Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

7 МЫҢ НАУҚАС КЕЗЕКТЕ ТҰР


6 января 2012, 07:45 | 1 604 просмотра



Қазақстанда органдық донорлықты насихаттау бойынша ауқымды акция басталды. Қазақстан үшін бұл шараның маңызы зор. Елімізде бауыр, бүйрек, жүрек және тағы басқа кез келген донорлық органды ауыстырып салуды қажетсінетін 7 мыңнан астам науқас тұрады.

Аталған адамдардың көбісінің денсаулығы өте ауыр жағдайда және кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Олардың арасында балалар да аз емес. Органды ауыстырып салу - адам өмірін сақтап қалудың жалғыз тәсілі. Органдық донорлық - трансплантологияның түбірлі мәселесі. Қайтыс болатын адамға органдық донорлыққа көзі тірісінде келісу - бұл моральдық, сондай-ақ діни тұрғыдан алып қарағанда адамгершілік әрекет. Сонымен қатар, бұл мәселеге жынысына, жасына, ұлтына, ұстанатын дініне, материалдық игілігіне қарамастан кез келген адам душар болуы мүмкін». Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабар таратты.

Ал бүгінгі таңда органды ауыстырып салу саласында қандай түйткілдер бар, отандық дәрігерлер мұндай күрделі операцияларға қаншалықты дайын?

- «Қазақстанда трансплантология саласы өте қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда еліміздің медицина мамандары трансплантологиямен байланысты күрделі операцияларды жүзеге асыруға дайын. Алматыда Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауырды трансплантациялау операциясы сәтті жүзеге асырылды. Операция жасалған азаматтар өздерін жақсы сезініп отыр. Сонымен қатар биыл Ұлттық кардиохирургиялық орталығы сол жақ асқазанды ауыстырды. Бұған қоса елімізде бүйректі трансплантациялау шаралары да жүзеге асырылуда. Осылайша адамның органдарын ауыстыру қазақстандық медицина үшін де жаңалық болудан қалды. Алайда бұл бағытта біздің жұмысымызға тежеу болып отырған бір мәселе бар. Ол органды донормен байланысты». Бұл туралы кеше трансплантология мәселесіне байланысты журналистермен болған баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық жәрдемді ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде әлемнің кез келген мемлекеті мұндай жоғары технологиялы операцияларды жүзеге асыра алмайды. «Ал бізде оған қажетті құралдар да, мамандар да бар. Јкінішке қарай, осы операцияларды жүзеге асыруға қажетті органдардың жоқтығы үлкен проблемаға айналып отыр. Сол себепті біз осы мәселені қалың көпшіліктің назарына жеткізуді жөн санап отырмыз», - деді департамент директоры. Ал бұл түйткілден шығатын жол бар ма? Бар. Биылғы жылы бүйректі ауыстыруға байланысты 13 операция жасалған көрінеді.

- Олардың барлығына да тірі адамдар донор болды. Сонымен қатар бізде алғаш рет бауырды трансплантациялау шарасы жүзеге асырылды. Ол да тірі донордан алынды. Ал өлген адамды донор ретінде пайдалану жағдайы бізде осы уақытқа дейін болған емес. Бұл мәселе қазір қазақстандық медицина үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Бізде бақилық бол-ған адамның дене мүшелерін пайдалану заңға қайшы емес. Сондықтан бұл шараны жүзеге асыруға қажетті жағдайлардың барлығы жасалды. Трансплантацияны жүзеге асыратын шет мемлекеттерден білім алып келген білікті мамандар да бар. Осы себепті бізге бүгін мәйітті донор ретінде пайдалануды жолға қою қажет, - дейді «Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығы» акционерлік қоғамының трансплантология жөніндегі кеңесшісі Ғани Құттымұратов.

Ал адам дене мүшесін ауыстырып салу мәселесіне қарапайым жұрт қалай қарайды?

- Өлген адамды мәйіт ретінде пайдалануды қазір қалың көпшілік арасында кеңінен насихаттаған дұрыс. Өйткені бұған жұртшылық арасында үрке қарайтындар жетерлік. Ал шын мәнінде, бұл адамгершілік жағынан алғанда мән-маңызы зор игілікті іс, - дейді Ғани Құттымұратов.

Автор:
Б. МҰРАТҰЛЫ.