Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АСЫЛ МҰРА - «ШИПАГЕРЛІК БАЯН»


29 октября 2009, 22:18 | 2 788 просмотров



Осыдан бес ғасыр бұрын қазақ хандығы дәурендеген тұста өиір сүрген ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы бес ғасыр бойы жарық дүниені көре алмай келіп, енді ғана бізбен жүздесіп отыр. Бұл еңбек бабамыздың өзі өмір бойы қамын жеп өткен ел-жұртының, ұрпақтарының арасына оралып, көкірегі ояу әрбір пенденің көңілінен жол тапты.

Бүкіл ғұмырын ел-жұртының, ұрпақтарының дені сау болуы үшін арнап, өз басының рахатын мүлде ұмытқан, осы жолда небір қиындық атаулының бәрін бастан кешіріп, сол машахатты еңбегінің арқасында ұлан-ғайыр мол білім жинағын игеріп, медициналық ұлы еңбек жазып қалдырған қазақ болды-ау дегенді ойлауға батылымыз бармаған ғой. Мектепте оқулықтан «Ли жышын» деген сабақты оқығанда, қытай халқы ертеден-ақ шөптердің дәрілік қасиетін байқап, оны ем ретінде пайдалана білген екен. Ал, қазыналы қазақ жерінде шөптің сан мыңдаған түрлері бар. Осы біздің ата-бабаларымыз неліктен шөп дәрілердің қасиетін танып пайдалана білмеді екен? Деп ойлаушы едім. Міне енді «Өтейбойдақ шипагердің өзі айтқанда»:»Ерді де, езді де етбетінен иландырып, шалқасынан толғандырарлық» - «Шипагерлік баян» сынды үлкен ғылыминамалық дәстүрді көзбен көріп, көңілмен таныған әрбір адам ғалымның ғажайып ой-толғамына, ұшқыр ойдың, даналықтың иесі екеніне, өз заманының алдына жан салмаған әулие шипагері екеніне таңданбай да, табынбай да тұра алмайтыны шүбәсіз.

Ұлы медициналық еңбек, ірі ғылымнама «Шипагерлік баян» - тіл, мәдениет, тарих, философия, биология, астрономия, этнография, психология, этика жақтарынан да мол білімді бойына жинаған кітап. Ғалым шипагерлік ғылымды жазумен қоса, жоғарыда аталған ғылыми дүниелерді өте шебер байланыстырып, халықтың түсінік-түйсігімен түйіндеп, қарапайым тілмен шығарманың өн бойына сіңіре отырып баяндайды. Таза қазақ тілімен, араб жазуымен жазылған кітеп бізге қазақтың даму тарихы, моральдік қасиеті, философиялық ақыл-ой дүниесі, жасаған ортасы, киім-кешек, азық-түлік тұтыну жағындағы салт-дәстүрлері мен мәдениетінен мол дерек беріп, қазақтың ұлт болып қалыптасуының, этникалық бірлігінің тым ертеден басталғандығын жазба деректермен қамтитын құнды мұра. Бұл кітап өз тарихымызды ХV ғасырдағы қазақтың хандық құрып, шаңырақ көтеруінен бастайтын шындықтан ауа жайылып жүрген ағат түсініктен арылуымызға, тарихтың алыс қалған терең қатпарларына қайтадан жақсылап үңіліп, содан қазақтың салып кеткен із-бедерлерін табуымызға көмектесетін жазба дерек.

Орта ғасыр түркі тілдес халықтардың тарихында алтын дәуір болғаны мәлім. Шығыс дүниесінде сол тұста атағы әлемге жайылған, ұлағатты оқымыстылар, тұлғасы биік ойшылдар мен философтар, ұшқыр ойлы, шебер тілді ақындар мен жазушылар, тарихшылар дүниеге келіп, ғылым мен мәдениет әлемінде бір топ жұлдыз болып жарқырағаны белгілі. Солардың ішінде ерекше көрнекті болғандары қазақ елінің атамзаманнан бергі құт мекені болып келген Сыр дарияның нәрлі топырағынан туған, заманында Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атағын алған ғұлама ғалым Әбунәсір Әл Фараби, ғасырлар бойы қазақтар ірге жайып келген қасиетті жер Жетісудан шыққан парасат иесі Жүсіп Баласағұн, «Медициналық қағида» атты құнды кітабы Еуропада ХІІ,ХІІІғасырларда медициналық оқулық ретінде қабылданған арабтың әйгілі дәрігері, философ және ақын Әбуәли Ибн Сина. Осынау алыптардың мекенінен талай-талай ғұламалар мен данышпандардың шыққаны шүбәсіз. Қанша ма даналардың есімі уақытпен бірге атаусыз жоғалып кеткенін кім білсін? Аумалы төкпелі аласапыран заманның тұстарында бес ғасыр бойына жарық көре алмай, енді ғана, ұрпақтарының арасына қайта оралған «Шипагерлік баян» осының дәлелі емес пе? Кітапты оқып отырып халықтың даналығын, философиялық ақыл-ойын бойына жинаған ғұлама ғалым Өтей бабамыздың ұлылығына, тұнып тұрған парасатты ой толғамдыраны еріксіз бас иесіз. 70 жылдық машақаты арпалыс арқасында, өмірден үйреніп жинақтаған білім нәрін, терең ой болжамдарын кітап етіп жазып, ұрпақтарының, елінің игілігіне жаратпақ болған ғалымның арманы жүзеге аспағанымен кітап ғасыр бойы кешіксе де қолымызға тиіп құнын әйгіледі. Кітапты әлем танып, ғалымның еңбектері тиісті бағасын алып жатса бәрімізге зор мақтаныш, үлкен мерей болары хақ.

Ғалымның осыдан бес ғасыр бұрын жазып кеткен шипагерлік тақырыбындағы тапқырлықтарының бірсыпырасы қазіргі заман медицинасында еуропа ғалымдарының осыдан бір ғасыр бұрын медицина саласына жасаған төңкерісі болып дүниеге танылған жаңалықтар. Жүрек пен мидың қызметі, қан айналысы, ас қорыту жүйесінің қызметі ғалымның өз сөзімен айтқанда: ішкі 12 мүшенің қызметі жөніндегі ғылыми тұжырымдары осы заман медицинасында соңғы ғасырларда табылып, дәлелденген әлемдік жаңалықтар еді. Шипагер жүректі «қан мепкіл мүше қаһарқақ» деп атайды. «Қан жүректің теппелік серпінімен тұтас бітісті аралап, тартпалық сорғыштығымен жүрекке келіп, толассыз айналып, несіптік ризықтық сіңім арқылы пенделік несібелерді толықтамағы шарт... Осылайша қаһарқақ мүше тұлғалық бітісті әрі тұтастырғыш әрі ұштастырғыш әрі жарасым тамқызғыш, әрі басқарғыш және меңгергіш бітістің көмес ішкі сарайдағы күнбиден ауғысыздықты бір Алла жаратқан» (181 бет). «Жүрек соқпаса, тамыр жүрмейді, тамыр соғымы болмаса қан да жүрмек емесі айқын ұсыныс» (106 бет) деп жазады. Мұнда жүректің қызметі ғана емес, қан айналымы және қоректік заттардың қанға өтіп, тұтас дененің қажетін қамдайтындығы қысқа сөзбен тұжырымдалып отыр. Қан тамырдың қызметі жайлы «Қан атылып шыққан серпінді лыпыма аңғақ екен. Ол қолға лыпылдап соғымы білініп тұрғылық болды, қан жылып аққан бірі жымпыма аңғақ екн» (181 бет). «Халал қанды апарғы лыпыма аңғақ, һарам қанды әкелді жымпыма аңғақ» (178 бет) (аңғақ-тамыр) деп жазады. Артерия мен вена қан тамырлары қызметі жайлы қазіргі медицинамыздың айтары осы. Оның үстіне осы екі қан тамырдың қазақша аталымы қандай ақылға қонымды. Медицинамыз тарихында қанның айнала жүретіндігін алғаш зерттеп байқаған ағылшын дәрігері Вилиям Гаруей. Ол 1628 жылы кітап жазып, жүрек қанды айдап, оны шеңбердің бойымен қозғалуға мәжбүр ететіндігі туралы тәжірибеге негізделген дәлелін келтірді. Ислам діні шариғатында тірі адамды не өлікті боршалап көруге тиым салынған жағдайда, шипагер хайуанаттарды, соғыста өлген өліктерді жасырын боршалап, тәжірибе жасап жүріп, адамның ішкі мүшелерінің қызметін анықтап шықты, адам денесіндегі сөлдерге тоқталғанда асқазан сөлін «тәбеттік» және «нәуметтік сөл» деп атаған шипагер «тәбеттік сөл – адамның тамаққа ынтазарын арттырса, нәуметтік сөл – ішкен-жегенді асқазанда қорытып сіңіреді». «Ас нілі денеге сіңіп, қандық сөлге айналып жүрек қан тамырларымен тұлғалық қызымға, әл қуатқа айналады (107 бет) деп қорытады. Тұлғалық қызым дегеніміз – қазіргі кезде өзіміз айтып жүрген жылу энергиясы.

Қандай тамаша атау. Тағы да өттің қызметі жөнінде «Өт жұмырға құйылса, ас сіңірімділік таппақ. Ауызға құйылса өлмек, өт асқазанға құйылса запыран болмақ (177 бет) деп түйеді ғалым. Әлем медицинасында ас қорыту жүйесінің қызметін және сілекей бездерінің рөлін алғаш 1890 жылдарда зерттеп тұрақтандырған орыстың ғалымы Иван Петрович Павлов, бұдан сырт бауырдың қан жасайтындығы, бүйректің жарақсыздарды сыртқа шығаратын сүзгі мүше екендігі, ми қызметі жөніндегі ғалымның осыдан бес ғасыр бұрын байқап байымдағандарының бәрі қазіргі ғылым рас таған анықтамалар.

Сырқат себепкерлері жөнінде шипагер ауруды тудыратын түпкілікті себеп -құрт дейді: «Ауруды көзге көрінетін не көрінбейтін құрттар тудырады, әрбір сырқаттың құрты сырқат түрі бойынша әр түрлі болады! (131 бет), «ал осы құрттар адамның дене қуаты әлсірігенде, шектен тыс шаршап-шалдыққанда, суық өткенде ғана адам денесінен өзіне жайлы орын тауып, өсіп-өніп, сырқатқа шалдықтырады» деп қараған (81 бет). Ол ауру миктобтарының адамның қарсылық қуаты әлсіреген кезде ғана ауруға шалдықтыратынын білумен қатар, адам денесінің микробты тежеп әрі жойып отыратындығын да анық білген.

Өкпе туберкулезін «құрт ауруы» деп атаған халқымыздың санасында микроб – құрт жайлы ертеден-ақ таным болған сияқты. Шипагер барлық аурулар жұқпалы болады деп қарайды. Ол, іштен кемтар болып туылатындардан басқа барлық сыр-

қат түрінің жұқпалы болатынын айтып, сырқат адамның ыдысын, сау адамдар ауыстырып пайдаланбау жөнінде, ханға ұсыныс беріп, жарлық түсірткізеді.

Алайда, «сынықтан басқаның барлығы жұғады» деп түйіндеген халқымыздың санасындааурудың жұқпалылығы жөнінде де ертеден қалыптасқан айқын ұғым барын тағы да шипагер өзі тілге алады. Ауру таратқыш микробтарын медицинамыз тарихында алдымен байқады делінген адам Францияның атақты бактериология ғалымы Пастер (1822-1895) «елде ел қорғайтын батыры болғаны тақылетті, тұлғалық бітісте бітісті қорғайтын әрбір мүше көлгімінде (көлем) өзін қорғайтын без батырлары бар ма? Мұны бір Алла біледі. Бірақ шығу шыққан соң ондағы қағынулыққа, қабынуға қарсы шығуды жау санап, без батырлары жасақ топтап қарсы шыққандықтан, белең беру шарты без шошу болмақ. Олайы, бір мүшеден шығу шықса, оның ішіндегі ең үлкен безі шошиды. Кішкене бездер шошымайды, шығу без жолын тосса, үлкенді-кішілі барлық без тұтас шошымағы шарт болмақ. Бұл тұлғалық бездің қорғаулық без батырлары делінбегі айқын ұғыным бермек» (108 бет).

Ғалымның без батырларының қабынуға жасақ топтап, қарсы шығып. әрбір мүше көлемін қорғайтындығы жөніндегі болжамы болсын, әлде шешек тектес жұқпалы аурулардың бір шыққан адамына қайта шықпай, сол адамда осы ауруға қарсы қуат пайда болып, екіншілей сол аурумен ауырмайтындығы жөніндегі қорытындысын осы күнгі ғылым растап отырған ғылыми қорытынды. Медицина тарихында жұқпалы ауруларға адам денесінің кейде берілмейтіндігі неліктен екенін, организмнің жұқпалы ауруларға қалай төтеп беретіндігін алғаш зерттеп, иммунитет туралы ілімнің негізін салушы орыстың көрнекті ғалымы И.Мечников деп білеміз. Ол 1882 жылы ақ қан түйіршіктерінің денедегі микробты жойып, аса маңызды қорғаушы рөл атқаратынын анықтаған.

Шипагер ғалым адам пендесінің әл қуатын жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат, баршылық қуат деп бес түрге саралап «бес қуат» деп атаған.

Жаншылық қуат – ана жатырындағы перзенттік жанданбағы.Жаршылық қуат – күнделікті азықтанудан, қоректен пайда болатын қуат әрі сол адамның ауруға қарсылық қуаты. Ғаршылық қуат – күнделікті пенделік харекетіндегі арпалыста жойылып отыратын қуат. Таршылық қуат – адам пендесінің жасырын қуаты, адам ерекше шошынғанда, қатты кектенгенде пайда болатын қуат. Баршылық қуат - әрбір пенденің өз басының шама шарықтық қуаты.

Ғалым тұтас қуатты тағы да тұрлаулы қуат және тұлғалық қуатқа ажыратады. Тұрлаулы қуат күнделікті несібеден пайда болатын қуат. Ал тұлғалық қуат – дене мүшелерінің жаратылыстық қабілетінен, қуатынан құралады. Тұлғалық арқау мүшелік қуат үштасымымен, тоғалығын, қалыптылығын сақтайды деп пайымдайды.

Автор:
Жібек Базарбайқызы