Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТҰМАУДАН САҚТАНЫҢЫЗДАР!


2 декабря 2011, 07:43 | 2 315 просмотров



Жыл сайын дүниежүзінде тұмаумен және басқа жедел вирустық жұқпалармен миллиондаған адамдар науқастанады.

Биылғы жылдың эпидкезеңінде облыс бойынша жедел респираторлық вирустық жұқпамен 13 000 аса жағдай тіркеліп отыр, тұмау жұқпасы тіркелген жоқ. Сырқаттанушылықтың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды - 64,8% (8619 жағдай).

Тұмаудың вирустары жиі өзгеріп, әр 2-3 жыл сайын өз қасиетін өзгертіп тұрады, бұл адам ағзасының жұқпаға тез бейімделуіне әкеледі. Тұмау вирустары жоғары температура әсеріне тұрақсыз, ал төмен температурада тіршілігін ұзақ уақытқа сақтайды. Вирустар залалсыздандыру заттары, УФ сәулелері әсерінен тез өледі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің мәліметіне сәйкес 2011-2012ж.ж. эпидемиологиялық маусымда тұмаудың А (H1N1, H3N2) және В типті вирустары штаммдарының белсенділігін болжайды.

Жұқпа көзі ауру адам, әсіресе алғашқы 2-3 күн бойы сырқаттанғандар.

Тұмау кенеттен қалтырау, дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздіктен басталады. Кейіннен мұрын бітіп, су ағып, жөтел, тамақтың ауруы, қиналып тыныс алу байқалады.

Сырқаттанушылық көбінесе 2-3 күнге созылады, кейде 5-7 күнге дейін. Балаларда тұмауы өте ауыр өтеді, сонымен қатар баланың аяқ-қолы тартылып құсуы мүмкін, бұл ағзаның тез сусыздануына әкеледі. Осындай жағдайларда балаға жедел жәрдем көрсетіп, ауруханаға жатқызу қажет. Тұмауға әр-түрлі асқынулар тән: ең жиі кездесетіндері өкпенің және ортаңғы құлақтың қабынуы, менингит пен менингоэнцефалит.

Тұмаудың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі – халықты иммундау. 2011-2012ж.ж эпид.кезеңіне халықты тұмауға қарсы иммундауға облыстық бюджеттен 15 218 254 млн.теңге қаржы бөлініп, Франциядан шыққан «Ваксигрипп» және Нидерландта шыққан «Инфлювак» вакциналарының 19 498 дозасы сатылып алынды. Тұмауға қарсы иммундау «осал топтарға» жүргізілді - ұйымдасқан жабық мекемелер (бүлдіршіндер, балалар, мүгедектер, қарттар үйілері және мектеп интернаттар), жиі ауыратын иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар 65 жастан асқан қарт адамдар және медицина қызметкерлері. Тұмау науқастарына сырқаттың қызу кезеңінде төсек тәртібі ұсынылады, дәрумендік диета және сұйық тағам түрлерін молынан пайдалану керек. Науқастың бөлмесін жиі желдету қажет. Алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтау пайдасы мол (жиі қолды сабынмен жуу). Түшкіріп жөтелген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек. Медициналық бетперде (маска) қолданып, 2 сағат сайын ауыстыруды ұмытпаңыз.

Автор:
А.КАСЕНОВА, облыстық МСЭҚ департаментінің эпидемиологиялық қадағалау бөлімнің бас маманы.