Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ


23 декабря 2011, 08:00 | 1 832 просмотра



Еліміздің барлық салаларындағы сияқты, денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай оңды нәтижелер кезеңі болғаны мәлім. Өйткені, мемлекеттің басты құндылығы – адам, осы тұрғыда халық денсаулығының жақсара түсуіне, өсіп-өркендеуіне бағытталған бағдарламалар жұмыс істеп, бұл салада қыруар шаралар ат-қарылды.

Бүгінгі күні денсаулық сақтау ісін қаржыландыру көлемі 1991 жылмен салыстырғанда 107 есеге, ал оның ішінде медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлеміне жұмсалған қаржы, 2001 жылмен салыстырғанда, 10,5 есеге өсті.

Халықтың өсу саны, 2000 жылмен салыстырғанда 1,5 миллионнан асты. Бала туу көрсеткіші тұрақталып (мың адамға шақ­қанда, 1991 ж.- 21,5; 2010 ж.- 22,5,), ал 2001 жылмен салыстырғанда 14,9-дан 22,54-ке дейін көтерілді. Жалпы өлім-жітім деңгейі тұрақталып, оның ішінде аналар мен нәрестелердің шетінеуі анағұрлым азая түсті.

Жүрек ауруларынан қайтыс болу 2007 жылдан бастап төмендеуде, құрт және ісік ауруларымен ауыру және олардан қайтыс болу да азаюда. Жұқпалы және паразитарлық аурулар 2 есеге жуық төмендеді. Басқа да әлеуметтік маңызы бар аурулар азая түсуде.

Еліміздің дәрігер мамандарын, емдеу мекемелерінің басшыларын (менеджерлерін) арнайы дайындықтардан өткізіп, білімдерін жетілдіру, өзіміздің республикалық орталықтарда және дамыған елдерде оқыту дұрыс жолға қойыла бастады. Соның арқасында, бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесінің шеңберінде ел өңірлерінде жоғары мамандандырылған көмектің түрлері мен көлемі даму үстінде. Егер бұрын кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және басқа да күрделі операциялар тек республикалық орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында жасалса, қазіргі кезде олар облыс орталықтарында да кеңінен көрсетіле бастады. Бұл шаралар азаматтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып отыр.

Денсаулық сақтау жүйесін және оның материалдық-техникалық базасын дамыту, институттар мен ғылыми орталықтар базасында инновациялық жобаларды енгізу, жоғары білікті мамандар даярлау арқылы, Қазақстан Орталық Азияда сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсететін бірден бір елге айналды.

Әрбір қазақстандық медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлеміне құқылы болып, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында сапалы әрі жоғары деңгейдегі медициналық көмек алуда. Мысалы, үстіміздегі жылдың 10 айлық есептік кезең қорытындысы бойынша медициналық көмек алған адамдар саны 2 миллиондай болды. Оның ішінде тұрғылықты жерінде 90% емделсе, 3% өзге өңірлерді таңдаған, ал 7% республикалық клиникаларда жоғары мамандандырылған көмек алды. Еркін таңдау құқығын пайдалану жолымен стационарларда жоспарлы емделген адам саны 800 мың, олардың ішінде 42% ауыл тұрғындары болған.

Алыс өңірлерде тұратын тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік, әуе, темір-жол медицинасы, соның ішінде, барлық қажетті медициналық құрылғылармен және дәрігерлер тобымен жабдықталған санавиация, «Денсаулық» және «Жәрдем» консультативтік-диагностикалық пойыздары қызмет көрсетуде. 2010 жылдың қыркүйегінен бастап «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Саламатты Қазақстан» атты үшінші медициналық пойыз өз жұмысын нәтижелі жүргізуде.

Қазақстан бойынша 17 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) бар. Жалпы ағымдағы мерзім-де ЖМК арқылы 100 мыңға жуық адам медициналық тексеруден өтті. Денсаулық сақтау жүйесінде сонымен қатар әлемдік стандарттар бойынша скрининг, яғни профилактикалық медициналық байқау жүргізіліп, 2011 жылдың 9 айы ішінде бүкіл республика бойынша 2 миллионға жуық адам тексерілді.

Медициналық көмектің деңгейі мен сапасы азаматтарымызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісімен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасында бүгінгі күні 6 мыңнан астам қолдануға рұқсат етілген дәрі-дәрмектік және медициналық құралдар тіркелген. Дәрілердің тиімділігі мен жағымды әсері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланады. Дегенмен, үлкен ақпарат ағымында дәйекті әрі қажетті мағлұмат табу қиынға түседі.

Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік зат-тарға қатысты жарияланатын ақпараттың сапасы мен нақтылығына айырықша көңіл бөледі. 2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау секторында технологияларды беру және институционалдық реформаны жүргізу» бағытындағы Дүниежүзілік банк жобасының іс-шараларын іске асыру мақсатында, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде денсаулық сақтаудың басты реформаларын қолдау үшін Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығында және еліміздің барлық аймақтарында Дәрілік ақпараттық орталықтар (ДАО) ашып, олардың жұмысын қамтамасыз етті.

Облыстардағы Дәрілік ақпараттық орталықтар ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» РМК базасында құрылған аттас орталықтың басшылығымен, ұйымдастыру-әдістемелік және әлемдік тәжірибемен үйлестірілген жұмысы арқылы еліміздегі медициналық мекемелер мен оның дәрігерлерінің, бүкіл медицина қызметкерлерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуіне өз үлесін қосуда.

2011 жылдан бастап әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындар үшін қосымша қымбат тұратын медициналық зерт-теулер жүргізіліп, әр азамат медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемі аясында берілетін амбулаториялық дәрілік қамсыздандыру бағдарламасы бойынша тегін әрі 50% же­ңілдікпен дәрі-дәрмек сатып алуға мүмкіндігі болды. Бұдан былай, 2012 жылдан бастап, пациент амбулаториялық дәрілік қамсыздандыру аясында дәрілік заттарды тегін алатын болады. Тегін препараттарды іздеу уақытын қысқартып, қолжетімділігін анағұрлым арттыру мақсатында емханалар базасында дәріханалар ашылмақ.

2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы жылы өз жұмысын бастап, қысқа уақыт ішінде халқымыздың денсаулығын, еліміздің әрбір азаматының өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту бағытындағы игілікті қадамдары оң нәтижесін беруде.

Автор:
Серік ЫБРАЕВ, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының бірінші орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Егемен Қазақстан».