

Арада біраз жыл өткеннен кейін, Димекеңнің ол арманы да жүзеге асты. Қазақ елінің екі тізгін, бір шылбырын қолына алған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығының арқасында КСРО Президенті М.С.Горбачев Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа 1990 жылы 11 желтоқсан күні қол қойды. Сол күні Елбасымыз Батырдың отбасына жолдаған жеделхатында: «Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп жазылды.

Автор:
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. (Қысқартылып алынды). «Егемен Қазақстан».