Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СТИВ ДЖОБС КІМ?


23 декабря 2011, 07:54 | 6 261 просмотр



Өмір сүру деген не? Бұл сұраққа әркім әрқалай жауап береді. Бірақ барлығы бақытты өмір кешкенді қалайды. Бақыт дегенді де әр адам әр қалай ұғады. Өмір бар жерде өлім де бар. Өлімнен кейін не бар? Қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артынан сөз қалдырған» деген дана сөздері еске түседі. Өмірімен, ісімен, сөзімен үлгі боларлық тұлғалардың бірі Стив Джобс деп шештік. Стив Джобс деген кім? Қазіргі персоналды компьютерлерді жасауға көп күш жұмсаған, бүкіл әлем білетін Apple компаниясының негізін қалаған адам – Стивен Пол Джобс. Баршаға мәлім. «Мен үшін сіздермен бірге әлемдегі ең үздік университеттердің біріндегі диплом тапсыру салтанатында болу үлкен мәртебе. Өзім университет бітірген адам емеспін. Бүгін мен сіздерге өмірімнен алынған 3 оқиғаны әңгімелеп бергім келеді. Бар болғаны 3 әңгіме. Керемет ештеңесі жоқ». Осылай Стив Джобс 2005 жылы Стенфорд университеті түлектерінің алдында тұрып сөз сөйлеген. Сол кезде ол қиындықтарды қалай жеңуге болатынын айтып, өз өмірінен мысал келтірді.

БІРІНШІ ӘҢГІМЕ –

НҮКТЕЛЕРДІҢ БІРІГУІ

«...Мен неге оқуды тастап кеттім? Барлығы менің бұл дүниеге келгенімнен бұрын басталды. Мені дүниеге әкелген биологиялық анам үйленбеген жас аспирант болған. Мені біреудің асырауына беретін болды. Бірақ биологиялық анам мені тек жоғары білімі бар адамдар асырауын талап етті. Сол себептен менің ата-анам жоғары білімді заңгер мен оның әйелі болу керек еді. Бірақ менің туылуыма бірер сәт қалғанда потенциалды әке-шешем қыз баланы қалады. Сонымен менен бас тартты. Кейіннен мені асыраған анам колледж бітірмеген, ал әкем тіпті мектепті де аяқтамаған адамдар болып шықты. Осыны білген биологиялық анам асырау туралы қағаздарға ұзақ уақыт қол қоймапты. Тек ата-анам оған мені міндетті түрде жоғары білімді азамат ғана келіскен. Жасым 17-ге жеткенде расында да колледжге бардым. Бірақ мен оқу ақысы қымбат колледжді таңдаппын. Ата-анамның жиған тергенінің барлығы менің оқуыма кетті. Алты ай өткеннен кейін мен өзімнің оқуымның мәнін көрмедім. Өмірімде немен айналасқым келетінін, не істейтінімді, және колледждің маған қандай пайдасы тиетінін білмедім. Сонда мен ата-анам өмір бойы жинаған қаржысын жай шашқандай болдым. Сондықтан мен колледжді тастадымда, алда бәрі жақсы болады деп өзімді сендірдім. Бастапқыда қатты қорықтым, бірақ өткенді қазір саралап, сол шешімім менің өмірімдегі ең дұрыс шешімім болғанын түсіндім. Мені қызықтырмаған сабақтарға бармай, қызықтырған сабаққа қатсуға мүмкіндік болды».

«...Жай қызығушылық пен интуициямның арқасында кездестірген, жолыққан, үйренген дүние кейіннен баға жетпес құндылыққа айнайлды» Стив Джобстың осы сөзінің бір дәлелі мынау: ол оқымай тастап кеткен Reed College-де каллиграфияны оқытатын жеке сабақтар болды. Колледж қабырғаларында ілінген әрбір постер, әрбір газет қолмен әдемі салынған каллиграфиялық өнер туындылары болды. Оқуды тастағаннан кейін, Стив Джобс осы каллиграфия өнерін үйренуге бел буады. Оны каллиграфия өнеріндегі әдемілік, нақтылық, шеберлік қызықтырды.

Стив Джобс каллиграфия өнері туралы: « ...Ол -әдемі, тарихи, нәзік болғаны сондай оны ешбір ғылым түсінбейтін еді. Менің өмірім, болашағым үшін оның бір пайдасы тиер деп ойламадым. Осы өнер маған қатты ұнады, қызықтырды»

Арада он жыл өткенкен кейін алғашқы Macintosh жасап шығарғанда Стив Джобстың каллиграфиялық білімінің пайдасы тиді. Сонымен ерекше, әдемі типографикасы бар алғашқы компьютер Macintosh болды. «Егер мен кол-ледждегі сол курсқа жазылмағанда МАС-та бірнеше гарнитура және пропорционалды шрифтер болмайтын ба еді. Ал Windows бәрін МАС-тан көшіргендіктен барлық персональды компьтерлерде де болмайтын ба еді.Егер мен оқудан шығып, каллиграфика курсына жазылмағанда компьтерлерде бүгінгідей типографика болмайтын ба еді? ....Әрине, сол кезде өмірдегі барлық нүктелерді біріктіру мүмкін емес еді. Бірақ 10 жылдан кейін бәрі, бәрі де түсінікті болды. Сіздер ешқашан алдыға қарап тұрып өміріңіздегі нүктелерді біріктіре алмайсыз, сол нүктелерді біріктіру тек өткенге қарап қана мүмкін болады. Сол себептен қазір сізге болашақта біріктіруге мүмкін болатын нүктелерге сенім артуға тура келеді. Сізге барлығына, өз мінезіңізге, тағдырға, өмірге сенім артуға тура келеді. Дәл осындай көзқарас менің өмірімді өзгертті».

МЕНІҢ ЕКІНШІ ӘҢГІМЕМ –

МАХАББАТ ПЕН АЙЫРЫЛУ ТУРАЛЫ

Менің жолым болды, өзімнің сүйікті ісімді ерте таптым. Стив Возняк екеуміз Apple-дың негізін ата-анамның гаражында 20 жасымда қаладық. Біз аянбай еңбек еттік, он жылдан кейін гараждағы екі адамнан Apple 4000 қызметкері бар 2 миллиардтық компанияға айналды. Біз өзіміздің ең үздік туынды Macintosh-ты жасап шығардық, мен жаңадан отызға толдым. Мені Apple-дан шығарып жіберді. Сізді өзіңіз қалыптастырған компаниядан қалай шығарады?

...Бірнеше ай бойы не істерімді білмедім. Мен өзіме артылған үмітті ақтамай, маған берілген эстафетадан айырылғандай сезіндім. Бүкіл ел алдында масқара болып, тіпті алыс жаққа безіп кеткім де келді. Бірақ бірте-бірте ішкі дүниемді түсіне бастадым, мен әлі де өз ісімді сүйдім. Apple-де болған оқиғалар ағымы өмірімді өзгертті. Менен бас тартты, бірақ менің махаббатым өшпеді. Мен сүйдім. Бәрін басынан бастауға бел будым. Сол уақытта түсінбесем де, бірақ Apple-дан шығуым менің басымнан өткен ең жақсы оқиға болды. Мол табысқа жеткен адамның мойнындағы ауырт-палық түсіп, істі жаңадан бастаған алаңғасар, жеңіл ойлайтын адам болдым. Ауырпалығымнан айырылып, өмірімнің ең сәтті, ең креативті кезеңін бастадым. Алдағы бес жылда NeXT және Pixar компанияларын құрып, өмірдегі ең аяулы әйелге ғашық болып, үйлендім. Pixar ең алғашқы компьютерлік анимациялық фильмді шығарып, қазір әлемдегі табысты анимациялық студияға айналды. Ғажайып оқиғалар ағымының бірі Apple NeXT-ты сатып алды. Мен Apple-ға оралдым. NeXT-та жасалған технологиялар қазіргі Apple-дің өркендеуінің негізі болды. Apple-ден кетпегенде өмірім дәл қазіргідей болмайтын еді, осыған сенімдімін. ...Кейде өмір аямай сынайды, басыңыздан таспен ұрғандай болады. Сенімді жоғалатпаңдар. Маған әрі қарай ісімді жалғастыруға көмектескен жалғыз нәрсе - өз ісіме деген махаббат.Осыған сенімдімін. Сіздерге өзіңіз сүйетін жолды таңдау керек. Бұл жұмысқа да, қарым-қатынасқа да байланысты. Жұмыс адам өмірінің көп бөлігін алады, сол себептен бақытты болудың бір жолы - өз ісіңнің ұлы іс болатынына сену. Ұлы іс жасау үшін – сол істі шын жүректен сүю. Егер өз ісіңізді таппасаңыз, іздеңіз. Бір орында тұрмаңыз. Сүйетін іс тапқанда, сезесіз. Себебі махаббатты сезбей қалу мүмкін емес. Сондықтан іздеңіз, ізденіңіз, міндетті түрде табасыз!

МЕНІҢ ҮШІНШІ ӘҢГІМЕМ -

ӨЛІМ ТУРАЛЫ

17 жасар боз бала болғанда мынадай нақыл оқыған едім «Егер сіз әр күнді өмірдің соңғы күніндей кешсеңіз, күндердің күнінде солай болдаы». Бұл нақыл маған қатты әсер етті. Сол уақыттан бері мен әр күн сайын айнаға қарап «бүгін өмірімнің ең соңғы күні болса, бүгін жоспарлаған істі жасайтын ба едім?» өзіме сұрақ қоямын. Егер бірнеше күн бойы осы сұрақтың жауабы «жоқ» болса, бір нәрсені міндетті түрде өзгерту керек екенін түсінетінмін. Өлім туралы ұмытпау - мен үшін өмірімде ең қиын шешімдерді қабылдауға көмектесетін құрал. Себебі, елдің сөзі, тәкаппарлық, қателесуден ұялу, қорқу, осының барлығы өлім алдында түкке тұрмай қалады. Өлім туралы ұмытпау - «бір нәрседен айырылып қаламын-ау» деген ойдан алшақтатады. Сізде ештеңе жоқ, сіз жалаңаш қалыптасыз. Жүрек қалауына қарай ұмтылуға себеп те жоқ. 2004 жылы маған ұйқыбез қатерлі ісік деген диагноз қойылды. Дәрігерлер рактың осы түріне дауа жоқ және 3 айдан артық өмір сүрмейтініме сендірді. Дәрігерім үйге барып, бар ісімді жөнге келтіруіме кеңес берді. Жөнге келтіру деген - балаларыңа болашақта айтам дегеннің бәрін айтып үлгеру, жөнге келтіру - отбасыңда барлығы жақсы болатынан көз жеткізу, жөнге келтіру - бәрімен қоштасу. Осындай диагнозбен бір күн өмір сүрдім. Кешке қарай мен шалдыққан қатерлі ісікті операция арқылы емдеуге болатынын белгілі болды. Маған ота жасады, қазір бәрі жақсы. Басымнан сол оқиғаны өткергеннен кейін, мен бір нәрсені нақты білемін: ешкім өлгісі келмейді. Жұмаққа барғысы келетін адам да өлгісі келмейді. Бірақ бәрібір, өлім деген - бәріміздің өмір жолымыз аяқталатын пункт. Ешкім өлімнен қашып кете алмайды. Солай болу керек, себебі өлім - өмірдің ең жақсы өнертабысы. Ол -өзгерістің себебі. Ол – ескіні тазартып, жаңаға жол ашады. Қазір «жаңа» деген –сіздер, бірақ сіздер бір күні «ескі» боласыздар. Осындай драматизм үшін кешірім сұраймын, бірақ бұл шындық. Сіздің уақыттарыңыз шектеулі, сондықтан сол уақытты босқа өткізбеңіз. Біреудің өмірін сүрмеңіз. Өзгелердіңо йымен өмір кешуге мәж-бүрлейтін торға түсіп қалмаңыз. Ешкімге өзіңіздің ішкі даусыңызды бөлуге мүмкіндік бермеңіз. Ең бастысы, өзіңіздің жүрегіңіз бен интуицияыңызға сенуден қорықпаңыз! 60-жылдардың аяғында The Whole Earth Catalog (“Каталог всей Земли”) жастарға арналған журнал шығатын. Сол басылым үлкен идеяларға толы болды. Жастар сүйіп оқитын басылымға айналды. 70-жылдардың ортасында менің дәл қазіргі сіздер сияқты жас шағымда, The Whole Earth Catalog-тың соңғы номері шықты. Сол журналдың соңғы бетінде алысқа жетелейтін ұзын жолдың суреті бейнеленген. Ал оның астында «Аш болыңдар, албырт болыңдар» (“Оставайтесь голодными. Оставайтесь безрассудными”) деген сөз жазылған екен. «Аш бол, албырт бол» мен өзіме үнемі осыны тілейтінмін. Енді сіздерге, институт бітіріп отырған жастарға дәл осыны айтқым келеді. Аш болыңдар, Албырт болыңдар!

ӨМІРБАЯН

Стивен Пол Джобс- (24 ақпан 1955 жыл Сан-Франциско -5 қазан 2011 жыл Пало-Альто) американдық өнертапқыш, кәсіпкер. Apple компаниясын негізін қалаған 1976 жылы Стив Джобс, Стив Возняк және Рональд Уэйн. 1985 жылы Стив Джобсты Apple компаниясынан сол уақытағы компания басшысы болған Джон Скали шығарып жібереді. Стив Джобс NEXT компаниясын құрып, қазіргі Pixar сатып алады. 1996 жылы Apple NeXT-ті иемденді, ал Джобс компанияға қайта оралады. 1997 жылдан 2011 жылға дейін компания басшысы болады. 1986 жылы ол Lucasfilm компьютерлік графика бөлімшесін иемденді, Pixar Animation Studios компаниясын The Walt Disney Company сатып алды, Джобс болса оның ең ірі жеке акционері атанады. (7%). Apple компаниясы бұрыңғы жеткен белестерінен асып түсті. Оның шығарған iPod, iPhone, IPad техникалық революция жасады. Apple бұрын жеткен жетістіктеріне жете алмайды деген сөзге қарамастан, Стив Джобс басқарған компания бұрын соңды ешкім жетпеген жетістіктерге жетті. 2011 жылдың 24 тамызында Стив Джобс өз еркімен компания басшылығынан кетеді. 2011 жылы 5 қазан күні 56 жасында дүниеден өтті.

Стив Джобс қазіргі қоғам үшін кім болды? Стив Джобс тарихта қалған тұлға. Стив Джобс әлемдегі ең ірі компанияның басшысы ғана емес, оның есімімен заманауи hi-tech дәуірінің жаңа тарихы басталады. Стив Джобстың күшімен «алма» (“apple” компаниясы) миллиондаған адамдардың махабатына ие болып, әлемдегі ең ірі компанияға айналып, Microsoft сияқты алыптың бәсекелесі болды. Ол техно-революция жасаған адам. Ешкім таласпайды ол әлемді өзгертті!

Автор:
Дайындаған: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА.