4 ноября 2011, 08:00 | 2 920 просмотров
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011–2015 жылдарға ар-налған «Саламатты Қазақстан» мемлекет-тiк бағдарламасы аясында бүгін Астанада «Бедеулікті емдеудің қа-зіргі шешімдері. Қо-салқы репродуктивті технологиялардың (ҚРТ) проблемалары» тақырыбында III Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан, Франция, Бельгия, Грекия, Израильдің репродуктивті технологиялар саласындағы жетекші мамандары, бедеулік мәселесімен айналысатын акушер-гинекологтар, андрологтар, генетиктер, ЭКО орталықтарының өкілдері, барлығы 300-дей адам қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова өз сөзінде денсаулық сақтау саласының тұрақты даму және тұрғындардың демографиялық көрсеткіштерін жақсартудың барлық негізгі мәселелері «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқанын, бағдарлама мақсаты азаматтардың денсаулығын нығайту және тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру екенін атап көрсетті. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру, оның ішінде қазіргі заманғы репродуктивтік технологиялар елдегі демографиялық жағдайды жақсартып, бала сүйе алмай жүрген науқастарға мүмкіндік береді.
Қазақстанда алғаш рет 1995 жылы Алматы қалалық репродуктивтік орталығында тұңғыш экстракорпоральдық ұрықтандыру зертханасы ашылып, бір жылдан кейін алғашқы сәби дүниеге келді. Елімізде бүгінгі таңда 10 ЭКО орталығы жұмыс істейді, олардың ішінде 3 мемлекеттік орталық бар. Жаңадан ҚРТ ашу жоспарланып отыр.
Республикада 16 жылдың ішінде әйелдер және ерлер бедеулігін емдеудің ең озық репродуктивтік емдеу технологиялары игерілуде. Эмбриондық криоконсервация (пайдаланбаған ұрықтарды болашаққа мұздатып қою), донорлық жыныс жасушалары, суррогаттық аналық бағдарламалары пайдаланылуда.
2007 жылдан бастап жүктілікке дейінгі кезеңде ұрықтардың тұқым қуалайтын ауруларын преимплантациялық диагностика жүзеге асырылады. ҚРТ ерлер бедеулігінің ауыр түрлерін емдеуде жалғыз тиімді әдіс ретінде қолданылады.
Елімізде ҚРТ әдістерімен 20 мыңдай жұп емдеуден өтіп, бала сүйе алмай отырған отбасыларда 6 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бағдарламалардың тиімділігі Еуропаның жетекші орталықтарына сай келеді және қазір тиімділік деңгейі 40 пайыздан асады. 2008 жылдан бері қазақстандық деректер еуропалық ҚРТ тізілімінде бар.
Қазақстан – кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында экстракорпоральдық ұрықтандыру шараларына мемлекеттен қаржы бөлетін аз елдердің бірі. Егер 2010 жылы мемлекет қаржыландыратын циклдер саны 100 болса, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ЭКҰ көлемін 2015 жылға қарай 750 циклге дейін жеткізу жоспарланған. Науқастар өз таңдауларына қарай мемлекеттік және жекеменшік орталықтарда ем ала алады.
Бүгінгі конференция аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ЭКҰ із-ашарларының бірі, көрнекті француз дәрігер-ғалымы, тұңғыш «түтіктегі» француздық сәбидің авторы профессор Рене Фридманмен кездесіп, отандық мамандардың біліктіліктерін көтеру үшін Францияға жіберу жөнінде келісімге келді.
Конференция аясында эмбриологияның өзекті проблемалары бойынша шеберлік-сыныптары өткізілді. Телемедицина көмегімен форумға қатысушылар Мәскеу және Францияның Клермон-Феран емханаларында жасалып жатқан операцияларды тікелей эфирден көрді.