Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Шипагерлік баян» ғылымнамасы қалай жазылды?


5 ноября 2009, 18:39 | 9 062 просмотра



Газетіміздің өткен санында Жібек Базарбайқызының «Асыл мұра – «Шипагерлік баян» деген кең көлемді мақаласы жарық көрген болатын. Автор бұл мақаласында осыдан бес ғасыр бұрын, қазақ хандығы дәурендеген тұста өмір сүрген ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінен үзінді келтіреді. Бүгін біз «Баршаға бақыт сыйлаған» атты кітаптан ғалым, емші, шипагер жайлы жазылған қосымша деректерді жариялауды жөн деп санадық.

Жалпы халықтық медицинаның түп қазығы аңыздардан бастау алса, соның ең тұңғыш сенімді өкілі тарихта болған адам, Лұқман хәкімнен желі тартады. Шипагерліктік аса дарынды қараүзген ғұламасы, әрі пірі Лұқман хәкім екенін сонау ХV ғасырда өмір сүрген аса дарынды ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың өзі қасиетіне тәу етіп, айтып кеткен. Олай дейтініміз, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» кітабында былай деп ашық жазады: «Мұхаммед пайғамбар бұл пәниден кешкеннен кейін сансыз іздегіш ардагер ғұламалар «Сақтансаң сақтаймын» деген Алла тағлымы, хақ бұйрығын көземелі көмбелік жасалғы түс ете отырып, шипагерлік ізденісте әлемге әйгілі болған не ғұламатларды жарыққа шығарған. Солардың бірі – Лұқман хәкім болмағы көзелгі. Біз «Бисмиллә» деп, тамыр ұстар алдында : «Менің қолым емес, Лұқман хәкімнің қолы»,-деуіміз, әне, сондықтан (Шипагерлік баян» 48 бет).

Ал, енді Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының емшілік қасиетін сөз етпей тұрып, алдымен оның өзі айтқан ата-тегі мен руын таныстырып, «Шипагерлік баян» атты ғұламалық еңбегін қалай бастап жазғаны хақындағы деректерден хабардар ету қажет шығар.

Ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» атты еңбегінде авторлық аты жөнінен басқа өмірбаянын нақтылап жазбаған көрінеді. Бірақ, соған қарамастан өзінің кім екенін және оның өң-түсі мен тұлғасына дейін сыйпаттап көрсеткен. Бір ғажабы, ол адамдардың тұлғалық сыйпаты мен жеке бітімі, өң-әлпеті мен мінезі, жынысы, ата-тегі, мекен-жайы мен жас мөлшері жақтарынан бір-біріне мүлде ұқсамайтын ерекшеліктерін аша келіп, оған дәлел ретінде өзін былай деп мысалға алады: « Атым - Өтейбойдақ, Тілеуқабылдың ұлымын. Ата-тегім – Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан, Мекенім – Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жадында Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – Иіртек. Бойым ұзын, қараторы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қаба сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын»,- деп қолжазба қалдырған.

Демек, ғалымның осы суреттеуіне қарап-ақ оның тұл-тұлғасын, ата-тегі мен мекен-жайын, туған жылын айқын анықтауға болады. Бұған қосымша ең маңыздысы, ол ғалымның қай жылдары дүниеге келіп, қай заманда кімдермен бірге болып, кімдермен сырласқаны ашық айтылғанын аңғарамыз. Солардың ішінде ең өзектісі – қазақ хандығын алғаш құрған Әз Жәнібек хан мен оның шешені Жиреншемен бірге болып, берген сұрақтарына даналықпен жауап бергендігі. Осыған байланысты болған бір жайды ғалым былай деп баяндайды. «Былтыр Жиренше шешен сырқаттанып, шипа ем дарым зәруатынан дарымдап сауыққан соң, ой тапсырғы (көңіл бөлуге тиісті істер) айтып қайтқалы жатқанда, Жиренше шешенге Әз Жәнібек хан тақай шақырғыш (ерекше шақыртушы) жасауылын жіберіп шақыртыпты». Жиренше: «Сен қайда бармақсың, бірге жүрейік»,-деп болмаған соң, мен оған ілесіп Ақордаға бардым. Барсам, Жәнібек хан тағында, уәзірлері...екіге жарылып, ортасын бос тастап отырысыпты». Бұл дерек ғұламаның қолжазбаларының 17- бетінен орын алған.

Демен, Жиреншеге ілесіп Ақордаға барған ғалым ойламаған жерден Жәнібек ханға кездеседі. Ғалым өзінің «Шипагерлік баян» үлкен еңбегінің жазылуына бірден-бір себепші болған сондағы алғашқы жолығысуды толығырақ көрсетіп жазады. Хан Жиреншемен келген бетте-ақ жауптасып көп жайды сұрайды. Жиренше болса сұрағанының бәріне де іркілмей жауап береді. Хан әр нәрсені Жиреншеден сұрап отырып, бірде одан: «Бізде қараүзген шипагер бар ма?» деп сұрайды. Сонда Жиренше: «Тақсыр, өзі білгі алдыңызда, білмесеңіз қарызыңызда тұр» дейді ғалымды нұсқап. Осыдан соң назарын ғалымға аударған хан шипагерліктің өзекті мәселелері туралы жан-жақты сұрап отырып, бір кезде: «Сырқат қалай пайда болады? Жазылмайтын оның қандай түрлері бар?» деген сияқты бірнеше сұрақтар береді. Ғалым ханның берген сұрақтарының бәріне де мүдірмей жауап беріп, аурудың пайда болуы, оның таралуы және сырқаттарды емдеудің тәсілдерін қолмен қойғандай етіп түсіндіріп береді.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының берген жауабына ханның иланып ден қойғаны сонша, ғалымның дәлелдеген кейбір ғылыми анықтамаларын бірден қолдайды. Соның бірі жеті атаға толмай қыз алысса ұрпақтың кемтар, жарымжан болып қалатынына көзі жетіп, сол сәтте-ақ дереу бұл қағиданы басшылыққа алып, табанда хатшыларын шақырып: «Күллі Алаш ұранлы бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз болмағы шарты үшін... жеті атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт» деген жарлығын жаздырып, «алтын мөрін басып», қолма-қол шабарман аттандырып, жарлықты атқаруды уәзір Жарнамаға бұйырады (қолжазба, 54-бет). Онан соң: «Жарайсың, жарайсың, қараүзген шипагер, қараүзіп шыққан Өтейбойдақ. Көзің тұр шоқша жайнап. Ілме жауап бергің дегізді тұлғаңды, дер қайнама сарқылмас жатқан қайнап»,-деп ғалымға мадақтай сыйпаттама берген хан: «Үлгіңде титтей қалдырмай, жасырып-жаппай, бүкпесіз, толық ашық жазып шық. Болғаннан соң ордаға келіп жеке өзіме оқып бер, қазынада сақтатамын. Қасыр-қағаңа (қосқан есе) қарай сыйыңды алып мәртебеңді иелейсің»,-дейді де, уәзірлеріне дереу орындауды бұйырады. Сонан: Ордадан оңаша сыйласырдан жайлы орын бергесін, мысыма тоқтығандарым мен қайта еске (естелікке) жазғандарымды, ойға жиғандарымды жазуға кірістім»,-дейді ғалым.

Ғалым жазуға кіріскен соң сол кез өмірінің қай шағы екенін де ескертіп: «Жетпіс жылдық өмірімдегі төл кешірме, кешігерліктік ая бойынша жазып отырмын» - дейді. Бұған қарағанда ғалым «Шипагерлік баянын» жетпіс жасынан бастап жазған. Туған жылы Иіртек болса, ол ұлу деген сөз. Демек, ғалым өзінің айтуы бойынша 1397 жылы туып, «Шипагерлік баянын» Жәнібек ханның тапсыруы бойынша жетпіс жасында, яғни 1467 жылы жазған. Кітабын жазуға кірісерде, қатты жігерленген ғалым: «Әгәр сырқат, науқас кежігу болмаса, тұлғалы бітісім мінсіз ұялы, берік болса, хан қасиятлы жарлық шыбын жаншық орындалмақ»,-деп ханға уәде береді. Бірақ, бақытына қарсы ол жазған дүниесін уәдесі бойынша хан қолына тапсыра алмайды. «Бітіріп болып, дәтімді жазып, ертең ұсынамын дегенде, қуанышым өте ерте болған екен. Сол түні ғақыбатылы хан Темір ойда жоқта қандауыш қырғын бастады да, хан Жәнібек жан жаһаннан тұлға қандығыр болды (қаза тауып, қанға малшынды). Мен дестірді (кітапты) көтере босқындармен бірге Ақордадан қашып әрең құтылып, «Есі бар ел табар» деп, туған мекеніме тартым»,-дейді ғалым. Демек, 1470 жылы «Шипагерлік баянын» бастап жазған ғалым арада бес жылдай уақыт өткенде (тарихи деректер бойынша Әз Жәнібек ханның өлгені осы шамамен тұспа-тұс келеді) алғашқы нұсқасын аяқтап, ханға енді тапсырмақ болғанда ордаға тұтқиылдан жасалған жау шабуылынан Жәнібек хан қаза тауып, шипагердің өзі әрең қашып құтылады.

Жәнібек ханның қазасы шипагерге өте ауыр тиеді. Оған дәлел ол өзінің: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда араңдалды» - деген (қолжазба, 58-бет) өлең жолдарынан ішкі шерін айқын байқатады. Өйткені, ол Жәнібек ханға үлкен үміт артқан еді. Ол үміті жеке басының қамы, немесе атақ-абыройы емес, жазған «Шипагерлік баян» кітабының қазақ халқының арасына кеңінен таралып, болашақ ұрпақты өнерге, біліктілікке баулып, елдің ауру-сырқаудан тартатын залалы мен бейнеті жеңілдер ме екен деген арманы еді. Ғалым сол арманға толы үмітін өзінің қолжазбасының 1757-бетінде ханға былай деп ашық баяндайды: «Аллажар хан тақсыр, сіздің қасиятлы ғұмырыңызда жазылып жатқан «Шипагерлік баянын» мархабатлы көзіңізбен көріп, құлағыңызбен естіп болғасын, арнаулы ордаңыздан ұғындырғы (мектеп) ашып, ордаңыздағы гүлтекше үстінде өсіп тұрған гүлдегіндегі гүлдей жеткіншектерді өнерге баулытып жеткізсеңіз, қарашаңыз менің ең зор арманым орындалған болар еді». Бірақ, арман бір басқа да өмір өзінше бір басқа ғой. Ғалымның аңсаған арманы, өкінішке қарай, орындалмай қалды.

Дегенмен оның жазған «Шипагерлік баян» атты ғұламалық еңбегі бағаланбай, ескерусіз қалған жоқ. Өзінің бар ғұмырын жұмсаған ғылымнамалық бұл еңбегінің өнеге боларлық ұлылығына ғалымның өзі де кәміл сенген. Ол жөнінде ғалым былай дейді: «Сөйлемелі сөзді бастан мақтан ету тым ұят та сөлекет. Сөйлеме қаһарман қартайшақ (сөз батыры тез қартаяды) деген, көп адам мұнымды жөн көрмес. Солай да ерді де, езді де етбетінен иландырып, шалқасынан толғандырарлық «Шипагерлік баяным» мақтанымның айғағы» (қолжазба, 58-бет).

Автор:
Тау ШҰБАР