Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

“ХАЛАЛ” СӨЗIНIҢ ҚАДIРI


25 ноября 2011, 07:59 | 1 902 просмотра


Кез келген қоғамда, мемлекетте болсын халықтың әл-ауқатына қоса салауатты өмiр салты, яғни денiнiң саулығы бiрiншi орында тұратыны анық. Қоғамды құрайтын, елiмiздiң болашағын қалыптастыратын сол қарапайым халық дер болсақ, сапалы да саналы денi сау ұрпақ тәрбиелеу – әрине, парыз.

Сондықтан да халқымыз деннiң саулығын зор байлыққа балаған. Бiрiншi байлық-денсаулық екенiн шегелей отырып, бастың екеу болуын, ал сол өскен-өнген жанның пейiлiн де сол шексiз байлықтың бiр пұшпағы деп санаған. Таза ауа, қысы-жазы жайлы атамекенiнде, даланың кермек желiмен жарыса шауып, астың құнарлысын, сусынның дәмдiсiн iшiп, бойына сiңiре бiлген ата-бабаларымыз, шын мәнiсiнде аса сергек ғұмыр кешкен ғой. Тал-ғампаз, кiрпияз, астындағы сәйгүлiгi секiлдi таңдап iшкен асы мен сусыны бойындағы анау-мынау сырқатқа дес бермей, ұзақ та саналы ғұмыр жасаған. Аналарымыз да дәрiгер атаулының бет-жүзiн көрмей-ақ, тiптi дүниеге келгеннен кейiн де нешеме екпе дәрiлердi сәби бойына дарытпай-ақ, қол-аяғы балғадай ұрпақ әкелiп жатты емес пе?! Ал бүгiнгi тiрлiк ше?..

Денсаулық дегенде, халықтық және дәстүрлi медицинаға тәуелдiлiк қайда апара жатыр, ересектердi былай қойғанда, дүние есiгiн шырылдап жаңа ғана ашқан сәбилердiң болашағы қалай болмақ?! Тiптi жүрек талмасы, бүйрек, қант диабетi сияқты сырқаттармен қатар, бүгiнде мүгедек болып туылу деректерi елiмiздiң кез келген өңiрiнен табылары анық. Шетелдiк дәрiлер мен дәрумендер қазақстандық ем-шараларды ысырып тастап, ел асып, жер асып барып ем-дом iздеп жатамыз. Қалтаң көтерсе, қаражатың болса кез келген дәрiханалардан iздегенiңдi қиналмай табасың. Дегенмен осы бiр тәуелдiлiктен қалай құтылуға болады, жанымызды жадыратып, көңiлiмiздi сергiтетiн басқа амал-айла жоқ па, осы бiр жағын ойлансақ деген мақсатпен қолыма қалам алдым. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру жолында тек қана емдiк шаралардан гөрi мәдени-емдiк тәсiлдердi де естен шығармаған жөн болар. Бұл ретте, ең бастысы таза ауа, сумен де көптеген сырқаттарды емдеп жазатынын көпшiлiгiмiз iштей мойындасақ та, жүзеге асыра бермеймiз. Мәселен таза ауада көп серуендеу керек екенiн, әсiресе таңғы және кешкi мезгiлде жаяу жүрудiң пайдалы екенiн жергiлiктi дәрiгерлер де жиi ескертiп жатады.

Адамзат өмiрiнде таза ауамен күнделiктi тұтынатын судың да маңызы жоғары екенiн әрбiр пендеңiз түсiнедi. Тiптi апта сайын бармай қалсақ денемiз iздеп тұратын, шыққаннан соң рахат бiр сезiмдi бастан кешiрер монша қандай ғажап?!. Булаудан бүткiл денеңiзбен бiрге санаңыз сергiп, анадан жаңа туғандай күйге енесiз.

Бүгiнгi сөз бұл туралы да емес, бүгiнде тағамға да, тұзға да қосарлана беретiн «халал» деген тiркес жайлы болмақ. Қаламыздың кез келген көшесiнен көзге ұрып тұрар осы бiр тiркестiң азық-түлiк түгiлi, дүкендерге iлiне бастағанына да бiраз жылдардың жүзi болды. Халықтың көңiлiнен шығатын тауарлар түрiмен қоса сол сатушыларыңыздың адал қызметiне де кейде дән ризасың. Ал әлгi «халал» сөзiнiң күнделiктi тұтынатын дүниелердi былай қойғанда қазiр төсек-орын сататын шағын супермаркеттердiң де маңдайшаларынан мықтап орын алғанын көрiп таңқалмасқа шара жоқ

Жаһанданудың, жаңаланудың, жаңашылданудың мәнi осы екен деп, асыл сөзiмiздi көрiнген тесiктiң жыртығын жамауға пайдаланбауымыз қажет шығар. «Халал» сөзiнiң де түп төркiнi адалдықты, тазалықты дәрiптейдi. Әрбiр сөздiң киесiн ойлап, жан-дүниемiздiң ғана емес, тiлiмiздiң де шұбарланбауына, ой-санамыздың да шынайылығын қалыптастырудағы рөлiн дұрыс пайдалансақ деген наздан туған ойларымызды сiзбен бөлiскендi жөн санадық, оқырман.

Автор:
Нұрым НҰРЛЫБЕКОВ