Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ЖАҢА ІЛІМІ


29 октября 2009, 22:22 | 3 234 просмотра



«Адам - әлемнен де күрделі»

Ұждан

Ана құрсағындағы тоғыз ай адам ғұмырының ең ұзақ та ең күрделі кезеңі болып табылады. Оның ұзақтығын түсіну үшін, ұрықтың жетіліп даму мерзімін де, жер бетіндегі тіршіліктің барлық сатыларын басып өтетіндіктен, мөлшермен 500 млн жылмен пара-пар екен. Бұл айтылған ойдың маңызы мен мәніне жету үшін, әуелі тіршілік құпияларына тереңдеп үңілмей болмайды.

Өйткені, адам ғұмырының физиологиялық осы кезеңі, күллі тіршілік атаулының тылсымға толы түйіні, тіпті ақыл түгіл, көңіл көзі жетіп болмағын жұмбақ сыры сақталған көмбесі тәрізді. Егер де, ғылыми дәлелдерге сүйенсек, ана құрсағында өсіп жатқан жан иесі өзіне берілген тоғыз айдың ішінде, табиғаттың шебер құдыретімен «он сегіз мың ғаламның» сипаттарын түгелдей қайталап шығатындығы белгілі боп отыр. Былайша айтқанда, бір клеткалық тіршіліктен бастап адамға дейін жетілген, биологиялық түрлерді түгелдей басып өтеді екен. Әрине бұл, күллі табиғат жаратылыстары ішіндегі күрмеуі қиын, аса күрделі құбылыс екені даусыз! Мұндай сипат тек табиғат шебердің құдыретімен жасалмақ. Ендеше, осынау тіршіліктің сапалық дәрежеде жетілген жұмбақ кезеңін адам тәрбиесіне кірістіре алмай келгенімізді ойласақ, бүкіл адамзаттың рухани дамуындағы аса ауыр кемшіліктер де, осы кезеңнің еленбей қалған ерсіліктері екені анықталып отыр. Себебі, бұл мәселе өткен-кеткен педагогикалық және психологиялық ілімдер де, ешқашан ғылыми жүйеленіп көрген емес. Адам тәрбиесі тәрізді өте күрделі құбылыстың бастауы болып саналатын, ұрық тазалығы мен Ана құрсағындағы жетілудің сырына терең үңілмей, ұрпақ тәрбиесінің іргелі мәселелерін дұрыс шешу мүмкін емес. Әсіресе, бүгінгі молекуоалық биология мен генетика ғылымдарының қол жеткен табыстары осы ойымызды тапжылтпай дәлелдеп отыр. Себебі, Адам жаратылысындағы тек түйістік ақыл мен ішкі бес сезімді былай қойғанда, ондағы тума қабілеттері мен мінез-құлқы, психикалық жігері мен тектілік қасиеттерінің іштен туатындығы, ғылыми әбден дәлелденген құбылыстар екенін ескерген жөн. Жалпы бұл мәселені тікелей адам тәрбиесі қақында болмаса да, адамзаттың небір алып ойшылдары философиялық пәлсапа түрінде көп талқыланған. Әсіресе, адам бойындағы Жан мен Тәннің өзара үндестіктерімен қоса, жүрек күші және ақыл күші тәрізді қадау-қадау құбылыстарды үнемі ой елегінен өткізіп отырған. Жалпы шығыс әлемінде Платон мен Аристотельді, көбіне Фарабидің түсіндірмесінен кейін ғана, терең ұғына алған ойшылдар көп. Солардың ішінде мәселенің бұл жағын ашып жазып қалдырған, ұлы ойшыл-ғұлама Әбу Әли ибн Сина екенін жақсы білеміз. Бұл деректі ол өз қолымен жазған өмірбаянының ішінде айтады.

Тікелей Жан тәрбиесіне байланысты Халық педпгогикасы мен психологиясының 2-ші негізі, немесе адам дамуының физиологиялық екінші кезеңі, бүгінгі таңға дейін ұрпақ тәрбиесінен тыс қалып отыр. Тіпті, жан тәрбиесі дегенді түсіне де алмай отыр. Ол жайындағы методологиялық ізденістің жоқтығы, адам тәрбиесінің қаншалықты ойсырап жатқандығын аңғартса керек. Сондақтан да, жоғарыда аз-кем айтылған Жанның онекі мүшесі, яғни 12-арнасының жабылуға жақын жағдайы – жыл өткен сайын адамдар азып барады деген тұжырымды жиі айтқызып жүр. Оны айтып қоюмен еш мағына шықпайды. Өйткені, бұл мәселенің өзіне тән тәрбие әдістерін жүргізбесе, жан дүниенің арналары сол жабылған бойы көресіңді көрсете бермек. Ендеше, тоғыз торқаның ішінде өсіп келе жатқан Жан иесі тек биология мен физиология заңдылықтарына бағынып қана дамитынын ескерсек, ананың түйсігі мен ішкі бес сезімдері арқылы тәрбиеленетін – Жанның мүшелеріне тиісті деңгейде көңіл аударатын мезгіл жетті.

Шынын айтсақ, соңғы жылдардағы ұрпағымыздың маңдайына тиіп жүрген күйелі көсеу де осы екенін несіне жасырамыз. Оның жауапкершілігі – тікелей ата-ананың мойнында екенін ашып айтқан жөн.Олай болса, келер ұрпақтың бақыты мен саулығы тікелей алдыңғы буынның ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиені түсінуіне байланысты. Қалай десек те, бұл мәселені назардан тыс қалдыра беру, адамзат қауымын апатқа ұшыратуы да мүмкін.

Заманының түзу кезінде дәстүрі бұзылмаған Қазақ елінің, «Алып – анадан туады» дейтін өсиетінің Үлгісі мен Халық педагогикасы мен психологиясының 2-ші негізі, немесе Ана құрсағындағы физиологиялық кезеңінің үндесіп жатқанын байқау қиын емес сияқты.Өзінің ұрпақ тәрбиесінде бұл қасиетті қазақ халқы инстинкті түрде пайдаланғанын көптеген тәлімдік ұғымдардан аңғаруға болады. Халқымыздың ата дәстүрі болып саналатын – «Жеті атаға дейін қыз алыспау» - салты да біраз нәрседен хабардар етеді. Бірақ, бодандықтың бұғауымен маталған соңғы үш ғасыр, бұрынғы ата-баба даналықтарынан қол үздіріп кете жаздады. Тіпті, қазір - «алып - анадан туадының» - мағнасы түгіл, бұл сөздің мәніне көңіл аударып жүргендер аз. Сондықтан да ол - алма-кезек ауысып жатқан ұрпақ тәрбиесіне әсер етуден қалғалы қашан?! Сонда, бұл тәріздес асыл сөздердің қадір қасиеті өз қалпына келмесе, Дулат-жырау айтатын: - «өнер алды - қызыл тілдің» - жағдайы қалай болмақ? Мұндай қуаты мол тұжырымдар сұлу сөйлейтін сөз тәрізді қызмет етсе, сөз өнері арқылы жетілетін жас ұрпақтың зейіні мен зердесі нендей күйге түспек?

Ата-бабамыз осы жайларды жоғарыда көрсетілген өсиет сөздерімен ұрпағына тек тән құрылысының жетелуін ғана емес, «алып» деген сөздің астарында тәннен де күрделі, жандүниесінің де ана құрсағындағы қалыптасатынын меңзеп отыр. Оны – қалыптастыратын да және тәрбиелеп жетілдіретін де, тек ананың ғана парасаты екенін айтып тұр. Адам жанының 12-мүшесі, яқи арналары – түйсік – ұят – сүю – зерде – мінез – жігер – қабылет – ішкі бес сезімдері – бар жан дүниесі де, тәннің мүшелері – жүрек – ми – бауыр - өкпе – бүйрек – тағы басқалары тәрізді, тек ана құрсағында ғана жетіліп тәрбиеленетініне, бүгінгі қоғамда жете мән берілмей келеді.

Бүгінгі ғылым құдыретімен дәлелденіп отырған күрделі құбылыстардың сырлары, Қазақтың халық педагогикасы мен психологиясында да үндестік табатындығына тұшынған сайын, ата – бабаларымыздың қалдырған рухани мұраларына шынайы ризашылық сезімдер билейді. Ол көкірек көзімен аңғара білген: - Онсегіз мың ғаламды – бір тарының қауызына сыйдырған» - дейтін өсиет сөзінде, тіпті тереңнен маржан теріп отырғанын, барынша айқын байқамау мүмкін емес. Шынында да құдыреті мол осынау күрделі құбылыстарды жетілдіретін адам ұрығы – тарының қауызынан да кіші болмаса, тіпті де үлкен емесіне таңданбасқа болар ма?!? Осыншама күрделінің өзін сөз өнеріне сыйдыра білген жұрт,-«Алып-анадан туады» - дейтін өсиет сөзін де ұрпағына қалдыруға құқылы еді.

Сөйтіп, адам тәрбиесінің 1-ші және 2-ші кезеңдерін салалай жіктеп ашып айтсақ: - Ұрық тазалығы - еркектің аталық парызы болған да, ана құрсағындағы тәрбие - әйелдің аналық парасаты екенін, тіршіліктің бұлжымайтын заңындай етіп өмірге енгізу қажет. Сондықтан да, ананы да, атаны да өзінің мінәжәт етер қағбасына бетін түзеп, бұл кезеңдегі тәрбие тәсілдерінің қыры мен сырына саналы түрде үйретудің міндеті мен қажеттілігі, ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауы болуға тиіс. Ана атаулы жүкті кездерінде, жаратылыстың өзі бейімдеген қасиеттеріне ауысатындықтан, оның сыртқы бес сезімдері ғана емес, сондай-ақ ішкі бес сезімдері де, аса сезімтал қозғалмалы көңіл-күйде болатындықтары белгілі. Ана атаулы, міне, осы күйлерін сәтті пайдаланып, құрсағындағы жан иесіне жеткізу тәсілдерін білмейтіндіктен, осы кезеңнің - өзіне ғана тән тәрбиелері – тас қараңғы қалпында қалып отыр. Соның салдарындай, қазіргі дүниеге келіп жатқан нәрестелер түгелге жуық жүрек тәрбиелері оянбай, былайша айтқанда, жан дүниелерінің арналары ашылмаған күйлері өмірге келіп жатыр. Сондақтан да, олардың зердесі таяз – жігерлері құм – мінездері дөкір – ұяттан безген - қабілеті әлсіз – түйсігі жоқ – ешкімді де сүймейді – көкірек көздері оянбаған – денсаулықтарының да ақаулары мол, адамдар тобырын көбейтіп отыр. Осының барлығы да бүгінге дейін ескерілмей келген адам тәрбиесіндегі аса ауыр қателіктер болып есептелінеді.

Бұл мәселені ел болып мемлекеттік деңгейде түзетуге кіріскен жағдайда, Халық педагогикасы мен психологиясының 1-ші және 2-ші кезеңдеріндегі тәрбие тәсілдерінің әсері – көп тостырмай –ақ жетістіктерін көрсетпек. Мұндай арман орындалған кезде, кешегі Ұлы Абай көксеген – «нұрлы ақыл мен толық адам» - мәселесі ойдағыдай шешілер еді. Әуелден-ақ, анасынан жүректері оянып жан дүниелері ашылып туған жандар, адамшылық пен арды да, тіпті болашақ ұрпақ қамына да, ерекше сергектікпен қарайтыны анық. Жүрек культі ілімінің негізін салушы әл-Фараби Түркі халықтарының тағылымдарынан алып, адам тәрбиесі жайында үш түрлі ғылымның жүйелерін жасап, Біріншісі – түйсік, сыртқы және ішкі бес сезімді – Хауас ілімі, Екіншісін – үш сүюді – Имани гүл, Үшіншісі – ақыл - әділет, рахымды - Жәуанмәртлік – деп атандырғаны белгілі. Бірақ, бұл ілімдер - өз топырағына түспеген дән тәрізді – араб елдерінде өркендей дамып кете алған жоқ. Әйтсе де, түркі халықтарынан шыққан ғалымдар: - Дауани, Баласағұн, Қарабағи, Науаи – бұл жайында аса құнды еңбектер қалдырды. Мәселен, Ж.Баласағұн – осы үш ілімнің негіздерінде бүкіл дүниежүзін тамсандырған, атақты «Құтты білегін» поэзия тілінде өмірге әкелді. А.Науаидың - Бес хамсасы да, осы идеяларды дамыта жырлайды. Ал жоғарыда айтылған үш ілімді ары қарай жетілдіріп, ерекше биіктікке көтерген – Ұлы Абайдың орны жеке дара бөлек. Бұл мәселе әлі зерттеушісін күтіп тұр. Абайдай данышпанның: - «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» - деуінің мәні де, өз еңбектерінің осы үш ілімнен сабақтасып жатқанын меңзесе керек. Егер адам тәрбиесінің 2-ші негізі жайында - Абайға жүгінсек:

-Ұйықтап жатқан адамды - ән оятар,

-Үннің тәтті оралған – мәні оятар,-дей келіп,

-Жүрек тербеп, оятар - баста миды – деп тұжырымдауын да, тікелей теңіз ғұламалық жатыр емес пе?! Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі құнары мол қасиеттерді игеру мәселесі, тіпті әлі жүйелі түрде басталған да жоқ.

***

Елу жыл өмір сүріп екі түрлі құндылықты көрдім.

Біріншісі: «жарлы болсаң да қоғам үшін жаныңды аяма».

Екіншісі: «бүкіл дүниенің тұтқасы - ақша».

Ылғи жар жағалағандай я о шетін, я бұ шетін алып жүретін біздің халық бүгінде алғаш-

қысын тастай салып соңғысына ұмтылды.

Жоғарыдағы екі ұранның екеуіне де қарсымын. Әуелі қоғамды байытып алайық, сосын өзіміз байимыз деп жүріп «үшінщі әлем» елдерінің қатарында қалып қойдық. Ал, ақша бар дүниенің тұтқасы болуы қиын. Ең қасиетті құндылықтардың бір де біреуі ақшаға сатылып алынбайды. Мәселен денсаулықты ақшаға ала аласың ба? Сондай-ақ адамгершілік, ақыл, достық, махаббат т.с.с ақшаға сатылмас, егер сатыла қалса оның аты басқа болар. Ақша болмайтын қоғам үшін күресетіндер бар, түбінде солар жеңеді.

Сақ дәуірінің бір биі айтып, бүгінге дейін жеткен мынадай бір өлең бар екен:

Арамның жолы қиқалаң,

Адалдың жолы төте еді,

Жақсы-жаман әркімнің,

Арасынан өтеді.

Араздаспай таласпай,

Тату жүрсек не етеді?

Ынтымағы бар болса,

Аз-маз ғана дүние,

Бәріне түгел жетеді.

Автор:
Мырзагелді Кемелдің «Мың ой» кітабынан