Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ораза сабырлылық пен төзімділікке үйретеді


14 августа 2009, 04:21 | 1 746 просмотров


Адам баласы өмірге жылап келіп, жылап кетеді. Неге? Өйткені, өткінші фәниде діттеген мақсатына қолы жете бермейді. Кейде жылдар бойы өз мақсатына қарай қадам басады да, орта жолда болдырып, күдерін үзеді. Кейде шыдамы таусылып, қолын бір-ақ сілтейді. Міне, ораза жүйрік пойыздай жүйткіген ғұмырда асқақ арманына асыққан адамның иығына сабырдан садақ асады. Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған, өзгеге де сабыр ете алады. Бойдағы ашу мен жеңілдігіне сабыр-тізгінін салып, жанарында ойлылық пайда бола бастайды. Бұл ғұмырда нағыз сабыр – өз нәпсісін жеңе біліп, Аллаһ Тағаланың ақ жолында жүруге бел байлау. Ақырет әлеміндегі асқақ шыңнан көз айырмау. Оразаға тезе білген өзге ғибадаттарға да шыдамдылық таныта алады. Сабырлылық күшіне ие болған жан ғана, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Аллаһ сабыр еткендермен бірге», – дейді. «Асыр» сүресінде де Аллаһ Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды», – деп баян етеді.

Заманының үлкен ойшылы Имам Ғазали оразаның үш түрі бар екендігін айтады:

Жалпыға тән ораза. Яғни, ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан аулақ тұру.

Аллаһ Тағаланың елден ерек құлдарына тән ораза. Бұл – көз бен құлағын, аяқ-қолы мен өзге де мүшелерін күнәдан сақтауы.

Аллаһ Тағалаға жақын адамдардың оразасы. Жүрегі мен ой-сана әлемі Аллаһ Тағаладан өзге нәрседен пәк болуы. Осылай ораза ұстағанға Аллаһ пен ақыреттен өзге ой келсе, оразасы бұзылады. Бірақ діннің байрағын желбіретіп, көкке қадау үшін дүниені ойласа болады. Бұл – толық адамның бейнесі.

ОРАЗАНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ПАЙДАСЫ

Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары бар. Ораза – елдегі дәулетті адам мен жоқ-жітік арасында байланыс жасайды. Көбінесе ауқатты адам жасынан өмірдің ауыр тіршілігін көріп, тауқыметін ар-қаламай өскендіктен, жанашырлық сезімнен мақұрым қалады. Қазақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деп дәл тауып айтқан.

Жарықтық Абай атамыздың:

«Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалыныніты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы», – дегенінде үлкен мән жатқан жоқ па? Кейде адам байлыққа батқан соң, айналасын ұмыта бастайды. Бірте-бірте аңғалдықтың құрығына түседі. Осы сәтте оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Нәпсісі аттан салып, бойдағы жанашырлық сезімін тұншықтырып тастайды. Дәулетті адамы осындай күй кешкен елден берекет кетеді. Бір мемлекетте өмір сүрсе де, бай басқа әлемде, тұрмысы нашар халық басқа бір әлемде жүреді. Мұндай қоғам ауыр дертке душар болып, елде жүйе бұзылады. Ауқатты адамдар қол астындағы жұмыс істеген адамдарына төбеден қарайды. Алауыздық осындайдан туады. Байлыққа мастанған қашан да бас пайдасын ойлайды. Мұндай кісі ешуақытта жоқ-жітіктің халін ұға да, сезе де алмайды.

Адам ораза ұстап, сәресіден кешке дейін аш қалғанда ғана айналасына басқаша қарай бастайды. Өйткені, ауыз бекіткен ол күні бойы аш қалмақ. Аш адамның бойында тасыған нәпсі бірте-бірте әлсірейді де, жүректің тереңіндегі мейірім-шапағат сезімі оянады. Ол сонда ғана аштықтың қандай екенін аңғарады. Өзінің де жай ғана пенде екенін сезінеді. Ал оянған мейірім-шапағат жалпы адамзатқа, тіпті әлемге деген сүйіспеншілікті өзімен бірге ала келеді. Сонда әлгі кісі адам тұрмақ, жан-жануарға да сүйспеншілікпен қарай бастайды. Рамазан айының – рақым айы болуының сыры да осында жатыр. Адам мен адамның, адам мен әлемнің арасында достық, махаббат байланысы құрылады. Міне, адамның бойында мейірім-шапағат туып, оны айналасына нұрлы шашу етуі – Ұлы Жаратушыға арнаған нағыз шүкірі.

Автор:
Ислам ғылымхалы кітабынан