Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕТАДОНМЕН ЕМДЕУ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?


25 ноября 2011, 07:58 | 3 291 просмотр



Елімізде метадон арқылы есірткіге тәуелділікпен күрес бағдарламасының жүзеге асырылғанына биыл үшінші жыл. Бұл - тәжірибе жүзінде іске асырылып жатқан жоба. Теміртау, Павлодар, Өскемен нашақорларын героинге тәуелділіктен айыру үшін метадон қолданылады. Келер жылы елімізге «метадонмен» емдеу бағдарламасын енгізу қажет, қажет еместігі түбегейлі анықталатын болады. Десек те, героинді алмастыратын «дәрінің» айналасындағы дау-дамай әлі басылар емес.

2005 жылы метадон Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қалыпты дәрілік құралдар тізіміне енген. Метадонмен емдеу терапиясын елімізге 2008 жылы ЖҚТБ-мен күрестің ғаламдық қоры мен БҰҰ-ның есірткі бойынша басқармасы енгізді. Әлемнің 71 мемлекетінде нашақорларды дәл осы тәсілмен айықтырады екен.

Метадон - героинге тәуелді жандарды емдеуге арналған синтетикалық сұйық, дәрілік құрал. Метадонның құрамында аз мөлшерде есірткі бар. Дәрілік құрал бірнеше жылдан бері инемен бойына героинді таратқан «кәнігі» нашақорларды айықтыруға бағытталған. Десек те, мамандардың пайымдауынша, дәрінің пайдалы әсерінен зияны мол. Себебі дәріні қабылдаған адам героинге тәуелділіктен айықса да, метадонға тәуелділікке тап болады. 2008 жылдан бері Теміртау, Павлодар, Өскемен қалаларында метадонмен емдеу тәсілі тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізілген болатын. Алайда тәжірибелік жобаға риза жандардың қарасы аз. Оның үстіне 3 жыл бойы еліміздегі нашақорлар метадонмен емделіп жатса да, дәрілік құрал әлі күнге арнайы тіркеуден өтпеген. Осыдан бірер ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігі метадонмен емдеу терапиясын зерттеу үшін арнайы комиссия құрған болатын. Комиссия өкілдерінің нашақорлықтан емдеу әдісіне берген бағасы көңіл көншітпейді. Мәселен, Ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан Садықованың айтуынша, тәжірибелік жоба өзінің жемісін берген жоқ. Бұған қоса метадон арқылы емдейтін дәрігерлерге тегін «есірткіні» пайдаланғысы келетін адамдар жиі жолығатын болған.

Айтпақшы, 2010 жылдың 1 маусымында метадонмен емдеу терапиясын Алматы қаласына да енгізу көзделген болатын. Алматылық нашақорларды аталмыш әдіспен емдеуге қарсылар мен қолдайтындар арасында біраз дау-дамай туындаған еді. Дегенмен ағымдағы жылдың тамыз айында Денсаулық сақтау министрлігі метадонмен емдеу терапиясын Алматы мен Астана қалаларында қолданудан бас тарту туралы шешім шығарған. Алайда Теміртау, Өскемен, Павлодар қаласындағы нашақорлар әлі күнге героинді метадонмен алмастырып жүр. Келер жылы еліміздегі метадонмен емдеу терапиясының тағдыры шешіледі. Биылғы жылы героинді опионды алмастыру терапиясына 144 миллион теңге бөлінсе, 2015 жылға 462 миллион теңге қарастырылған. Әзірге метадон мемлекет бюджетінен емделушілерге тегін таратылуда. Бір қызығы, метадонның арқасында дертінен айығып, бәз-баяғы өміріне оралған жандар кемде-кем. Оның үстіне мамандардың пайымдауынша, метадонды қолдану дозасы ұлғайған сайын тәуелділік те арта түседі. Сорақысы, есірткіге әбден әуестеніп, тәуелділікті метадонмен шешпек болған нашақор дәріден бас тарта алмай қалады әрі науқастың жүрек қағысы әлсіреп, кез келген физикалық ауруға ешбір реакция білдірмейді. Мамандар метадонды есірткі тектес затқа жатқызады. Сондықтан да есірткіге тәуелділікті есірткімен емдеу пайдасыз дейді олар. Иә, метадон арқылы есірткіге тәуелділіктен айығып, күнделікті жайлы өміріне оралған нашақорлар бар шығар. Дегенмен героин іздеп шарқ ұрғанша, тегін таратылатын метадонды қанағат тұтып жүрген нашақорлар есірткіден толыққанды тәуелсіз болады деу қисынға келмейді. Оның үстіне нашақор өмір бойы метадонды пайдалана алмасы тағы анық. Сонда метадонмен емдеу тек белгілі бір уақытқа белгіленген әдіс қана ма? Есірткіні есірткімен алмастырып, нашақорларды айықтыру қаншалықты мүмкін?

Айтпақшы, метадонмен емдеу әдісі Шығыс Еуропа елдері мен посткеңестік елдерге белсенді түрде енгізілуде. Десек те, ТМД елдерінің қатарындағы Өзбекстан мен Ресей мемлекеттері метадоннан үзілді-кесілді бас тартқан. Ал Литвада метадон терапиясын тәжірибе жүзінде енгізу барысында нашақорлардың саны 8 есеге ұлғайыпты. Бұл, әрине, өзге елдегі дерек қана. Дейтұрғанмен, Өзбекстан мен Ресейдің метадон әдісінен бас тартуына не түрткі? Көршілеріміз жаппай бас тартып жатқанда, бұл әдіс бізге қаншалықты қажет әрі тиімді?

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ