Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҮШТІК ОДАҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ


23 декабря 2011, 07:59 | 2 604 просмотра


Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысынан басталған жиын Бірыңғай экономикалық кеңiстікке қатысты түйткілдерді, Еуразиялық кеңістіктегі әріп-тестік жөніндегі кейбір мәселелерді талқылауға ұласты. Ал Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы бастама Еуразиялық экономикалық одақ идеясына жалғасты. Ақыры басқосу Еуразиялық экономикалық интеграция туралы Декларация қабылдауымен аяқталды. Бұдан бөлек Еуразиялық экономикалық комиссия мен оның жұмыс істеу Регламенті туралы келісім-шарттарға қол қойылуы да бұл одақтың сөзден іске көшкендігінің айғағы болса керек.

Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасында жаңа жылдан бастап үшжақты 17 келісім өз күшіне енеді. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық-нормативті базасын қалыптастыру үшін қабылданған құжаттар еуразиялық интеграцияны жаңа сатыға көтермек.

Бірыңғай экономикалық кеңістік – үш ел аумағында тауарлар мен қызмет көрсету түрлерінің, жұмыс күшінің еркін айналымына жағдай жасау деген сөз. Жергілікті кәсіпорындар осы кеңістік аясында, үш мемлекеттің қайсысында болсын, мемлекеттік тапсырыс бойынша ұйымдастырылатын тендерлерге қатыса алады. Осылайша бәсеке күшейіп, нарық заңдары қатая түспек. Отандық тауар өндірушілер енді өзгеше серпін, ерекше құлшыныспен жұмыс істеуі керек. 170 млн. адамы бар нарықта осыншама қиындыққа төтеп берген кәсіпкерлер ғана қалмақ.

Еуразиялық экономикалық интеграция туралы Декларацияда Кеден одағының бүгінгі таңдағы жетістіктері сараланған екен. Сондай-ақ 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік құру идеясы тағы бір рет пысықталған. Сонымен, бұған дейінгі үш мемлекет арасындағы көп келісімдер, оның ішінде Кеден одағы да, Бірыңғай экономикалық кеңістік те еуразиялық интеграцияның жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан кезекті сатылары болып қалмақ. Еуразиялық экономикалық одақ бұдан кейінгі, әзірге соңғы саты болып межеленіп отыр.

Болашақта үш мемлекет арасында бірыңғай валюталық және макроэкономикалық саясат жүргізуді көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылы құрылуы тиіс. Бірақ Ресей Президенті өз сөзінде: «...егер мүмкін болса, оған дейін де құрылуы мүмкін», – деп айтып қалды.

Бұл идеяның авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екенін ұмытпаған абзал, әрине. Біріншіден, халықаралық саясатта қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, қай елдің басшысы ұсынған идея сол елдің мүддесіне қарсы жұмыс істемеуі тиіс. Екінші жағынан, әу баста осы идеяның ұйытқысы болғандықтан, Қазақстан жағы оның ойдағыдай жүзеге асып, елді көркейтуге үлес қосуы үшін ұтымды пайдалана білу жауапкершілігі артады.

Нұрсұлтан Назарбаев үш елдің басшылары бас қосқан кездесуде Кеден одағы іске қосылғалы бері бұл елдердің ин-вестициялық имиджі жақсартып, сыртқы саудадағы көп кедергілердің жойылғаны деп атап көрсетті.

Ал Ресей Президентінің айтуынша, бұл интеграциялық құрылымдар үш елдің болашағын айқындайтын шараларға айналмақ.

Шындығында, бұрынғы Кеңес Одағы аясында тәуелсіз мемлекеттер құрылғаннан кейін Еуразиялық кеңістікте интеграция жүргізу мақсатында көп құрылған ұйымдардың басы да, соңы да бұл емес. Сарапшылардың кейбірі мемлекетаралық қатынастарды реттеу-де мұндай ұйымдарға ұлт үстінен қарайтын құзырет беру болашақта дербес елдердің тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады.

Осындай пікірлерге жауап іспеттес, Ресей Президенті Д.Медведев Еуразиялық комиссия ешқандай мемлекеттің сойылын соқпайтын, ешкімнің ішкі ісіне араласпайтын, өзі демократия заңдарына сай жұмыс істейтін орган болады деп сендіруге тырысты.

Ал Беларусь Президенті мұндай қарсылықтар Ресейде де, Қазақстанда да, тіпті өз елінде де бар екенін айтып қалды. Бұған қоса Лукашенко: «Ешкім де өз егемендігінен айрылмайды», – деп мәлімдеме жасады. Оның үстіне, Лукашенко болашақта бұл қауымдастықты Еуразиялық экономикалық одақ емес, Еуразиялық одақ деп атау жөнінде ұсыныс тастады.

Бұл мәселе бойынша Қазақстан Президенті де пікір білдірді. Н.Назарбаевтың айтуынша, «Кеңес Одағы қайта оралуда» деген сөз шындыққа сай емес. Қатаң әкімшілік-командалық жүйедегі, жаппай мемлекеттік меншігі, ортақ коммунистік идеясы бар одақтың «қайта тірілуі» мүмкін емес. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай мазмұндағы қауіп астарында оппозиция өкілдерінің қорқынышы жатыр деп мәлімдеді.

Одаққа бірігуді кеңестік кездегі отарлаудың жалғасы деп түсінетін орыс империализмі ара-тұра көрініс беріп қалғанда, мұндай қорқыныштар қылаң беріп тұрады. Оның үстіне, Ресей ақпараттық кеңістігінің экспансиясын да жоққа шығаруға болмас.

Кез-келген мәселе үш елдің Президенттері арасында талқыланып, консенсус арқылы шешім қабылданатын болады. Әзірге Назарбаев, Медведев пен Лукашенко ешбір ұлттың мүддесі үшін қауіптенетін ештеңе жоқ деп мәлімдеді. Баспасөз мәслихаты кезінде жұрт алдында уәде бергендей болған үш Президенттің мойнына арқалаған жауапкершілік жүгінің орасан екеніне дау жоқ.

Еуразиялық экономикалық комиссия 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылуы тиіс. Ол үшін үш мемлекет парламенттері шұғыл арада бұл құжатты ратификациялауы қажет.

Медведев мырзаның Ресей Думасы Еуразиялық комиссия туралы келісім-шартты ратификациялауға қатысты ішкі құжатты Қазақстан мен Ресей Президенттері алдында, дүйім жұрттың көзінше Дума төрағасына тапсыруы – «үлгі көрсету» әдісі ғана емес, Кремль үшін бұл интеграцияның қаншалықты маңызды екендігінен хабар бергендей болды.

Осыдан тура бір жыл бұрын Кеден одағы мен Бір-ыңғай экономикалық кеңістік туралы 17-18 құжатты әуелі Ресей, сосын Қазақстан мен Беларусь парламенттері аз күнде ратификациялағаны есімізде. Онда да үш президент өзара кездесіп, үшжақты келісім-шарттарға қол қойғаннан кейін, парламенттер қысқа мерзімде көп құжатты өз елдерінің заңдарымен сәйкестендіруге тиіс болды. Биылғы желтоқсан айында да осындай қарбалас болғалы тұр. Әйтеуір, маңызды келісім-шарттар осындайда суыт қабылданып, шикі болмасын деңіз.

Үш мемлекет басшыларының еуразиялық интеграция қанатының астына басқа әріптес мемлекеттерді құшақ жая қарсы алуға дайын екендіктері емеурінде-рінен анық байқалады. Бұған дейін Еуразиялық экономикалық қауымдастық жиналысында Қырғызстанның Кеден одағына мүше болу талпынысы мақұлданған еді. Ендеше, бұл интеграциялық процестерден қырғыз көршінің қалыс қалуы неғайбыл. Оған Орта Азиядағы басқа мемлекеттердің қосылуы да ғажап емес.

Бұл ойды аяқтауға бір айтары ішінде болатын кейбір көркем шығармалардағы «...жалғасы бар» деген тіркес сұранып-ақ тұр...

КІМ НЕ ДЕДІ?

Дмитрий Медведев:

«Бүгін біз бірінші рет ұлт үстінен қарайтын, біздің мемлекеттеріміздің қай-қайсысына да бейтарап ұйым құру жөнінде уағдаластық, уақыт өте оған жаңа құзыреттер қосыла береді. Бұл шешімнің маңызы өте зор».

Александр Лукашенко:

«Шыншыл болайықшы: ортақ Одақ, яғни Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі уақытта біздің кеңістікте идеялар жеткілікті болды, тіпті артығымен болды. Көп идеялар айтылды. Алайда Ресейдің барлық Президент-терінің тұсында не айтылғаны менің есімде: Ресей Федерациясы мәлімдемелерден, декларациялардан интеграция бағытындағы нақты іске көшпейінше, ештеңе өнбейді».

Нұрсұлтан Назарбаев:

«Осы уақыт ішінде біз батыс тарапынан да, өз ішімізде де көп сын естідік. Иә, алдағы 5 жылда ұлт үстінен қарайтын органдарға 175-ке тарта ұлттық құзырет беріледі. Мұндай жағдайда әуелі егемендік жойылады деседі. Бірақ ешкім біздің әрқайсымыз – мысалы Қазақстан, Беларусь (Ресейді айтпай-ақ қоялық) – біз бәрінің үстінен, оның ішінде Ресейдің де үстінен үлкен егемендік алып жатқанымыз туралы айтпайды, себебі біз мұнда консенсус арқылы дауыс береміз, бәріміз бірге шешім қабылдаймыз».

Автор:
Нұрым НҰРЛЫБЕКОВ.