Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАУСЫМДЫҚ КОСМЕТИКА


5 ноября 2009, 18:35 | 4 132 просмотра



Газетімізде «Сымбат» айдары ашылғалы бері редакциямызға хабарласатын оқырмандар көбейе бастағандай. Құба-құп дейміз. Әлбетте олар бізден пайдалы кеңестер турасында, халықтық және дәстүрлі емес медицинаның ерекшеліктері жайлы сауалдарын қояды. Мүмкіндік болса сол сұрақтарына қажетті жауап бергенімізді қалайды. Сондықтан да газет бетінде «Сымбат» айдарының ашыл-

ғаны екі жаққа да тиімді әрі пайдалы дей отырып, бүгін біз маусымдық косметика жайлы азды - көпті деректер беруді жөн санадық. Сонымен өзімізге қалай күтім жасағанымыз дұрыс?

Біз жаңбыр мен қардан қолшатырдың астына тығылып қалқалана аламыз. Ал қыста қалың киініп, суықтан сақтансақ, жазғы аптапта жұқа көйлек киіп шығамыз. Жер балшық болса ыңғайлы аяқ киім киеміз. «Нашар ауа райы жоқ, тек соған ыңғайлы киім болмауы мүмкін» деп ағылшындар дұрыс айтады. Жылдың төрт мезгілінде біздің денеміздің бір бөлігі ғана қыста аяздан, жазғы аптап пен жаңбыр, желден қорғалып жабық тұрмайды, қашанда ашық. Ол – біздің бетіміз әрине.

Сондықтан да бет терісін өте ұқыптылықпен күтіп барлық маусымда тазалап қорғап, қоректендіріп ұстау қажет. Соның бәріне қарамастан маусымдық косметиканың өзіндік ерекшелігі баршылық.

Жаз айларында табиғаттың өзі керемет мол косметикалық құралдар береді. Олардың ең бастысы – су, ауа, күн. Күн сәулесін дұрыс пайдалана отырып, тері элементтері клеткаларының өмірін ұзартатын процестің қызметін жоғарылатуға әбден болады.

Бірақ, күн ваннасын қатал түрде мөлшерлеу қажет. Күн көзінен қатты күймес үшін бет терісіне, мойынға күнбағыс майы мен майсана майын араластырып жағады.

Бүгінде косметиканың сан алуан түрлері жеткілікті. Алыс және жақын шетелдерден әкелініп жатқан кремдерде есеп жоқ десе де болады. Солардың қайсын, қалай пайдаланған дұрыс. Әлбетте, сізге бұл ретте білікті маман, яғни косметологтың кеңесі қажет екені сөзсіз.

Біздің теріміз, әсіресе жылдың суық маусымында – күздің соңғы мерзімі мен қыста жақсы, ұқыпты күтімді аса қажет етеді. Тері ыстыққа қарағанда суыққа төзімсіз келетінін баршамыз жақсы білеміз. Күннің суықтығы, жел теріні тез ескіртеді.

Суыққа қан тамыры қосылады, сөйтіп қан айналуы бұзылады. Тканьның қоректенуі нашарлайды, зат алмасуы төмендейді. Суықта әсіресе құрғақ тері көп бүлінеді. Сондықтан құрғақ терілі әйелдер аязды күні сыртқа шығар алдында бетіне қаздың майын жағады. Оны қалай дайындайды деген орынды сауал туындайды. Айталық. Өте оңай... Қаздың майын ерітіп, сүзіп алады да тоңазытқышқа салып қояды.Тоңазыды - ау деген соң оны бетіңізге жұқалап жағып алсаңыз болды. Ал, кремдер суықта бетті жеткілікті қорғай алмайтынын білеміз. Керісінше, кез-келген майлы кремнің құрамында су бар, ал ауада ол буға айналады, бұл беттің терісін суытады.

Құрылыста істейтін, ауылшаруашылығында еңбек ететін әйелдердің, сондай-ақ шаңғышы, коньки тебуші, хоккейшілердің, тағы басқа да мамандық иелері қыстың аязды күндерінде көп уақыттарын далада өткізетіндері белгілі. Бет терілері түлеп, мұрынның үсті, құлақтарының ұшы көгереді. Мұндайда косметикалық құралдар көп көмек көрсете алмайды. Сондықтан теріні шынықтыру керек. Қан тамырларына гимнастика жасайды (ыстық сумен, содан кейін өте суық сумен жуынады). Беттің ашық жері камфора спиртімен сүртіп, ерінді гигиеналық далаппен бояйды.

Қыстық суық айларында көбіне жастардың көшеде бас киімсіз жүргендерін көруге болады. Мұндай сәнқойлық денсаулыққа өте зиян екені белгілі. Әсіресе, шаштың қоректенуі бұзылады, тамыр тырысып қалады.

Қыс айларында әйелдер шаштарына көп назар аудармайтыны бар. Сөйтіп күні бойы бас киімін шешпейтіндер де табылады. Қандай құнды тері болмасын ол әдемі шашты ауыстыра алмайтынын ескертеміз. Ал, бөлмеде ұзақ уақыт бас киіммен жүру шаштың негізін, құрылымын бұзады, өңі кетеді, майланады.

Тері де организмді басқа мүшелері секілді витаминдерді қажет етеді. Отыздан асқандар витаминді кремдерді қолдана беруіне болады. Бұл орайда тағы да міндетті түрде дәрігер – косметологтың кеңесіне жүгінгеніңіз дұрыс. Ол сізге қандай крем, оны қалай пайдалану керектігі жөнінде міндетті түрде айтары даусыз.

Кремдерді таза теріге маска секілді қалыңдау етіп жағады, 20-30 минуттан кейін сулы салфеткамен сүртіп тастайды.

Суық күндері бастың қайызғағы көбейетінін, беттің безеуі асқынатынын білесіз бе? Мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Қоректенетін тамақтардың құрамында А,В,С витаминдері мол болуға тиіс.

Егер бетіңізге әжім түссе, массажды қыста жасату тиімді көрінеді. Әр екі-төрт күнде бір рет 15-20 сеанс алады. Екі-үш ай дан кейін сеанстарды қайталауға әбден болады.

Массаждан кейін ұсақ әжімдер кетеді, ісік азаяды. Терінің өңі кіреді, қоректенуі жақсарады.

Беттерінде дақтары, секпілдері бар адамдар көктемде көп қиналады екен. Неге? Бұлар косметикалық кемшіліктер болғанымен ауырмайды. Кейбір әйелдерге секпіл тіпті жарасым берп тұрады. Секпіл көбіне жастарға тән нәрсе.

Үлкейе келе секпілдің түсі бозарады. Француз әйелдері кейде жас көріну үшін секпілді гримнің көмегімен жасайды екен.

Ал пигменттік дақтар туралы олай айта алмаймыз. Олар ешкімнің өңін де ашпайды, көрік те бермейді. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында «Ахрамин»,»Молочный», «Мелан» кремдері болған. Міне соларды сымбатты көрінгісі келетін нәзік жандар күндіз шырақ жағып, іздеп тауып пайдаланатын. Енді олардың орнын алыс және жақын шетелдерден жеткізілетін «күмәнді - күмәнсіз» кремдер алмастырды.

Бетті ұйыған сүтпен сүртуге әбден болады. Ол бетті тазалайды. Лимон шырынымен, асханалық сірке суымен де сүрткен пайдалы.

Әрине, сіз қысты күнде, жазда да әдемі көрінгіңіз келеді. Ең жақсы сұлулық – ол денсаулық екенін естен шығармайық!