Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚ БЕСІГІНЕН БЕЗІНЕДІ...


23 декабря 2011, 07:41 | 3 087 просмотров



ал АҚШ дәрігері оның қажеттілігін сезінеді

Қолымызға АҚШ-тың белгілі ғалымы, педиатр дәрігері Харви Карптың «Баланы тыныштандыру өнері» атты еңбегі түсті. Мұнда ол әке-аналарға жылаған баланы жедел жұбатып, оны тыныш та тәтті ұйқысына қайта бөлеудің тәсілдерін зерттеген ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесін жазған. Қызығы батыс пен шығыстың баланы жұбату өнерін зерттеген ғалым экономикасы қарыштап дамыған батыс әлемінің бұл нәзік тәрбие ісіне келгенде, шығыстан көш бойы кейін қалғанын мойындайды. Оның зерттеуінше, қазақтың бесік тәрбиесі - бала тәрбиесінің төресі!..

Әлқисса, әңгімені әріден бастайық. Дәрігер кейіпкеріміз Харви Карпты бұл еңбекті жазуға қызық ойлар жетелепті. «Неге жан-жануар ішінде адам баласы ғана тым әлсіз, қорғансыз келеді? Басқа жануар төлінің қай-қайсысы да дүниеге келе салысымен, тұруға, жүруге ұмтылады. Сол күні-ақ аяққа тұрып, жүріп-жүгіріп кетеді, жылап дауыс шығармайды. Тек адамның перзенті ғана өмірге жылап келеді, кемі 3 айға шейін мазасыз, қорғансыз, көп нәрсеге қабілетсіз келеді. Олар жүре алмайды, жүгіре алмайды, тіпті бүйіріне қарай аунай да алмайды» деп таңданады ғалым. Зерттей келе, Карптың басында қызық ой туады: «шамасы, баланың толық қалыптасуы үшін 9 ай жеткіліксіз болса керек, ол үшін толық бір жыл уақыт қажет шығар». Мұндай болжамын ғалым өзінше оп-оңай дәлелдеп те берген. Баланың, дәлірек айтқанда, ұрықтың ана жатырында қалыптасу уақытын, яғни 9 айды 3 айдан - 3 триместрге бөлетін болсақ, одан бөлек баланың жетілуі үшін тағы 3 ай - төртінші триместр қажет екен. «Дүниеге жаңа келген бала 3 айға дейін әлі ұрық қалпында болады. Жануарлардан адам баласының айырмашылығы - оның миының үлкендігінде. Егер бала ана жатырында тағы 3 айға қалатын болса, онда басы бала босану жолында қыстырылып қап, оның дүниеге келуі мүмкін болмай қалады. Сол үшін де ұрықтың жатырішілік дамуы 9 аймен аяқталып, кейінгі даму процесі жарық әлемде жал-ғасады» деп жазады Харви Карп. Дегенмен 3 айға дейін оны бала деп атауға келмейді екен, өйткені ол - әлі қалыптасу кезеңіндегі ұрық қана...

Әлбетте америкалық ғалымның бұл болжамды теоремасы - басқа ғалымдар тарапынан дәлелденіп, қоштала ма, қошталмай ма - бұл жағы бөлек әңгіме. Бізді басты қызықтырғаны - ғалымның осыдан кейінгі туған ойлары болды. АҚШ-та бала тәрбиесінде кезігетін ең басты мәселе - жылаған баланы жұбату екен. Бұл - дәрігерлер арасындағы көп зерттелген де, талқыланған да, бірақ жауабы аса табыла қоймаған тақырып екен. Содан да Харвидің жазуынша, америкалықтар нәресте дүниеге келгеннен кейінгі 3 айды «шыдап» қана өткізуге тырысатын көрінеді. Ал Харви болса, бұл сұраққа өзінше жауап іздей келіп, жоғарыдағы теоремасын ұстанады да, баланы жұбатудың басты жолы - оған ана жатырында өзі 9 ай бойы үйренген жағдайды жасау қажет деп табады. Ғалымның зерттеуінше, ана жатырындағы жағдайды жасау үшін 5 талапты орындау керек екен. Олар - баланы қымтап орау, тербеу, әлсіз шу жасау, бірдеңені сорғызу және баланы қырымен жатқызу екен. Бұл жағынан келгенде, ғалым шығыстың, оның ішінде біздің халықтың бесік тәрбиесіне тәнті болады. Өйткені біздің тәрбиеде - ғалым қажет деп тапқан талаптардың бәрі сақталады. Бесікке бөлеу мәдениеті - дана халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі. Бесікке бөленген бала - ана құрсағында жатқандай, жылы да жайлы күй кешеді. Өйткені мұнда, Харви айтқандай, бала қымталып оралады да, тербеледі де. Ал анасы оған «шу жасап», бесік жырын әндетеді. Рас, дәрігер ғалым бесікке бөлеу мәдениетіне тәнті болғанымен, өз жерлестеріне арналған әдістемеде бесікті қолданбаған. Өйткені оның әдістемесі жергілікті жердің менталитетіне лайықталған. «Негізі, біздің арғы аталарымыз да баланы қымтап орап өсірген. Бірақ ғылым екі қателік жіберді. 1700 жылдары ғалымдар оралмаған балалар да қолын шығарып, не бармағын көзіне тығып алмайтынын дәлелдеп берді. Осыдан кейін ата-аналар баланы орап тастауды құр бекершілік деп ойлауға көшті. Екінші қателік - демократияның қатесі. Біздің халық баланы қымтап орауды - оларды «балалар түрмесіне» жатқызумен бірдей деп есептеп, оларға еркіндік сыйлауды ұйғарды. Бірақ жаңа туған балаға еркіндік қажет емес, оған қауіпсіздік керек» деп жазады Х.Карп.

Мұны айтуымыз, бесікке бөлеуден кемшілік іздеу - біздің тарихымызда да болған ақтаңдақ. Кеңестік дәуірде ғалымдар дәл америкалықтарша бесікке бөлеу - бала құқығын шектеумен бірдей екенін, бөленген баланың аяғы талтақ боп, ол кейін өмірге қабілетсіз боп өсетінін дәлелдеуге тырысты. Алайда мұның бәрі бос сөз болғанын сол ғылымның өзі көрсетіп отыр. Дана халқымыздың дәстүрін - мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттер де мойындауда. Харви Карптің өзі бесік мәдениетінің сыртқы пішініне, яғни оның баланы жұбатудың мықты құралы екендігіне қарап-ақ оған зор баға берді. Ал қазақ халқы үшін бесікке бөлеу - оны тәрбиелеумен де тығыз байла-нысты. Бесікке бөлеу - үлкен өнер. Ол - баланың ұйқысын ғана күзетіп қоймайды, оны халық сенімі бойынша, жын-шайтаннан да қорғайды. Сол үшін де халқымыз бесікті 7 затпен жабдықтаған. Олар - көрпе, қамшы, жүген, шапан, тон, кебенек, шекпен. Қамшы - жын-шайтанды қуатыны белгілі. Сондай-ақ Харви шу жасау үшін шаңсорғыштың дауысынан сәл жуан етіп «шшш» деп дыбыстауды ұсынады. Ал бізде оның орнына киелі бесік жыры бар. Есесіне, бесік жыры - баланың дүние танымының ерте кеңеюіне жол ашады. Қазақ халқы балаларының тілі ерте шығып, жатық сөйлеуінің кілті - осы бесік жырында жатыр. Јйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Ана баланы әннің ырғағымен тербетеді. Өкініштісі, бүгінде бесік жырын әндететін ана аз. Ардагер ұстаз-ғалым Рамазан Жәшиевтің айтуынша, бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар. «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем...» бәрі бар. Оның үстіне сазды, әуенді болып келеді. Міне, бесік тәрбиесінің мұндай да құпиясы бар.

Сірә, Харви Карп қазақтың бесік тәрбиесінің ішкі мазмұнын, ондағы сенім мен тәрбиемен таныса қоймаған болар. Өйткені оның еңбегінің басты нысаны - баланы тыныштандыру болатын. Дегенмен америкалық ғалым бұл жағын да зерттей бастаса, қазақ халқының даналығына тағы бір мәрте бас иеріне шүбәміз жоқ.

Автор:
Нұрболат АМАНЖОЛ, «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газеті.