Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛА 1 ЖАСҚА ТОЛҒАНҒА ДЕЙІН АНАСЫНЫҢ ЖҰМЫСҚА ШЫҒУЫНА ШЕКТЕУ ҚОЮ КЕРЕК ПЕ? ИӘ


23 сентября 2011, 07:45 | 1 974 просмотра



– Мен нақ осы сауал турасында көптен бері ой қозғап жүргендердің бірімін. Өз басым, «баласы 1 жасқа тол-ғанша анасы сәбиіне күтім жасап үйде отыруы керек» деп есептеймін. Бұл туралы көптеген ортада пікірімді ашық айтып жүрмін... Мәселен, дүниеге келген бала үшін басты қоректі зат – бұл анасының сүті. Мен өзім бес жас-қа толғанша ана сүтін еміп, арда өскен баламын. Бұдан жаман болған жоқпын. Сенсеңіз, осы уақытқа дейін бірде-бір қатты ауырып көрген емеспін. Ананың сүтінен асқан балаға қорек жоқ. Әрбір ана баланы жарық дүниеге әкелді екен, бала кем дегенде екі жыл ана сүтімен қоректенуі керек.

Алты айға дейін бала тек ана сүтін азық етуі тиіс. Бұл – ғылыми дәлелденген нәрсе. Ал қазіргі жас аналар біздің бұл пәлсапамызға пысқырып та қарамайды. Баласын қырқынан шығара сала, мансап қуып, жұмысқа шығып кететін аналарды да көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Арнайы бала күтіміне қатысты ақылы демалысқа шықты екен, міндетті түрде баласын бір жас-қа толтырсын. Міне, ондай «жұмысбасты» аналарға осыны түсіндіру керек. Егер түсінбесе, Үкімет тарапынан бұған қатысты арнайы шектеу қою қажет. Жалпы, біздің елдегі заң бойынша қандайда бір декреттік демалысқа шыққан ана баласы 1 жасқа толмай жатып жұмысына қайта оралатын болса, оған бала күтіміне қатысты төленетін жәрдемақы төлене береді. Сонда ол ана айлық жалақысын бір алады, бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны тағы алады. Міне, осындай қаражат «көз қызықтырған» соң, қайсыбір жас босанған аналар тезірек жұмысқа шығуды жөн санайды. Бұл үрдіс күні ертең ұлттың денсаулығына кері ықпал ететіні даусыз. Сондықтан мұндай әрекеттерге шектеу қойылғаны жөн. Біле-білгенге, біздің мемлекетіміз үшін нақ қазір туылған баланың саны емес, сапасы басты қажеттілік. Өзіңіз ойлаңызшы, біз қазір «демографиялық дүмпу орнатамыз» деп жатырмыз. Осындай сәтте саннан гөрі сапаға басымдық беріп, фәни есігін ашқан әр баланың денсаулығы мықты болса, ұлттың дамуы тежелмейді, үлтымыз одан әрі тамырлана береді. Міне, осыны дұрыс насихаттай білсек, бұл мәселе оң шешімін табады. Сондықтан кез келген анаға сәбидің күтіміне асқан жауапкершілікпен қарауы керектігін жүрегімен сезінуі керек. Ал құзырлы тарап ол ананың әлеу-меттік жағдайына қам жасауы керек. Бесік тербетіп отырған ана «балам бағусыз-қағусыз қалатын болды» деп алаңдайтын болса ол – Үкіметке сын. Демек, Үкімет ана-мен балаға беріліп отырған жәрдемақы көлемін бұдан да жоғары көлемде ұлғайтып, бала 1 жас-қа толғанша анасының жұмысқа шығуына үзілді-кесілді шектеу қоюы керек.