25 ноября 2011, 07:50 | 2 552 просмотра
Талдықорған қаласындағы «Самұрық» мейрамханасында «Дұрыс тамақтану – ұлттың саулығы» атты «Ақ дастарқан» аспаз шеберлерінің бай-қауы өтті.
Шараға өңіріміздің аудандары мен қалаларынан келген қоғамдық тамақтандыру орындарының жетекшілері, шебер аспазшылар мен даяшылар және салаға жауапты мамандар қатысты.
Байқауды облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Төлеген Шойынбеков ашып:
– Аталмыш байқау шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ұйымдастырылып, биыл сегізінші рет өтуде. Бастапқы жылдары бұған төрт-бес аудан ғана қатысқан болса, осы жолы олардың саны он беске жетті. Яғни, шараға қатысушылар жыл сайын артып келеді. Осындай игі бастамаға бұған дейін қаржы қарастырылмаған болатын. Енді міне, облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың қолдауының арқасында бұған қомақты қаражат та бөлінді. Мұнда негізінен астың қалай әзірленетініне, оның адам денсаулығы үшін қандай пайдасы бар екеніне мән беріліп, қызмет көрсету сапасы да қадағаланады, – деді ол.
Бір қарағанда дастарқан жайып, оны дәмді әзірленіп, әдемі әрленген тағамдармен толтыру қиын емес сияқты. Алайда кәсіпқой қазылар алқасының көңілінен шығу оңай емес екені белгілі. Сондықтан да облыстың әр аумағынан жиналған аспазшылар таң сәріден бастап дастарқан мәзірін жасап, бар өнерлерін ортаға салды. Онда ет пен балықтан, сүт пен наннан, көкөніс пен жеміс-жидектен жасалған астың түрі дастарқанның берекесін кіргізіп, сәнін келтірді. Көздің жауын алатын тағамдар бір-бірімен ұқсамайтындығымен ерекшеленіп, қонақтарды таң-тамаша етті. Аспазшылар қауымы тағам әзірлеудің қыр-сырына қызығушылық танытқан қыз-келіншектердің қойған сауалдарына да кеңінен мағлұмат беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, Панфилов ауданынан «Галактика», Жамбылдан «Ынтымақ сарайы», Іледен «Жан», Қарасайдан «Шығыс таңы» мейрамханаларының аспазшылары дайындаған тағамдардың тіл үйірер керемет дәмділігі ауыз тиюшілердің таңданысын тудырды. Ал Қараталдан «Лад», Көксудан «Асаба», Райымбектен «Диана» кафелерінің аспазшылары әзірлеген астың түрі дастарқанды тіптен құлпыртып, түрлендіріп жіберді.
Байқау қорытындысы бойынша Іледен «Жан» мейрамханасы Гран-при жүлдесін иеленіп, дипломмен марапатталды. Ал Қарасай ауданының «Шығыс таңы» мейрамханасы бірінші орынды ұтып, жеңіске жетті. Екінші орынды Қаратал ауданынан «Лад» кафесі жеңіп алса, Райымбек ауданынан келген «Диана» кафесі үшінші жүлдеге қол жеткізді. Сонымен бірге, «Үздік аспазшы», «Үздік кондитер», «Үздік даяшы» аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталып, сыйлықтармен марапатталды.